• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қаңтар, 2023

Тыңға түрен салған еңбек

416 рет
көрсетілді

Кеңес одағы басшылығының ұйғарымымен «Капустин Яр» әскери полигонына айналған Батыс Қазақстан облысының Орда ауданы 1952 жылы таратылады. «Ел аман, жұрт тынышта жер аударып, Зарлады-ау, Құм Нарынның жас баласы» деп ақын Қайрат Жұмағалиевтің анасы Жаңылғаным Өкенқызы жырлағандай, аудан халқы ата-баба қонысын, мал-мүлкін еріксіз тастап, республикалық ішкі депортацияға ұшырайды. Сөйтіп, Оңтүстік Қазақстан облысының мақта өсіретін Ильичев ­ауданына Орда ауданының «Интернационал», Калинин, Каганович атындағы және көрші Жаңақала ауданының Ленин атындағы, «Сары өзен» – барлығы 5 ұжымшардан депортацияланған 724 адам­ның аянышты тағдыры, әсіресе жұқпалы іш-сүзегіне ұшыраған балалар өлімі бүгінге дейін ашық айтылмай келген еді.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан универ­ситетінің қауымдастырылған профессоры Бақтылы Боранбаеваның «Капустин Яр әскери полигоны: Қазақ депортациясы» атты зерттеу еңбегінде, бұл мәселе облыстық архив қорында сақталған  құнды  құжаттар, естеліктер және туған жерден еріксіз  көшкен  халықтың  жан күйзелісінен туған  өлең-жырлар арқылы  ғылыми негізде  сарапталады.

Тарихшы-ғалым Бақтылы Боранбаеваның осыдан бірнеше жыл бұрын Екінші дүниежүзі­лік соғысқа қатысқан батысқазақстандық қыз-келін­шектер туралы кітабын оқыған едім. БАҚ беттеріндегі мақалаларынан да азды-көпті хабарым бар. Ізденгіштігін, ғылыми нәтиже алуға ұмтылысын байқағанмын. Осы ойым қазақ депортациясы жайында кітабы қолыма тиген соң біржолата  бекемделді.

Кітапқа академик М.Қойгелдиев, профессорлар М.Сдықов, С.Смағұлова, М.Каримов пікір жазған екен. Кітапты баспаға ұсынған М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті еліміздегі беделді оқу орнының бірі. Міне, осындай сүзгіден өткен еңбектің сапалы болуы заңдылық.

Мазмұндық-композициялық тұрғыдан жұмыс үш құрамдас бөліктен тұрады. Біріншісін Б.Боран­баеваның зерттеулері құрайды. Мұнда Орда ауданының сынақ айлағына қалай айналғаны, қазақ депортациясының географиялық ауқымы мен ұлттық қасіреті риясыз тебіреніспен ашылған.

Екінші  бөлікте туған жерден еріксіз көшкен қазақтардың тағдырын суреттеген естеліктер топтастырылыпты. 1952 жылдың жазында жүзеге асқан бұл науқанды қазақтың соңғы көштерінің бірі десек қателесе қоймаспыз. Аталған зерттеуде еліміздің батысынан оңтүстігіне тартқан көш жылап-сықтаумен діттеген жеріне жеткені мол деректік негізде дәйектеледі.

Кітаптың басым бөлігін архив құжаттары құрай­ды. Ордада сынақ айлағын құруға кеңестік билік қаншалықты мән бергенін құжаттарға Сталин, Молотов, Маленков, Тайбеков, басқа да қол қойға­ны­­нан байқауға болады. Түптеп келгенде, Б. Боран­баеваның «Капустин Яр» әскери полигоны: Қазақ депор­тациясы кітабы» – тыңға түрен салған зерттеу. Ол ұлттық тарихымызды ақтаңдақтардан арылтуға, тарихи ақиқат пен әділдікті қалпына келтіруге қызмет етіп тұр. 

 

Ханкелді Әбжанов,

ҰҒА  академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор