Ұлттық тестілеу орталығы қаңтардағы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысын жариялады. Өткен айда тест тапсырған 123 мың талапкердің арасында тіркелген жоғары балл – 139. Ал орташа көрсеткіш 76 балды құрады.
Бұл жолы жоғары оқу орындарына шартты негізде қабылданғандар, шығармашылықтан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер мен мектепті тәмамдайтын түлектер және ерекше оқу қажеттіліктері бар балалар бақ сынады. Талапкерлердің 95 мыңы (77 пайызы) қазақ тілінде, 28 мыңы (23 пайыз) орыс тілінде, 91 адам ағылшын тілінде тапсырған.
– Тестілеу қорытындысында 102 мыңға жуық талапкер шекті ұпай жинады. Ол қатысушылардың жалпы санының 83 пайызына тең. Талапкерлердің 21 мыңнан астамы (17 пайызы) шекті ұпайды жинай алмады. Дегенмен біз барлық бейнежазбаға 31 желтоқсанға дейін талдау жасаймыз. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактісі анықталса, сертификаттың күші жойылады, – дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Талапкерлердің 19 пайызы математика-физиканы таңдаса, одан кейінгі кезекте биология-химияны қалаған үміткерлер тұр. Олардың үлесі 18 пайызға тең. Сонымен бірге 10 пайыз қатысушы шығармашылықты ұнатса, жаңадан қосылған математика-информатикаға талапкерлердің 10 пайызы тапсырған.
Р.Емелбаев бірыңғай тестілеуге тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттері мен ҰБТ ережелерін бұзу саны біршама азайғанын жеткізді. Тестілеу кезінде ереже бұзған 98 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылған. Тестілеуге тыйым салынған заттарды кіргізбекші болған 62 талапкер сынақты тапсыру мүмкіндігінен айырылыпты.
– Тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы бойынша өткізілді. Оқуға түсушінің тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа, тестіленушінің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдына веб-камера орнатылады. Фронталды веб-камера талапкердің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруін болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл қағидат емтихан тапсыру барысына бақылау жүргізу және тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет. Қаңтардағы бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша бөгде адамдарды кіргізу фактісі анықталған жоқ, – деді ол.
Еске сала кетейік, жоғары оқу орнына түсуге бақ сынайтын биылғы талапкерлер бірыңғай тестілеуді бес рет тапсырады. Яғни қаңтар, наурыз және тамыз айларында ақылы негізде оқу үшін, мамыр-маусым айларында өтетін негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижемен грант конкурсына қатыса алады.
Бірыңғай тестілеудің форматы сол қалпында сақталғанымен, «Қазақстан тарихы» (20 сұрақ) және «Оқу сауаттылығы» (15 сұрақ) пәндерінің тест тапсырмалары санына өзгерістер енгізілді. Мысалы, «Қазақстан тарихы» – 20, «Оқу сауаттылығы» – 15, «Математикалық сауаттылық» – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тест тапсырмасы ұсынылады. Барлығы – 120 тапсырма. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут беріледі. Жауап нұсқаларының да саны кеміген. Мәселен, бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайыпты.
– Саладағы басты жаңалықтардың бірі – биылғы қаңтардан бастап «информатика мұғалімдерін даярлау», «ақпараттық технологиялар», «ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны «математика-информатика» комбинациясы бойынша тапсырады. Тестілеуге дайындықты жақсарту мақсатында біз оқу жылының басында информатика бойынша ҰБТ-да кездесетін терминдер тізімін жарияладық. Тестілеу барысында қазақ тілінде тапсырушылар үшін терминдердің орысша және ағылшынша, орыс тілінде тапсырушыларға қазақша және ағылшынша, ағылшынша тапсырушыларға қазақша және орысша аудармасы ұсынылады. Барлық талапкер үшін тестілеуде компьютер экрандарында калькулятор, Менделеев кестесі және ерігіштік кестесі қолжетімді, – деді Р.Емелбаев.
ҰБТ-ға дайындықты күшейту мақсатында Ұлттық тестілеу орталығы оқу жылының басында тестілеу пәнінің спецификацияларын, тест жоспарын, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихынан» 100 дата, «Информатикадан» терминдер тізімін, «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» пәндерінен шығармалар тізімін өз сайты мен әлеуметтік желілерде жариялады.
Сонымен бірге Ғылым және жоғары білім министрінің тапсырмасымен 2022-2023 оқу жылының басынан бастап Ұлттық тестілеу орталығы отандық жоғары оқу орындарымен бірлесіп мектеп түлектеріне ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазір Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Ұлытау, Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент және Астана қалаларының оқушылары ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қамтылған.