«Егеменнің» елдегі қосынына Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданының бір топ тұрғыны хабарласып, арыз-армандарын айтты. Жұртты журналистерден көмек сұрауға жетелеген мәселе өте өткір екен. Өйткені аймақта мал ұрлығы өршіп, төрт түлікке арқа сүйеген ауылдағы ағайын ұры-қарыға жем болып жүр. Ал бұл жағдайдың алдын алуға жергілікті билік те, құқық қорғау органдары да қауқар таныта алмай отырған көрінеді.
Әлқисса, Ұйғыр ауданы облыс орталығынан 250 шақырымнан астам қашықта жатыр. Бұл жақта 14 ауылдық округ бар. Елдің дені егін егіп, мал бағып күнелтеді. Маңдайы терлеген адамның еңбегі өтелетіндей мүмкіндік жеткілікті. Әсіресе төрт түліктің төлі көбейіп, қорға құт болып кіретін-ақ өңір. Өкінішке қарай, осы аймақ тұрғындарының оңға бастаған қадамына мал басына қырғидай тиген ұры-қары оралғы болып отырғаны қынжылтады. Ауыл тұрғындарын тыңдайық.
–Мен былтырдан бері қарай 1 бас бұзаулы сиыр, 1 бас бұқа, 8 бас жылқы, 1 бас айғыр ұрлаттым. Басқа уақ малды есепке алмай-ақ қойдым. Бұл оңай емес, ақ адал малымызды аузымыздан жырып ұры алып кеткені жанымызға батады. Ең өкініштісі, ұрылар ұсталады, бірақ оларды шығарып жіберіп жатыр. Оларға ешқандай жаза қолданып жатқан жоқ. Біздің Қазақстанда ұрыны жазалайтын заң бар ма? Біз мал бағамыз ба, жоқ өстіп ұрыларды іздеп жүреміз бе? – дейді Сүмбе ауылының тұрғыны Алмас есімді қандасымыз.
Ауыл тұрғындарының есебі бойынша Сүмбе ауылының өзінен ғана бір жыл ішінде жетпіске жуық мал қолды болған. Жақында аймақта малы жоғалған тұрғындар жиналып, аудандық соттың ғимараты алдына жиналған.
– Барлығымыздың тірлігіміз – мал шаруашылығы. Биыл үш сиырымды сойып тұрып ұрлап әкетті. Топ-тобымен айдап әкетіп жатыр. Әр үйден 7-8 малдан, тіпті 15 ірі қараға дейін жоғалтқандар бар. Ұрылардың жолын кесейік деп жиналып, бас көтеруге мәжбүр болдық. Оларға тиісті жазасын қолдансын, – дейді Ұйғыр ауданының тұрғыны Әсенжан Мырзақожа.
Бұл жерде аудандық полицияның іздестіру жұмысы мен тергеу ісіне қатысты жұртшылықтың қояр кінәсі жоқ. Оны ауыл адамдарының өздері де айтты. «Мен Қырғызсай ауылында тұрамын. Үйдің жанындағы қорада жемдеп отырған малдың ішінен таңдап, төрт бұқаны ұрлап кетті. Обалы нешік, ұрыларды полиция тауып, қамауға алған. Бірақ ұзамай бостандыққа шықты. Өйткені аудандық сот шешімімен, кешірім беріліп үйге шығарып жіберген», дейді ашынған тұрғынның бірі.
Өкінішке қарай, кейінгі кездегі есеп бойынша аудандағы жоғалған ірі қара саны 500 басқа жеткен көрінеді. Мұның барлығын ұрылар қолды қылған. Жалпы, мұндай қылмыстық істі ашуға қатысты әділетсіздік те болып отыр. Мал ұрлығынан басталған даудың соңы адам өліміне де ұласып, ушыққан. Тұрғындар 31 жастағы Ә.Тілахметов деген азаматтың өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болғанын айтады. «2022 жылдың ақпан-наурыз айлардың бірінде ініме жала жауып, полиция «бір сиыр ұрладым» дегізіп қол қойдыртып алған. Содан сабылтып аудан орталығы Шонжыға шақыртып отырған. Осы биыл 29 қаңтарда інімді өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізді. Інім суицид жасайтын күні біреу қайта-қайта хабарласып мазасын алған. Қазір бұл істен әділдік таппай жүрміз», дейді марқұмның әпкесі Балауса Тілахметова.
– Мал ұрлығы бойынша қылмысты ашу жұмысы жүргізіліп жатыр. Қаңтардың 25 күні ұрлық жасаған үш адамды ұстадық. Үшеуі де мал ұрлағандарын мойындады. Олар бір тұрғынның 13 бас ірі қарасы, екі тұрғынның екі ірі қарасын ұрлаған. Біз 48 сағатқа ғана қамай аламыз. Екі ай қамауда ұстау туралы сотқа өтініш жібердік. Біздің бұл өтінішімізді аудандық прокуратура да қолдады. Бірақ сот біздің өтінішімізді қанағаттандырмады. Үш күнге ғана үй қамақ ретінде шешім шығарды. Егер сот солай шешім шығармағанда біз әлі талай тергеу жұмыстарын жүргізер едік. Ал өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болған жігітке қатысты нақты дәлел жоқ, қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық кодекстің «Өз-өзіне қол жұмсау» бабымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, – дейді мәселеге орай түсінік берген Ұйғыр аудандық полиция бөлімі басшысының тергеу жөніндегі орынбасары Тұражан Махамед.
Алайда аудандағы мал ұрлығына қатысты жағдай әлі де шиеленіскен қалпында қалып отыр. Бұл жерде біз бір ғана іс бойынша шығарылған шешімнің кесірінен мал ұрлаған адамдардың жеңіл жазамен құтылғанына тоқталып отырмыз. Ал ізі суып ашылмаған, ұсталса да жазаланбаған қылмыскер қаншама?! Жоғарыдағы іске қатысты түсінік берген Алматы облыстық сотының өкілі былай дейді:
– Жәбірленуші өзіне келтірген шығынды толық өтеп берілгенше үй қамақ түріндегі бұлтартпай шарасын қолдануды сұрады. Г., К. және Т. есімді күдіктілер өздеріне тағылған айыппен келісетіндерін және өкінетіндерін айтып кешірім сұрады. Күдіктілердің тұрақты жұмысы бар, тұрғылықты жерлері бар, жәбірленушіге келтірген зиянды толық өтеп берген. Тергеуге кедергі келтірмейтінін және бұрын қылмыстық әрекет жасамағандарын айтып, үй қамақ түріндегі жаза қолдануды сұрады. Сот қаулысымен Ұйғыр аудандық полициясының екі айға қамауда ұстау туралы өтініші қанағаттандырылмады, – делінген облыстық соттың баспасөз қызметі берген хабарламада.
Жалпы, бұған дейін Қылмыстық кодекске 188-1, яғни «Мал ұрлығы» деген арнайы бап енгізілген болатын. Бұл бап бойынша қылмыстық жауаптылық пен жазаны белгілейтін жаңа талапқа сәйкес, «мал ұрлығы адамдар тобы емес, бір адам мал қораға немесе басқа да қоймаларға кірместен жәбірленушіге айтарлықтай залал келтірмей жасаған жағдайда сотталушының ауырлығы орташа қылмыс ретінде қаралып, мүлкі тәркіленуге тиіс» деген жаза тағайындалған еді. Шешімде 3 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығын айыру жазасы қарастырылған. Ал мал ұрлығын адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаса немесе ірі мөлшерде жасалған мал ұрлығы ауыр қылмыс деп танылады. Ол үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ мал ұрлығы бірнеше рет жасалса, сондай-ақ тұрғын үйдің мал қорасына, қашаға немесе өзге де қоймаларға кіру арқылы жасалған жағдайда да ол ауыр қылмыс деп танылады. Ол үшін бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Бұдан бөлек, мал ұрлығын ұйымдасқан қылмыстық топ жасаса немесе аса ірі мөлшерде жасалса, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді деген заң талабы бар.
Алайда Ұйғыр ауданындағы мал ұрлығына қатысты болған жағдай аймақтардағы заң талабының сақталмайтындығын, оның ішінде Қылмыстық кодекстің 188-1 бабы, яғни «Мал ұрлығы» арнайы бабының аяқ асты болып отырғанын көрсетеді...
Алматы облысы