• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экономика 26 Қаңтар, 2023

Бақылауды күшейтетін құжат

158 рет
көрсетілді

Биыл 10 ақпаннан бастап астық пен дәнді дақылдардың жекелеген түрлерін импорттау және экспорттау кезінде тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды (ТІЖ) міндетті түрде ресімдеу туралы Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрінің 2022 жылғы 22 қарашадағы №1178 бұйрығы шықты. Бұл құжат – Мемлекет басшысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмасын орындаудың бір шарасы.

Естеріңізде болса, өткен жылы ақпан айында Қ.Тоқаев кеңесте сөйлеген сөзінде «Салық және кеден саласындағы жемқорлықты жою қажет. Мұнда жем­қорлық жасауға мүмкіндік беретін күрделі әрі күмәнді ресімдер бар екені жасы­рын емес. Тіпті мемлекеттік меке­менің бір мәселе бойынша өз қалауымен түрлі шешім қабылдауына жол берілген» деген еді. Осы тапсырманы орындаудың орайы жақында келді. Бұл туралы Сол­түстік Қазақстан облыстық Мем­лекеттік кірістер департаментінің басшысы Дамир Нұрғалиев баяндады.

Алдымен осы ТІЖ дегеннің өзі не екеніне тоқталайық. Ол «тауарларға ілес­пе жүкқұжаттар» деген сөздің қысқарған атауы. Бұрын оны ішкі айналымда ресми тілде ТТН, яғни «товарно-транспортная накладная» деп атайтын. ТІЖ алғаш рет Салық кодексінде 2020 жылдан бас­тап пайда болды. Қарапайым тілмен айтқанда ол белгілі бір жағдайларда тауарлардың нақты түрлеріне ресім­делетін электрон­дық құжат. Ол тауар­ларды ел ішінде сату, тиеу, өткізу кезінде ғана емес импорттау кезінде және Қазақстан шекарасынан сыртқа шығарып, экспорттау кезінде де қолданылады. Тауарлардың жүріп-тұруының бәрінде осы ТІЖ құжаты ілесе жүреді. ТІЖ тауарлардың қозғалысын бақылауға, оларды салықтық және кедендік басқаруға қызмет етеді.

Бұған дейін салықтық әкімшілендіру үдерістерін автоматтандыру және цифр­ландыру шеңберінде 2020 жылдың соңында ЕАЭО елдерінен тауарларды әкелу және әкету кезінде ТІЖ ен­гізу жөнінде Қаржы министрінің бұйры­ғымен 2020 жылдың 16 қарашасында қанатқақты жоба іске қосылған. Жоба­ның мақсаты – кейбір тауар категория­ларының қозғалысын бақылау.

Бұл шара өзінің тиімділігін көрсетті. Мәселен, ЕАЭО елдерінен жалған алушылардың атына тауарлар әкелу 2019 жылғы 10,2 мың фактіден 2021 жылы 259-ға дейін қысқарған. Мұның өзі сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге ықпалды шара болды. Сондай-ақ осы шараның арқасында импорттық тауарлардан түсетін қосымша құн салығы 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 35 пайызға немесе 236 млрд теңгеге артқан. Президент Қ.Тоқаев өзінің сөзінде: «Еркін экономикалық аймақта сатылатын өнімге қосымша құн салығы салынбайды. Бірақ жемқорлар тауарды қағаз жүзінде ғана көрсетіп, жеңілдікті салықтан жалтару үшін пайдаланып жүр. Түйткілді шешу – Қаржы министрлігінің тікелей міндеті», деген еді. Мына шара сол міндетті орындаудың да алғышарты екені сөзсіз.

Енді, 2023 жылдың 10 ақпанынан бастап барлық астық пен дәнді дақылдардың түрлерін импорттау және экспорттау кезінде ТІЖ-ді міндетті рәсімдеу енгізіледі. Олардың ішінде қатты бидай, жұмсақ бидай және меслин (бидай мен қара бидай қоспасы), себуге арналған бұршақ, арпа, зығыр тұқымдары, қара бидай немесе арпадан жасалған ірі ұнтақталған жарма мен ұн және басқа да 56 позиция қамтылған.

Басқа тауарлық позициялар бойын­ша ТІЖ-ді міндетті ресімдеу 2023 жылғы 1 сәуірден бастап күшіне енеді. Айта кетерлігі, ЕАЭО елдерімен өзара саудадағы экспорттық-импорттық операциялар бойынша ТІЖ-ді міндетті ресімдеу мерзімін келісу көзделмеген.

Қысқаша айтатын болсақ, 1 сәуірден бастап ТІЖ толтыруға биоотын, этил спирті және алкоголь өнімдері, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлері енеді. ТІЖ-ді міндетті ресімдеу күшіне енген кезде бұл құжатты ұсынбағаны және мәліметтердің нақты тасымалданатын жүкке сәйкес келмегені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өту қажет. Мұндайда салынатын айыппұл көлемі 5-тен 30 айлық есептік көрсеткішке дейін барады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы