Жетісуда да қар барысының ізі бар. Қызыл кітапқа енген қырағы жануарды мамандар қызғыштай қорғайды. Анда-санда көзге түсетін түз тағысының тағдыры – бүгінде адамның қолында. Осы мақсатта «Алтынемел» табиғи саябағының мамандары қар барысы мекендейтін аумақты картаға түсірді.
Саябақ мамандары аңдарға арнайы GPS орнатылған қарғыбау таққан. Жобаны «Алтынемел» табиғи саябағының қызметкерлері мен зоология институтының ғалымдары іске асырды.
Қар барысына қарғыбау таққанның бірі – Нұрлан Молдахметов. 20 жылдық тәжірбиесі бар білікті маман ғалымдармен бірлесе ерекше жобаны жүзеге асырды. Жазыққа түскен аңды ұйықтатқан соң ол теңбілін санап, ат қойып, құжат бойынша жұмысын жүргізген.
«Қар барысының жасын анықтадық. Шамамен ол – 3 жасар. Биіктігі мен аяқтары, құйрығы, тісінің жуандығына дейін есептеп, өлшедік. Содан оның оянатын уақыты болған кезде қайтадан доза салып, инемен «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағының аумағына жібердік. 15 минуттан кейін тұрып, жан-жағына қарап, тауға қарай кетті», дейді «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы жедел топ басшысы Н.Молдахметов.
GPS қарғыбау екі таутан және бір аталық барысқа тағылды. Мамандар құрылғы көмегімен аңдардың күніне қанша шақырым жүретінін есептеген. Әрі миграциясы мен мекен ететін аумағын анықтап, картаға түсірген. Жоба жер бетінен жойылуға шақ қалған жыртқыш жайлы толқыққанды зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.
«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы ғылым бөлімінің басшысы Марғұлан Мұсабековтің айтуынша, үш қар барысы «Алтынемел» ұлттық саябағы аумағынан шықпаған. Қазіргі таңда қыстап жатқаны – Жүзасу шатқалы. Бұл – тауешкілер өретін жер. Қар барысы бір күнде 18-21 шақырымды шарлап шығады. Оның азығы да – осы жолда.
Жетісу облысы