• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қаңтар, 2023

Жастар индексінің мақсаты қандай?

451 рет
көрсетілді

Елімізде жастар индексі әзірленіп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникация­лар қызметі алаңында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров хабарлады. Жиынтық жастардың білімі, жеке қабілеті, қоғамдық-саяси көзқарасы, тұрмыстық жағдайына талдау жүргізеді. Нәтижесінде, жастар саясатын ұлттық және өңірлік деңгейде бағалауға мүмкіндік туады.

Бүгінде ведомство «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы не­гізінде заңға тәуелді актілер әзірлеп жатыр. Құжат аясында Жастар ресурстық орта­лықтары қызметкерлерінің мәрте­бесін ұлғайту мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар еңбек жасақтарын құру, ұйымдастыру, қамтамасыз ету және олар­дың қызметіне мониторинг жүргізу көзделген.

– 2021 жылы 15 қаңтарда Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы жастарға байланыс­ты ұсыныстарды нақтылады. Заң жобасын жан-жақты талқылау мақсатында көптеген басқосу ұйымдастырылды. Оған халықаралық мамандар мен сарапшылар жұмылдырылды. Жалпы, құжат мемлекеттік жастар саясаты с­а­ласын жетілдіруге, қоғамдық қаты­нас­тарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыруға, жұмыс­пен қамтуды қамтамасыз етуге, жас­тардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Заңда жастар­дың даму индексі; жастардың әлеумет­тік қызметтері; жастармен жұмыс жөнін­дегі маман; жастардың еңбек жасақ­тары ұғымдарын заңнамалық бекіту ұсынылды, – деді Данияр Қадыров.

Заңның бір тармағы ретінде таныс­ты­рылған жастар индексін қарапайым тілмен түсіндірсек, бұл 14 пен 35 жас ара­лығындағы азаматтардың қаншалықты спортпен айналысатыны, кәсіби біліктілігін шыңдау үшін тренингтерге қаншалықты қатысатыны, қоғамдық белсенділігі бойынша нақты мәліметтерге қол жеткізу тәсілдерін біріздендірудің таптырмас құралы. Бір жағынан жиынтық – мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға жол ашады. Демек осы санаттағы қазақ­стан­дықтарға қай өңірде қандай қолдау көрсету керек екенін анықтайды.

– Біздің әзірлеп жатқанымыз – БҰҰ-ның жастарды дамытудың жаһандық индексінің отандық нұсқасы. Индексті енгізу еліміздің халықаралық ұстанымына оң әсер етеді, – деді Д.Қадыров.

Бұған қоса құжат шеңберінде  жастар саясатының негізгі бағыттарына қосымша екі тетік енгізілген. Олар – цифрлық сауат­ты арттыру және волонтерлік қозға­лысты дамыту.

Жиында вице-министр саланың әлеуметтік желілердегі ақпараттарды қада­ғалау мақсатында қандай жұмыстар жүргі­зілетінін атап өтті. Егер әлеуметтік желіде мемлекеттің тұтастығына, Консти­туцияға қайшы, ұлтаралық және дін­аралық араздық туындататын жазба болса және ол құқық қорғау органдары тарапынан дәлелденсе, бұғатталатынын жеткізді.

– Министрлік аталған мәселелерді заң шеңберінде қадағалап отыр. Қазір «Масс-медиа туралы» заң жобасы қоғамның ашық талқылауынан өтіп жатыр. Оның ішінде әлеуметтік желілер жұмысы да бар. Жаңа заң жобасы 27 қаңтарға дейін ашық талқыда болады. Сондықтан ұсыныстар болса, қарауға әзірміз, – деді вице-министр.

«Жалпы заң жобасы жастардың дамуы үшін қо­лайлы жағдайлар жасауға бағыттал­ған. Осы ретте жастар санатына кіре­тін­дер саны ұлғаюына байланысты жеңіл­дікпен жалға берілетін тұрғын үй бағдар­ламасына да өзгерістер енгізу қарас­тырылып жатыр», дейді Данияр Қадыров. Айта кетейік, елімізде бұрын жастар саны 3,7 миллион болса, қазір меженің өзгеруіне байланысты 14-тен 35 жасқа дейінгі азаматтар 5,8 миллионға жетті.