Әлеуметтік желіде полиция қызметкеріне пара беру әрекеті бейнеленген видео тарап жүр. Оқиға Астана қаласында орын алған, деп хабарлайды Egemen.kz.
ІІМ-нің ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Сейфуллин көшесіндегі патрульдік полиция полкі қызметінің инспекторы Toyota Estima автокөлігін тоқтатты. Анықталғандай, көліктің мемлекеттік нөмірі көрінбей қалған (ҚР ӘҚБтК 590-бабының 1-бөлігі).
«30 жастағы жүргізуші патрульдік машинаның ішінде отырған кезде жауапкершіліктен құтылуға тырысып, алдыңғы орындықтардың арасына 10 мың теңге салған. Полиция қызметкері ақшадан бас тартып, сыбайлас жемқорлық қылмысы туралы өзінің басшылығына хабарлаған», делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.