Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада кішкентай күнінде қиын дертке ұшырап, ауыр тағдырды басынан өткерген, соның желісімен жазылған «Бәйшешек» кітабының авторы Жәмила Бақтиярқызымен кездесу болды.
ҚазМУ-дың журналистика факультетін тамамдаған жас қаламгермен бірге кездесуге оның әкесі Бақтияр мен анасы Ғалия да келді.
Әдеби кешті қоғам қайраткері, бірнеше кітаптың авторы, кезінде шаһардың мәдениет саласын басқарған еңбек ардагері Күлия Айдарбекова жүргізді.
«Жәмиламен кездесуді алдын ала жоспарламадық. Сондықтан бүгінгі іс-шараның шынайы өтетініне сенімдімін. Қаламгерін күткен қалың оқырманды көріп, көңілім марқайып қалды. Оқырманның жүрегін жаулаған нағыз қалам иесі екенін содан сезіндім. Жәмиланың басынан өткен қилы тағдырын баяндайтын бұл кітап мені бірден баурады. Жата-жастана оқыдым. Осылайша, қаламгер қыздың қарым-қабілетін мойындадым.
Қазіргі қоғамда көп әке балалары ауыр дертпен ауырып қалса, анасынан көріп, отбасын тастап кетіп жатады. Сондай кезде бүкіл қиындық ананың иығына түседі. Осындай ауыртпалықты қайыспай көтеріп жүрген батыр аналарымыз бүгінгі қоғамда қаншама. Ал Бақтияр керісінше, әрдайым қызының қасынан табылды. Жанына жебеу болды. Қызын дертті жеңіп шығуға жігерлендірді. Алла Тағала ешкімді баламен сынамасын, әке-шешенің көзінің қарасы мен ағындай балапандары аман болсын», деді ақжарма тілегін арнаған К.Айдарбекова.
Әдеби кеште тақырыпқа орай кітапхананың көркемөнерпаздар ұжымы ұсынған сахналық қойылым көрсетіліп, ән-жырдан шашу шашылды.
Содан соң «Бәйшешек» кітабының мәтінін аудионұсқада оқыған дикторлар тебірене сөз сөйлеп, жүректің түкпірін қозғаған кітап мазмұны туралы, оқу барысында босаған көңілден көз жастарын тыя алмай, талай рет жылап алғандарын айтты. Ал өзбек қаламгері Закиржан Моминжанов кітапты өзбекшеге тәржімалап, оны аудиожазбада оқыған диктор қалалық өзбек драма театрының әртісі Дильфуза Ибрагимжанова келешекте театр ұжымы «Бәйшешек» кітабының желісінде арнайы спектакль қоюды жоспарлап жатқанын, жас жазушының өлеңдеріне ән шығару ойда бар екенін жеткізді.
Шығармашылық кездесу кешінде кітап авторы Жәмила Бақтиярқызы сөз алып, осынау іс-шараны ұйымдастырған кітапхана ұжымына, барша жиналған жұртқа алғысын білдірді.
«Менің асыл да аяулы оқырмандарым, тілекшілерім. Сіздермен қауышқаныма өте қуаныштымын. Әдебиет әлеміне қадам басқан кішкентай «Бәйшешегімді» көкке көтеріп жатқан кітапхана қызметкерлеріне алғысым шексіз. Астанада әкем екеуміз Шымкенттегі біз төрінде отырған кітапхананың менің шығармамды аудиокітап етіп әзірлегенін естігенде, сенер-сенбесімізді білмей қатты қуанғанымыз есімде. Шыны керек, бұл кітапты жазуды бастағанда көңілде көп күмән болды. Жалпы, бұл жазғаным ертең өз оқырманын таба ма деген. Көп уайымдадым. Бірақ жүректен шыққан дүние жүрекке жетер деген сеніммен соңына дейін жазып бітірдім. Сезімім алдамаған екен. Қаламымнан туған шығармам орыс, өзбек тілдеріне аударылып, оқырмандар жүрегінен орын алып келеді. Өз басым арнайы кітапханаға келген оқырмандарды нағыз қаһарман санаймын. Әлемге шуақ нұрын шашып жүрген жандар нағыз сіздерсіздер. Күнделік ретінде тағдырымның желісінде жазылған кітапты ҚазМУ-да оқып жүргенде осыдан 3-4 жыл бұрын бастағанмын. Алайда пандемия кезінде қаламымды қаңтара тұруға тура келді. Кейін қаламымды қайта қолға алып, жазуға кірістім. Мен әлі жаспын, өмірді көріп үлгерген адам емеспін. Алайда тағдырдың сынағы жас-кәріге қарамайды. Сондықтан тек сенім мен ерік-жігер ауыр сынақты жеңіп шығуға көмектеседі. Бұл кітап алдағы уақытта әлі талай оқырманның жүрегіне жол тауып, әлемді шарлайтынына сенімдімін. Алла Тағала мына өмірдегі бәріміздің сынағымызды жеңілдетсін, ең бастысы қандай тауқыметке тап келсек те, Құдайдан үмітімізді үзбейік. Шын ықыласпен сенген адам басына қандай сынақ төнсе де түбінде оны жеңіп шығады. Сол үшін ең әуелі сенім арқылы ішкі рухымызды бекітіп алуымыз керек. Кітаптың негізгі баяндайтын мазмұны осыған келіп саяды», деді автор.
Жас қаламгер Жәмила Бақтиярқызының алғашқы туындысы 2021 жылы жарық көрген. Кітаптың «Бәйшешек» аталуының да өзіндік сыры бар. Бәріміз білетіндей, бәйшешек көктемнің келгенінен алғаш хабар беретін, қара топырақты, ақ қарды бірінші болып жарып шығатын адал да өжет гүл. Кітап авторының да тағдыры осы бәйшешекке ұқсас. Жаратушыға деген адалдығы, күрескерлік мінез бен өжеттігі арқылы басқа салған ауыр сынақтан аман өтіп, он жыл айқасқан ауыр дертінен құлан-таза айығып, әке-шешесінің, туыстарының жүзіне қуаныш шуағын сыйлай білді. Ал тағдыр сынағымен күресуге жетелеген бұла күш бұл сенім болды.
«Бұл кітап қиындықты асқан сабырмен өткізген жап-жас жанның жүрек лүпілінен келген имани хабар. «Бәйшешек» –тағдыр туралы жазылған кітап» деп баға беріпті белгілі жазушы Әшірбек Көпіш кітаптың алғы сөзінде.
Шымкенттегі оқырмандармен кездесулерден бөлек, әдеби шығармашылық кеш талантты жас қаламгердің туған жері Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Көксәйек ауылында да ұйымдастырылды.
ШЫМКЕНТ