• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Пікір 12 Ақпан, 2023

Халық қалауы

407 рет
көрсетілді

Еліміздің тарихына қайта-қайта үңіліп, бүгінгі оқиғаларды өткен кезеңмен салыстырып отыру керек сынды кейде. Өткеннен сабақ алу үшін. Болашаққа дұрыс бағдар ұстау мақсатында. Қысыл­таяң сәтте, кеңеске зәру болған тұста. Елі­нің тағдырына, ертеңіне алаңдаған ерлер­дің сөзі қашанда өз мәнін жоғалтпақ емес.

Атақты Бауыржан Момышұлының тағы­лымды ойына қайыра үңіліп отыр­ғанымыз да сондықтан. «Мемлекетке илеу­дегі құмырсқадай бір-бірінен аумай қалған адамдар керек. Сонда оларды басқару оңай болады. Айтқанға көнеді, айдаған жаққа жүреді. Егер біреу басқаша ойлап, өзінше бұра тартса, анау бұталар құсатып, басын қырқып тастайды...». Ащы шындық. Бауыржан Момышұлы осы ащы шындықты кешегі тоталитарлық жүйе салтанат құрған кеңес өкіметінің тұсында айтқан болатын. Ол кезде айту түгілі, осылай ойлаудың өзі қорқынышты ғой. Ащы шындықты ердің ері ғана айта алады. Содан бері кемі жарты ғасыр өткен шығар... Құдайға шүкір, одан беріде Қазақ елі тәуелсіздік алды, шекарасын шегендеді, төрткүл дүниемен қарым-қатынас орнатып, ішкі-сыртқы саясатын өз бетінше айқындауға кірісті. Әйтсе де, мемлекеттің кадр мәселесіне қатысты ұстанымы кеңестік кезеңдегіден онша өзгере қойған жоқ-ты. Алдағыны Алла біледі, ал кейінгі жиырма жылдың бедеріндегі «айтқанға көнбей, айдағанға жүрмеген» ерлердің қазасы – осының айғағы.

Сол кездегі биліктің ыңғайына көнбеген ердің бірі – Алтынбек Сәрсенбайұлы. Елін дамыған мемлекеттердің қатарынан көруді мақсат тұтқан семсер жүзді қайраткер авторитарлық жүйенің ақыры дағдарысқа бір-ақ апаратынын ашық айтқан-ды: «Ұлт­ты ұлт ететін не? Оның тәуелсіз мемлекеті. Нақтырақ айтсақ, мемлекет жүргізетін саясат. Егер бодандықтан босаған ұлт мемле­кеттік жүйесін дұрыс құра алса, дамудың үлкен жолына түседі. Теріс жүйеге түссе, ұлт күйзеледі, күйрейді. Ұлт тағдырын мемлекет жүргізіп отырған саясаттан еш бөліп қарастыруға болмайды».

Билік тарапынан жүргізілген бұрыс саясаттың соңы былтыр қаңтар қасіретіне апарып соқтырғанын көз көрді, халық күйзеліске ұшырады. Ендігі жерде қаңтар қасіреті бүгінгі билікке де сабақ болады деген ойдамыз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы халықтың қалауына сай сенім үдесінен шығады деген күйдеміз әзірге.

Сенім үдесі демекші, билікке деген сенімнің тағы бір сыналар сәті – сайлау. Алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарға сайлау мемлекеттік биліктің ұлт тағдырына қатысты ұстанымын айқындайды. «Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді. Алдағы сайлауды Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезең­нің бастауы деуге болады. Қоғам­ның түрлі өкілінің мүддесін партиялар арқылы қорғау мүмкіндігі артады. Мұның бәрі саяси жүйенің орнықты және тиімді болуын қамтамасыз етеді», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әділетті қоғам құруға ықыласты билік сайлауды демократиялық құндылықтарға сәйкес өткізу арқылы азаматтардың өз еркін білдіруіне мүмкіндік жасауға тиіс. Сай­лау­шылар өздерінің көңілінен шыққан үміткерлеріне таңдау жасау негізінде елдің жан-жақты дамуына да дауыс береді.

Осы тұста саясаткер Алтынбек Сәрсенбай­ұлының тағы бір ұтымды ойын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік: «Әділдікке ұмтылу – идеал емес. Бірақ дерексіз. Ізсіз-түзсіз ұғым да емес. Бұл – халықтың өмірлік қалауы. Кез келген халықтың. Соның ішін­де біздің халықтың да. Біздің халық бұл қалаудан, бұл талаптан тысқары болуға тиіс­ті емес. Біздің халқымыз әділетті қоғамда мол­шылықта өмір сүруге толық құқылы. Тарихымен де, тағдырымен де. Бастан кешкен азабымен, сорымен, арман-аңсарымен де».

Елінің дәулетті өмір сүруіне мүдделі билік ешқашан халықтың қалауын аяқасты етпейтіні мәлім. Тарих көшіне ілескелі бері жұртымыз өзінің асқақ мұратын билеушісінің әділ, ерінің батыл болуымен бейнелейді. «Аяз би» ертегісі де – халықтың билік иесіне деген көзқарасынан, арман-аңсарынан туған шығарма. «Халқы қаласа, хан түйесін соятыны», ұлт тарихында орны дара хандар қарашасының тілегіне құлақ түргенімен, халқының қалауын орындауымен есте қалған-ды. Жұртының ықыласына орай қызмет еткен билеушінің де есімі жақсы атымен ұрпақтан ұрпаққа көше береді. Халқының қалауын орындаған билік иесінің есімі тарих төріне таңбаланатыны сөзсіз.

...Алдағы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы да халық қалауына сай өтеді деп ойлаймыз.