Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2021 жылғы 25 ақпандағы V отырысында сөйлеген сөзінде Конституцияда тыйым салынған қос азаматтық деректері кейінгі кезде көбейіп кеткендігін алаңдаушылықпен айтып, бұл теріс құбылысты тыюды, ал оған жол берген мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларын қызметтерінен босатуды тапсырды.
Шынтуайтында, қос азаматтыққа жалғыз біздің елде ғана емес, дүние жүзінің көптеген мемлекетінде тыйым салынған. Олардың арасында көршілес Қытай және Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур сынды «Азия жолбарыстары», Еуропаның Германия, Аустрия, Испания, Нидерланд, Норвегия сынды дамыған елдері, сондай-ақ Ислам әлемінің Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Кувейт сынды бай мемлекеттері бар. Ал Израильде тек ұлты еврей азаматтар ғана қос елдің азаматы бола алады. Қос азаматтық рұқсат етілген бірқатар елде қос паспортпен жүрген азаматтардың құқықтары біршама шектелген. Мәселен, Ресей Федерациясында қос азаматтығы бар адамдар мемлекеттік және әскери қызметтерге алынбайды, сондай-ақ депутаттыққа да сайланбайды.
Президентіміздің ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін қос азаматтыққа байланысты алаңдаушылығы бекер емес екенін құқық бұзушылық статистикасы айғақтап отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ішкі істер органдары 2020 жылы қыркүйек айында жүргізген шұғыл тексеріс барысында 15 451 отандасымыздың қос азаматтыққа ие екені әшкереленді. Оның ішінде 6 мемлекеттік қызметші, 1 квазимемлекеттік кәсіпорын басшысы және бюджеттік ұйымдардың 4 қызметкері бар.
Олардың бәрі «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға және Еңбек кодексіне сәйкес қызметтерінен босатылды. Тексеріс жұмыстары келесі 2021 жылы одан әрі жалғастырылып, нәтижесінде екі елдің паспорттарын иемденіп жүрген тағы 17 255 адам, оның ішінде 7 мемлекеттік қызметші, 2 квазимемлекеттік кәсіпорынның басшысы, бюджеттік ұйымдардың 4 қызметкері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылды.
Адамдарды қос азаматтық несімен қызықтырады? Көші-қон заңнамасын бұзушылық деректерін тергеп-тексеріп жүрген мамандардың айтуына қарағанда, адамдардың бір тобы қос паспортты екі елдің мемлекеттік шекарасынан кедергісіз өтіп, екі елде де емін-еркін жүріп-тұру үшін пайдаланса, енді бір тобы екі елдегі әлеуметтік жеңілдіктерді бірдей пайдалану, екі мемлекеттен де зейнетақы алу сияқты алаяқтық пиғылын іске асыру үшін алады екен. Бұдан бөлек, алда-жалда жасап жүрген қылмысы ашылып, басына іс түсе қалса, заң алдында жауап беруден қашып, ұшаққа мініп табанын жалтыратуға ыңғайлы «запас аэродромы» болуы үшін қос азаматтық алуға ұмтылатын арамза ойлы адамдар да баршылық екен.
Мәселен, 2020 жылы Қазақстан мен Ресейде тұратын 1,5 мыңға жуық зейнеткер қос азаматтық арқылы біздің елдің республикалық бюджетінен жалпы сомасы 6,3 млрд теңге зейнетақыны заңсыз алғаны әшкереленді. Бұл еліміздің «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ы мен Ресей Федерациясының Зейнетақы қорының арасында 2019 жылғы 15 наурызда жасалған электрондық ақпарат алмасу туралы келісім бойынша салыстырып тексеру жүргізу арқылы мүмкін болды. Қазіргі Абай облысының Көкпекті ауданында тұратын Ресей азаматы тіпті 8 жыл бойы біздің елден зейнетақы алып келген. Осы алаяқтық әрекеті анықталған соң ол Қазақстан азаматтығынан шығарылып, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Мұндай қос азаматтығы бар зейнеткерлердің қазынадан артық алған қаржысының сомасы 8 млн теңгеге дейін жеткен. Олардың мемлекетке келтірген зияны сот арқылы өндіріліп алынады.
Айта кетейік, Қазақстан азаматы шет мемлекеттің азаматтығын алғандығын көші-қон қызметіне 30 күн ішінде хабарламаған жағдайда ол «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңның 21-бабына сәйкес Қазақстан азаматтығын бірден жоғалтады. Мұндай бұзушылық үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 496-бабына сәйкес 100-ден 300 айлық есептік көрсеткішке дейін (биылғы жылы 345 мың теңгеден 1 млн 35 мың теңгеге дейін) айыппұл салынады немесе әкімшілік жолмен елден шығарылады. Ондай адамдар Қазақстан азаматтығын 5 жыл бойы қайтарып ала алмайды.
Ал азаматтық туралы заңнаманы бұзушылардың басым көпшілігі – Ресей Федерациясының азаматтығын алған бұрынғы отандастарымыз болып отыр. Дегенмен, алыс шетелдердің паспортын қоса ұстап жүрген отандастарымыз да ұшырасады. Мысалы, көші-қон қызметі былтыр күзде Қазақстан азаматтығымен қатар, Италия Республикасының азаматтығын алған әйел Қостанай қаласында 2017 жылдан бері тұрып жатқандығын әшкереледі. Ол Қостанай қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының шешімімен ел аумағынан шығарылды.
Өткен жылдан бастап еліміздің құзыретті органдары үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріндегі қос азаматтық деректерін анықтау жұмысы жеңілдей түсті. Себебі 2022 жылғы 1 сәуірде Президент Қ.Тоқаев Парламент мақұлдаған «Дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заңға қол қойды. Аталған келісім уәкілетті органдардың сұрау салуы бойынша ТМД-ға мүше елдер азаматтарының азаматтығы, жеке басын куәландыратын құжаты, визасы, жылжымайтын мүлкі бар-жоғын, қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылған-тартылмағандығын және тұрып жатқан жерін білуге мүмкіндік береді.
Әрине, осындай мемлекетаралық келісім алдағы уақытта өзге елдермен де жасалса, құба-құп. Айталық, түбіміз бір Түркияда қос азаматтыққа рұқсат берілген. Бауырлас елден пәтер немесе үй сатып алып, тұруға ықтиярхат берілгеннен кейін бес жыл өткен соң Түркия азаматтығын алуға болады. Ал егер сатып алған тұрғынжайдың бағасы 400 мың доллардан кем болмаса, онда Түркия паспорты жарты жыл ішінде беріледі. Осындай мүмкіндікті пайдаланған отандастарымыздың нақты саны қанша екені әзірге белгісіз.
Тіпті қос азаматтыққа тыйым салған Біріккен Араб Әмірліктері де 2021 жылдан бастап қалтасы қалың адамдарды кеуделерінен итермей, осы елге мол инвестиция салып, ерекше еңбек сіңірген адамдарға өз азаматтығын бере бастапты. БАӘ паспортына ие болған алғашқы шетелдіктердің ішінде жетекші инженер-химик, Әбу-Даби қаласындағы Халифа университетінің профессоры Хасан Арафат пен Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуров бар. Бейресми деректерге қарағанда, Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында, әсіресе былтырғы қаңтар оқиғасынан кейін Әмірліктерден тұрғынжай сатып алған қазақстандық байлар аз емес көрінеді. Алайда олардың қаншасы БАЭ азаматтығын алып, қос азаматтықпен жүргенін әзірге бір Алла біледі...