Қазақстанның ұлттық Олимпиада комитеті өкілдері Францияда 2024 жылғы Париж Олимпия ойындарының ұйымдастыру комитетінің штаб-пәтерінде болып, Тони Эстангемен және ұйымдастыру комитетінің өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді.
Жиын барысында тараптар келесі жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында Францияның бас шаһары – Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпия ойындарына Қазақстан спортшыларының қатысуын талқылады. Күн тәртібінде ұйымдастырушылық сәттер, оның ішінде Қазақстан делегацияларын және спортшыларды орналастыру, оларды көлікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ спортшылардың жаттығу жиындарын өткізетін орындарын нақтылау және тағы басқа мәселелер сөз болды.
«Париждегі Олимпия ойындары бұған дейінгі додаларға қарағанда ерекше жағдайда өтпек. Сондықтан келесі жылы бізді өте қызықты Олимпиада күтіп тұр деп нық сеніммен айта аламын. Оның ішінде Сена өзенінің жағалауындағы жарыстың ресми ашылу салтанаты да қызық оқиғаларға толы болмақ. Париждегі төртжылдықтың басты додасы Токио мен Бейжіңде өткен жазғы және қысқы Олимпиадалар кезінде бәріміз тап болған қиындықтарға қарамастан, бірқатар жаңашылдық енгізіп отыр. Ойындарды жоғары деңгейде ұйымдастыруға бар күш-жігерін салып жатқан 1 200-ден аса адамнан тұратын команданың үйлесімді жұмысы үшін бүкіл Ұйымдастыру комитетіне алғысымды білдіремін», деді Қазақстан ҰОК Бас хатшысы Андрей Крюков.
Сондай-ақ Париж Олимпиадасының ұйымдастыру комитетінің басшысы Тони Эстанге Қазақстан ҰОК-ның Ұйымдастыру комитетімен өзара іс-қимылын жоғары бағалап, ынтымақтастық үшін алғысын білдірді.
Айта кетейік, 2024 жылғы жазғы Олимпиада және Паралимпиаданың ұйымдастыру комитеті (Paris 2024) – Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК), Ұлттық Олимпиада және спорт комитеті қол қойған Төртжылдықтың басты додасын ұйымдастырушы қала туралы шартқа сәйкес 2024 жылғы Париждегі Олимпиада және Паралимпиаданы жоспарлауға, ұйымдастыруға, қаржыландыруға және өткізуге жауапты ресми орган саналады.
Сондай-ақ Халықаралық Олимпиада комитеті өзінің ресми сайтында 2024 жылы Кореяның Канвондо қаласында жалауы желбірейтін жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиадаға арналған үздік медаль дизайны байқауының басталғанын жариялады.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі шығармашылық ақыл-ой иелері мен креатив шеберлеріне Олимпиада тарихының бір бөлігіне айналуға зор мүмкіндік туып тұр. Өйткені әр төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын Жасөспірімдер олимпиадасы медалінің үздік дизайнына арналған байқау қайта басталды.
Ұйымдастырушылар байқауға қатысуға дизайнерлік тәжірибесінің деңгейіне және жас шектеуіне қарамастан, әлемнің түкпір-түкпіріндегі кез келген авторға өз туындысын ұсынуға мүмкіндік беріп отыр. Олар жұмыстарын 2023 жылдың 8 наурызына дейін конкурстың арнайы веб-сайты арқылы жібере алды. Ал жеңімпаз дизайн наурыз айының соңында таңдалады.
Халықаралық Олимпиада комитетіне мүше жас репортерлер, 2024 жылғы Ойындардың өкілдері, ХОК-тің жас көшбасшылары және Олимпиадалық суретшілер бағдарламасының қатысушыларынан тұратын қазылар алқасы үздік үш дизайнды дауыс беру арқылы таңдап алады.
Ең үздік деп танылған жұмыстың иесіне ұйымдастырушылар тарапынан 2024 жылғы Жасөспірімдер олимпиадасын тамашалау үшін екі адамға Кореяға билет (баруы мен қайтуына), жарыстың ашылу салтанаты мен спорттық іс-шараларына қатысуға мүмкіндік беріледі. Ал екінші және үшінші орын алған жұмыстарға арнайы сыйлықтар тапсырылады.
Айта кетейік, қысқы Жасөспірімдер олимпиадасы 2024 жылдың 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Кореяда өтеді.