Ұлт зиялыларының мерейтойы жоспар үшін жасалған сансыз іс-шара һәм соңы дауға қалған ескерткіштермен шектелмесе керек-ті. Көрнекті тұлғалардың мерейлі жылы қоғамның әдебиеті мен мәдениетіне, руханиятына игілігі тиер бастама болуға тиіс. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», деп кесіп айтты.
Былтыр ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын атап өттік. ЮНЕСКО көлемінде тойланған Алаштың рухани көсемінің мерейтойы ел ішіндегі алқалы жиындар мен ғылыми-практикалық конференцияларға ұласты. Сондай алқалы отырыстардың бірінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин тау-тұлғаның туған жері – Қостанай облысында инфрақұрылымдық және мәдени-рухани жобалар жүзеге асырылуға тиіс екенін, ол жөнінде облыс әкімдігімен келісім жасалғанын атап өткен еді. Бұл жоспардың да нәтижесі алдағы уақыттың еншісінде. Әлқисса.
Мерейтой аясында бастау алған ауқымды еңбектің бірі – Ақаңның шығармаларының текстологиялық саралаудан өткен, ғылыми түсініктермен жарақталған бестомдық академиялық толық жинағы болатын. Игі жобаны Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолға алған еді. Жалпы, аталған институт қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері шығармаларының академиялық толық жинағының сериялық басылымын әзірлеп басып шығаруды және олардың электронды кітапханасын қалыптастыруды жүйелі жүзеге асырып келеді. Сериялық басылымның алғашқы топтамасы ретінде Абай (2020), Жамбыл (2021) шығармаларының үш томдық академиялық толық жинақтары оқырман қолына тиді. Аталған басылымдар Институт сайтындағы электронды кітапханаға жинақталған.
Ұлт ұстазының ұзақ жылдар бойы еліміздің және Ресейдің арнайы жабық қорларында сақталып келген мол мұрасын жарыққа шығарып, ұрпақ қажетіне жаратуға Кеңес үкіметі ыдырап, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана кең жол ашылғаны мәлім. Десек те дара тұлғаның шығармашылығы ақталғаннан бергі уақытта жасалған шаруалардан гөрі, жұмыла атқаруға тиісті істердің қарасы әлі де алдымызда асу бермей тұр. Соның ішінде кезек күттірмейтін, кейінге қалдыра беруге болмайтын аса қастерлі шаруа – ұлт қайраткерінің қаламынан туған бар мұрасын түгендеу, жинақтау, жүйелеу, тұтас құбылыс ретінде ұрпаққа аманат ету. Бұл міндетті жүзеге асырудағы әлемдік өркениетте қалыптасқан өнегелі үрдіс – классик қаламгер шығармаларының академиялық толық жинағын қалыптастыру.
А.Байтұрсынұлы қазақ, орыс тілдеріне жетік, жазба әдебиет өкілі болса да қуғын-сүргіннің салдарынан ғалым шығармаларының қолжазбасы осы күнге жеткен жоқ. Кейінгі кезде зерттеушілердің тынымсыз ізденістерінің нәтижесінде, автордың өз қолымен жазған кейбір жазбалары там-тұмдап табылып жатыр. Бұл – әлі де ұзақ ізденісті қажет ететін тауқыметті шаруа екені анық. Есесіне, ұлт көшбасшысының шығармалары өткен ғасыр басындағы мерзімді басылымдарда да, кітап болып та молынан жарияланған. Бірақ бұлардың ішінде бізге тозып, жыртылып жеткендері, кейбір басылым нұсқаларының әлі күнге табылмай отырғаны да жоқ емес.
Сол сияқты жазудағы әркелкілік, баспахана ісіндегі бірізділіктің болмауын да атап айтқан жөн. Қазақ жазуының негізін қалаған ғалым жазу емлесіндегі кейбір мәселелерді оқтын-оқтын жетілдіріп, өзгеріс енгізіп отырған. Өз шығармалары қайта басылған сайын әр басылымды мұқият қарап, өзгерістер енгізіп, жетілдіріп, баспаханадан кеткен олқылықтарды да түзетумен болған. Бұл басылымдардың барлығының төте (араб) жазуда болуы да – бүгінгі мамандарға қосымша салмақ. Жинақты құрастыру барысында Институттың ғалым-мамандары осындай күрделі сынақтарға тап болған.
Академиялық жинақты дайындауда Ақаңның көзі тірісінде жарияланған басылымдары түпнұсқа мәтін ретінде негізге алынды. Ғалымның ХХ ғасырдың басында араб әріпінде жарық көрген кітаптары, баспасөз материалдары, мұрағат құжаттары мен тәуелсіздік кезеңінде әлденеше мәрте басылып шыққан жинақтарындағы шығармалары өзара жолма-жол салыстырылып, жүйелі текстологиялық саралаудан өткізілген. Аталған жарияланымдарда әрқилы себептермен өзгертілген, алынып тасталған мәтіндік айырмашылықтар толықтай дерлік қалпына келтірілді. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлының осы уақытқа дейінгі жинақтарына енбеген ішінара оқу құралдары мен мақалалары, кейбір мұрағат құжаттары тыңнан қосылды. Демек ғалымның мұрасын мәтінтану тұрғысынан саралап, салыстырып, ғылыми түсініктер беруде іргелі, тиянақты жұмыстар жасалды деп айтуға толық негіз бар. Жинақтың тағы бір ерекшелігі, барлық шығарманың факсимиле нұсқасы қоса берілген.
Академиялық басылымның басты жаңалығы ретінде бұрынырақтағы жинақтарда жарық көрмеген «Шаруалық өзгерісі» (көлемі 107 бет), «Жазу мәселесі» (Шәкәрім ақсақалға жауап), «Алаш азаматтарына», «Бес мың десятина жер», «Көңіл айту» (Р.Марсековқа), «Шура-и ислам», «Алаш азаматтарына» (босқын қырғыздарға жәрдем беру туралы), «Дәйекші», «Өрбу», «Қазақ халқына», «Еркін дала», «Тағы да жер жайынан», «Аз уақытта көп білу жолының басы», «Мұсылмандар үшін Петерборда болатын кеңес жиылысы», «Торғай һәм Ырғыз үйезінің халқына», «Азамат серіктігінің жалпы жиылысы», «Заявление т. Ахмета Байтурсунова», сондай-ақ Қызылорда мұрағатынан табылған «А.Байтұрсынұлының арызы» сынды әр тақырыпта жазылған мақалалары, үндеу хаттары, арыз-шағымдарымен қоса, бұған дейін мәтінінің жартысы ғана табылып жарияланған «Жазу мәселесі» (Ғ.Мұса мырзаға жауап), «Қазақша сөз жазушылар диқатына» қатарлы бірнеше мақаласының бас-аяғы түгенделіп, тұңғыш рет ұсынылып отыр.
Одан бөлек А.Байтұрсынұлының аты-жөні көрсетілмеген мақалалардың бұған дейін бірде Ахметке, бірде басқаларға телініп келген екіұдай пікірлердің барын ескере отырып, негізінен, автор ретінде аты анық жазылған мақалалары енгізілді. Ал автор есімі шартты белгілермен қойылған жағдайда, зерттеушілердің сенімді ғылыми дәлелдері негізінде күмәнсіз дәйектелген мәтіндер Ақаңның еңбегі ретінде жинаққа қосылған.
Сондай-ақ ғалымның осы уақытқа дейін ғылыми ортаға мәлім болған шығармалары барынша түгенделіп, мәтінтанулық сараптаулар жасалып, әр шығармаға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар көрсетіліп, ғылыми түсініктер жазылды. Әрбір том шығармаларда кездесетін жер-су атаулары мен есімдер көрсеткіші, сөздіктер, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, орыс және ағылшын тіліндегі түйіндеме сияқты қосымшалармен жасақталды. Жинақтағы еңбектердің түпнұсқасы ретінде бір басылымының (көпшілігі бірнеше рет басылған) факсимилесі қоса берілген.
Сонымен академиялық еңбектің бірінші томына қаламгердің «Қырық мысал», «Маса» сияқты алғашқы кітаптары мен ел ішінен жинап бастырған «Ер Сайын» және «23 жоқтау» жинақтары топтастырылды. Ал екінші томға «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласы («Қазақ» газеті, 1913), «Әдебиет танытқыш» (1926), «Оқу құралы» (Орынбор, 1921), «Оқу құралы» (үлкендерге арналған, Семей, 1921), «Сауат ашқыш» (Семей, 1926) және «Әліпби. Жаңа құрал» (Қызылорда, 1928) атты оқулықтары жинақталды. Үшінші томға ғалымның Т.Шонанұлымен бірге жазған 412 беттік «Оқу құралы» еңбегі енгізілсе, төртінші томда 1927 жылғы «Тіл-құрал» атты тіл танытқыш еңбектің дыбыс және сөз жүйесіне арналған екі бөлімі алғаш рет ұсынылып отыр. Бұған дейінгі басылымдарда тек сөйлем жүйесіне арналған үшінші бөлімі ғана жарияланып келген. Жинаққа 1921 жылғы «Баяншы» және «Тіл-жұмсар» еңбегінің ІІ бөлімі кирилл әрпінде бірінші рет енгізілді. Бесінші томға ғалымның алуан тақырыптағы мақалалары, баяндамалары, үндеулері, ашық хаттары, мұрағат құжаттары және фотосуреттері топтастырылды. Мәселен, 1895 жылы «Тургайская газетада» басылған «Киргизские приметы и пословицы» атты тұңғыш мақаласынан бастап, «Айқап» (1911–1914), «Шора» (1913), «Жаңа мектеп» (1925–1928) журналдарында және «Тургайская газета» (1896), «Қазақ» (1913–1917), «Ақжол» (1923–1925), «Южный Урал» (1917), «Известия Киргизского края» (1920), «Жизнь национальностей» (1919, 1923), «Қазақ тілі» (1923), «Еңбекші қазақ» (1925, 1927, 1928, 1929) газеттерінде, мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген тоқсаннан аса мақаласы енді.
Айта кетейік, бестомдық академиялық басылым өткен жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруымен іске асқан еді. Ауқымды еңбекті К.Матыжанов, А.Ісмақова, Т.Қыдыр, Ж.Рақыш, Ж.Орынай, А.Ақан, Н.Сәрсек, Н.Елесбай, К.Мұстафаева, Ә.Ахмет сынды ғалымдар баспаға дайындаған. Бір жыл уақыт жұмсалған жинақтың электронды нұсқасы былтыр дайын болып, институт сайтына салынды. Енді, міне, күні кеше ғана кітап болып баспадан басылып шықты. Институт директоры Кенжехан Матыжановтың айтуынша, тираж мәселесі толық шешілмеуіне байланысты жинақ әзірге 50 данамен жарияланып отыр. Бүгінгі таңда таралым санын көбейтуге қаржылай көмек сұрап, бірнеше облыс әкімдеріне арнайы хат жолданыпты. Мерейтой аясында жоспарға еніп, қолға алынған жұмыстардың нәтижесі халыққа дер кезінде жетсе дейміз. Маңызды мұраның басылып шығып, өңір-өңірдегі әр кітапхананың сөресінде, оқимын деген әр оқырманның қолында тұруына мүмкіндік жасай алмасақ, Ақаңның бүгінгі тағылымы қандай болмақ?