Шалқар ауданының Құрметті азаматы Ерлан Алдашев – І топтағы мүгедек болса да, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер. Ол аудандағы мекемелерге газ, өртке қарсы дабыл беру қондырғыларын, электр жабдықтарын, бейнебақылау камераларын қондырады. Сондай-ақ кейіпкеріміз «Шалқар саясы» мүгедектерді қолдау орталығын ашып, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып жүр әрі инватакси қызметін көрсетеді. Осылайша, бірнеше кәсіптің басын құрап, жеті адамға жұмыс тауып беріп отыр.
Шалқар көлінің шығыс беткейінде оқшау орналасқан екіқабатты үйдің көше жақ бетіндегі ғимараттың бір жағында оңалту орталығы, екінші бөлігінде шеберхана орналасқан. Ерлан Алдашев – жүздеген тағдырласының жағдайын оңалту үшін тыным таппай жүрген азамат.
Қазіргі кезде 45 976 тұрғыны бар Шалқар ауданында 892 ересек мүгедек, 300-ге жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар. Дәрігерлер жыл сайын ерекше қажеттілігі бар балалардың көбейіп келе жатқанына алаңдайды. Ортамен араласа алмайтын мүгедек бала көбінесе тұйық не мазасыз болып келеді. Күндіз-түні науқас баланың жанынан шыға алмайтын анасы да күйгелектікке ұшырайды. Сол себепті де ерекше балаларға арналған орталықтар қоғамға керек-ақ. Алыс аудандарда тұратын кемтар балалар тіпті назардан тыс қалып келеді. Ал облыс орталығынан шалғай жатқан Шалқарда арнайы орталық ашылғанда мүгедек балалардың ата-аналары ерекше қуанды. Үш жылдан бері осы жерде 15 бала 10 күндік оңалтудан өтеді. Оларға дефектолог, логопед, музыка маманы сабақ өткізіп, сурет салу мен жапсырма өнер сабақтары оқытылады. Бұл жерде мүгедек балаға массаж жасайтын маман да бар.
«Аудан дәрігерлері уақтылы ерекше қажеттілігі бар он бес балаға жолдама береді. Орталықта он күн болады. Дегенмен уақтылы келмей жататын балалар да бар. Мұнда сал ауруына шалдыққан, аутизм дерті, даун синдромы бар балалар келеді. Кей балалар ашушаң, ата-анасының күнделікті апарып-әкелуіне көнбей жатады. Өйткені олар туғаннан бастап үйден шықпауға үйренген. Сондықтан жолдамамен балалар күнделікті келеді деп айту қиын. Соған қарамастан, бұл жерде балаларға өте қызық. Соның нәтижесі болар, жақында «Шалқар саясына» тұрақты келетін 17 жастағы аутизм дертіне шалдыққан баланың анасы хабарласып, алғысын жеткізді. Жеткіншектің көңіл-күйі жақсарғанын, бұрынғыдай оқшауланбайтынын айтып қуанды. Тіпті демалыс күндері де бала осы жерге келгісі келеді екен. Мүгедек баланы бағу оңай емес. Бала осы жерде болғанда анасының қолы босайды. Арнайы көлігіміз баланы үйден алып келіп, дәріс біткен соң қайта апарып салады. Ендігі жоспарым – сал ауруына шалдыққан балаларды ипотерапиямен емдеуге қол жеткізу. Бірақ ипотерапияға кең жай, серуендейтін және жылқыны күтіп-бағатын орын керек. Ойымда жүрген шаруа – осы. Атқа міну сал ауруына шалдыққан баланың жағдайын әжептәуір жақсартатынын, баланың өмірге деген құлшынысын арттыратынын естіп жүрмін», дейді Ерлан.
25 жасында оқыс жағдайда қос аяғынан айрылған Ерлан осылайша отыз жыл ішінде үлкен жетістікке еңбегімен жетті. «Мен осы күнге дейін екі аяғым жоқ деп уайымдап, өмірден торыққан жоқпын. Бәлкім жанымда жолдастарым, отбасым, жақындарым болған соң ба екен? Еңбек етемін дейтін адамға қазіргі заманда мүмкіндік мол ғой», дейді сәл ойланып.
Жастай қосылып, өмірдің ыстық-суығынан қол ұстасып өтіп келе жатқан Ерлан мен Алтынайдың Сырым, Нұрым, Нұрсәт есімді балалары бар. Екі ұлы үйленіп, олардан немере сүйіп отыр. Сырым әкесінің жанында жөндеу жұмыстарымен айналысса, Нұрым №3 Шалқар белгі беру және байланыс дистанциясында аға механик болып жұмыс істейді. Үлкен екеуі жоғары білім алған мамандар болса, кенжесі Нұрсәт сегізінші сыныпта оқиды.
Ерлан Алдашев 1993 жылы жазда Шалқардан Бершүгір стансасына бара жатып оқыс жағдайға ұшырайды. Мұның алдында ғана жүру кестесі өзгеріп кеткенін білмеген жас жігіт Бершүгірге тоқтамай өтіп бара жатқан пойыздан секіріп, екі аяғынан айрылады. Есін Ембінің ауруханасында жиып, одан облыс орталығында бірнеше ай жатып, ауылға оралған. Сол жылы күзде үйленуге сөз байласып жүрген Алтынайдың әке-шешесіне құдалар барды. Жастардың шешіміне үлкендер қарсы болған жоқ.
«1993 жылдың күзінде шаңырақ көтеріп, әке-шешем Шалқардағы бір дәлізде үш пәтері бар ескі үйден баспана сатып алып берді. Арбада отырып, есіктің алдына шығып, шемішкі сатамын. Күніне 5-6 стакан шемішкі өтсе, қатты қуанатын едім. Әке-шешем үйден сүт тасиды. Тұңғышымыз дүниеге келгенде, күнде-күнде сүт, айран тасып жүріп, ақыры баланы арқалап алып кетті. Содан тұңғышымыз әке-шешемнің жанында қалды. Қиын уақыт. Шалқарда дені сау адамға жұмыс табылмай жатқанда, мүгедекке қандай жұмыс? Бір күні жапсарлас көршім Равиль бұзылып жатқан теледидарын жөндеп беруімді өтінді. Мұның алдында екі шебер ештеңе шығара алмай кеткен екен. Мектепте физиканы жақсы оқыдым, оқушы кезімде Шалқардағы «Жас техник» үйірмесіне қатысқаным бар, күйіп кеткен жерін тауып жөндеп бердім. Содан үйіме істен шыққан бұйымдарын жөндеп бер деген өтінішпен жұрт келе бастады. Ескі кітаптар таптым, сызбаны қараймын. 2000 жылға дейін теледидар, тоңазытқыштың бөлшектерін Ақтөбеден, Түркістаннан алдырттым. Қажетті құралы табылса, кез келген бұйымды іске асыруға болады ғой. Кейде бөлшек табылмай қалады, болса да тапсырыспен қымбатқа түсетін жағдайлар да кездесетін. Қазіргі кезде жөндеп жатқан бұйымның қажетті бөлшектерін Алматыдан, Қытайдан, Ресейден алдыртамын. Плазмалық, сұйық кристалды, лед-экранды теледидарды да жөндеймін. Қажетті ақпараттарды интернеттен табамын, өз тәжірибеме сүйенемін. Кондиционер, дабыл қондырғыларын, бейнебақылау камераларын орнататын көмекшілерім бар. Балаларым жоғары білімді, теміржолда жұмыс істейді. Бәріміз екі жыл бұрын салып кірген осы үйде тұрамыз. Екінші балам ес білгеннен қасымда жүріп теледидар жөндеуді үйреніп, он екі жасынан бастап менің көмекшім болды. Кейде бұзылған теледидарды жөндеуге бірнеше күн кетеді. Құралы табылмаса, бір жеті отырасың. Не болмаса тапсырыс берген бөлшектің келгенін күтесің. Менің байқауымша, қазір кей жандар басын қатырмай, тез әрі жеңіл жолмен ақша табуды қалайды. Бір күнде мынадай ақша табу керек деп жоспарлайды. Ауылдық жерлерде де басын ауыртпай ақша табу сәнге айналды. Бір істі меңгеру, мамандану, берген уәдені орындау, адамдардың алғысын алып, пайда келтіру деген құндылықтар жойылып барады. Бұл – түбінде еңбек ету мәдениетінен айыратын өте қауіпті құбылыс. Осылай кете берсек, мал бағатын, шөп шабатын, бұзылған техниканы жөндейтін адам таппай қаламыз.
2000 жылы жеке үй сатып алдым. Шарбағынан шеберхана ашқым келіп, ескі сарайды бұзып, кеңейтуге кірістім. Еденіне жылу жүргіздім. Жұмыс кезінде екі аяғымдағы протезді шешіп тастаймын. Шеберхана ашсам, өзім сияқты бір-екі мүгедекке жұмыс берсем деген мақсатым бар еді. Өйткені мүгедек жігіттің төрт қабырғаға қамалып отыруы өте қиын. Ол бір іспен шұғылданбаса, өзін қоғамға қажетсіз сезінеді. Алайда сатып алған үйім қаланың қақ ортасында болғандықтан, шеберхана есігін шығаруға болмайды деп рұқсат бермеді», дейді қиын күндерді есіне түсірген кәсіпкер.
Арманы Шалқар қаласының шет жағынан шеберханасы бар үлкен үй тұрғызу еді. 2005 жылы Шалқар көліне жақын аумақтан жер алып, іс бастайды. «Даму» қорынан алған 2 млн теңге несиеге ғимараттың қабырғасын тұрғызып, төбесін жабады. 2017 жылы 4 млн теңге несие алып, құрылысты аяқтайды. Сол жылдың желтоқсанында «Шалқар саясы» қоғамдық бірлестігі ашылды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мүгедек балаларды әлеуметтендіру орталығын ашып, инватакси қызметіне де назарын бұрады.
Аудан орталығына да мүгедектерді таситын арнаулы көлік керек екен. Қазіргі кезде Ерланның мүгедектерді таситын жалғыз көлігінің қызметін Шалқарда 100 адам пайдаланады. Күнделікті 25 адамды тасиды. Ең бірінші кезекте балаларды емханаға жеткізеді, мүгедек ересектерді жұмысқа апарып, алып келеді. Жалғыз көлік бәріне үлгереді. Инватакси жүргізушісі де – мүгедек жігіт.
Бұл жерде Ерланның алдынан шыққан тағы бір кедергі – мүгедек жандардың көлікке мініп-түсуі үшін арнайы көтергіштің табылмауы. Елімізде мұндай жабдық шығарылмайды. Көтергіштерді Ақтөбеде көлік жөндейтін орталықтар жасап береді. Бірақ бағасы өте қымбат – 3,5 млн теңге. Сұрастыра келе Ресейдің Орынбор, Ор қалаларында арнаулы көтергіштерді 1,5 млн теңгеге жасап, қондырып беретінін білді. Алайда оны жеткізу құны тағы да 2 млн теңгеге қымбаттайды. Елімізде мүгедектердің көлікке мініп-түсуі үшін көтергіштер шығару өте қажет. Шалқар қаласында маршрутты автобус жоқ, мүгедек баланы күнделікті емханаға тасуға ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Ал жалғыз инвотакси қайда жетеді? Қосымша көліктерге тек компаниялардың демеушілігімен ғана қол жеткізуге болады. Қазіргі кезде Шалқар ауданында Бершүгір ауылдық округінде Мұғалжар тауынан қиыршық тас өндіріп жатқан 14 серіктестік бар. Соның ішіндегі ең ірісі «Тау» зауытының бастықтарына кіріп, Ерлан мүгедектер үшін көлік алып беру туралы өтініш айтқанымен, онысы орындалмай жүр. Шалқар ауданында жұмыс істеп жатқан компанияның әлеуметтік жобаға міндеттемесі болса да, тасты бұзып, тау қопаратын зауыттың қарапайым тұрғындарға пайдасы тиіп жатқан жоқ.
Ел ішінде елеусіз қалған мүгедек жандардың жоғын жоқтап жүрген Ерлан – осындай үлгілі жан. Адал еңбегімен құрметке бөленіп, жан-жағына шуақ шашып жүрген азаматқа елдің алғысы шексіз.
Ақтөбе облысы,
Шалқар ауданы