Егемендік алғаннан кейін өткен тарихымызға үңіліп, жаңаша көзқараспен тану басталғанымен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы түрлі пікір айтылады. Алайда бұл көтерілістің астарында тәуелсіздікті аңсаған ұлттың арманы бар. Биыл Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің бас сардары, ұйымдастырушысы Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толады. Осы орайда біз халық батырының немересі Батырлан Рамазанұлы Амангелдиевпен кездесіп, азаттық жолында құрбан болған арғы бабасы Иманнан бастап, атасы Амангелдінің өскен ортасы мен күрескерлік жолы туралы әңгімелестік.Енді кейіпкеріміз туралы айта кетейік. Ол 1939 жылы Алматы қаласында туған. 1957 жылы орта мектепті күміс медальмен бітіріп, Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық университетінің автоматты басқару жүйесі мен элементтері факультетіне түседі. Оны ойдағыдай тәмамдағаннан кейін 1963-1970 жылдары аралығында Қазақ политехникалық институтында ғылыми зерттеу жұмысымен айналысады. 1970-1975 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Математика және механика институтында бас инженер, аға ғылыми қызметкер болды. Одан соң Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында жетекші ғылыми қызметкер, кейін Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті Қаржы-банк менеджменті ғылыми-зерттеу институтында істеді. Техника ғылымдарының кандидаты. Бірқатар ғылыми еңбектің авторы.
– Кеңес дәуіріндегі кейбір деректерде Амангелді Иманов кедей шаруа отбасынан шыққан деп жазылды да, оның Кенесары көтерілісінің айбынды батырларының бірі Иманның немересі екені мүлде айтылмады. Сондықтан батырдың ата-тегі мен өскен ортасына қысқаша тоқталсаңыз.
– Шындығын айтқанда, сол кездегі кеңес идеологтары Амангелді кедей отбасынан шықты деген ұғымды қоғамға таңып тастады. Өйткені таптық көзқарас тұрғысынан солай айту қажет болған секілді. Әйтпесе, батыр әулеті мыңғырған мал айдаған бай да емес, тақыр кедей де болмаған. Тіршілік етуге лайықты дөңгеленген дәулеті болған. Атам 1873 жылы 3 сәуірде Торғай уезі Қайдауыл болысына қарайтын №3 ауылда өмірге келген. Әкесі Үдербай (1829-1879) егіншілікті, аңшылықты кәсіп етіпті. Анасы Қалампыр Қақуқызы (1848-1926) Торғай және Ұлытау өңіріне танымал Бердікей руының ішіндегі Сары ишан әулетінен тараған. Әжеміз медреседе оқыған, көзі ашық, білімді болған. Атам өзі жазған шежіресінде ата-тегін былай өрбітеді. Қара қыпшақ Қобыланды батырдың екінші әйелі Қарлығадан Бұлтың, Торы, Ұзын, Көлденең, Қарабалық есімді бес ұл туады. Ұзыннан Алтыс, одан Бөкей, Бөкейден – Кедел – Мәмбет – Сары – Әлібек – Сатыбалды. Сатыбалдыдан Бегімбет пен Әбдірахман туады. Амангелді – Бегімбеттен тараса, Әбдіғапар – Әбдірахманның ұлы Тілеулі батырдың ұрпағы.
Бегімбеттің 8 ұлы болған, ең үлкені – Қақай. Қақайдан – Дулат, Дулаттан – Иман. Атақты академик Қаныш Сәтбаев 1944 жылы жазған бір мақаласында Иман батырды Кенесарының сенімді серіктерінің бірі болғанын айтады. Иманнан – Бердәлі, Ержан, Балық және Үдербай есімді төрт ұл туады, осы төртеуі де Кенесарының соңына еріп, көптеген шайқаста ерлік көрсеткен. Бердәлі мен Ержан әкесі Иманмен бірге хан Кененің қырғызға жасаған жорығында қаза болса, Балық пен Үдербай ретін тауып, елге аман оралған. Бір жағынан, батыр бала күнінен әкесі мен оның ағасы Балықтан Хан Кене мен атасы Иманның ерліктері туралы айтқан әңгімесін тыңдап, солар секілді ер мінезді болып өсті.
Амангелді – орта бойлы, дене бітімі мығым, қайратты, қайсар адам болған. Көзкөргендердің жазып қалдырған естеліктерінде батырдың мінезі көпшіл, ақкөңіл және тез шешім қабылдайтындығын айтады. Сондай-ақ айтқан сөзінен тайқып көрмеген, ешкімнің алдында иіліп, бүгілмеген. Он бес жасынан аңшылық құрып, мергендігімен аты шыққан. Бұған әкесі Үдербайдың әйгілі аңшы болғандығы да себеп болса керек.
Атамның үш бауыры болған, үлкен ағасы Бектепберген (1870-1921) және екі інісі – Амантай (1876-1931) мен Есентай (1884-1933). Бектепберген ұста болғанымен, ел ісіне де араласқан. Ауыл биі болған. Аңшылық құрып, мергендігімен көзге түскен. Алматыдағы Орталық музейде Бектепберген жасаған мылтық пен ұңғысы сақталған. Сондай заманда мылтық оқпанын жасауды білген ұстаның шеберлігіне таңғаласыз.
– Батырдың өткен ғасыр басында ел ісіне араласып, патша билігі тарапынан біраз қуғын көргені бар. Осы оқиғалар жайында айта кетсеңіз?
– Атам жасынан елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қолынан келгенше қарапайым жұртқа қамқор, қорған болған. Сол үшін де жергілікті жердегі патша билігінің өкілдерімен, ел ішінде солардың сөзін сөйлеген байлармен арасы жиі шиеленісіп қалған. Батырдың жақын інісі Байегіздің жары Рыстының естелігінде: «Біз ол кісінің ешқашан алдынан кесіп өткен емеспіз. Оны біз ғана емес, барлық жұрт жақсы көріп, аяғынан тік тұрып сыйлайтын. Шын мәнінде, өте жақсы адам еді», деп жазған. Амангелді – көзі тірісінде батырлығымен, батылдығымен, ержүрек мінезімен аңызға айналған адам. Ол туралы қаруластарының бірі: «Ол – тумысынан батыр еді. Оның бойында көшбасшылық, талапшылдық, өткірлік секілді қасиеттер мол болатын. Сардарды 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне дейін халық батыр деп танып, мергендігі мен шешендігін мойындаған. Ерік жігері мол, қайратты тұлға еді» деп айтыпты.
Намысты ер көтеріліске дейін бірнеше рет қамауға алынған. Осыған байланысты бір оқиғаны айтайын. 1908 жылы мамыр айында Торғай ауданында үлкен жәрмеңке болып, сонда патша әскерінің солдаттары өзенге шомылуға барған Есім Әуелбаев есімді қарияны соққыға жығады. Соны көзімен көріп тұрған Амангелді бастаған бір топ адам әлгі кісіге жақтасып, солдаттармен төбелесе кетеді. Оның соңы өлімге әкеліп, бір солдат мерт болады. Арты үлкен дауға ұласады. Төбелеске қатысқан деген желеумен қырық адам түрмеге қамалады. Оның оншақтысы кінәсіз деп танылып, ал Амангелді Иманов, Хакімбек Токин және тағы басқаларды он сегіз жылға бас бостандығынан айыру туралы сот бір жылдан кейін үкім шығарады. Сот шешімімен келіспеген ел ағасы Смағұл Токин жоғары жаққа арыз жазып, ақыры материалдық шығын төлеп, олардың бас бостандығынан айыру мерзімін үш жылға дейін қысқартып, босатып алған.
Екінші оқиға. 1915 жылы маусым айында патшаның билігіне арқа сүйеген жергілікті байлардың бірі батырдың туыстарын, яғни Бегімбет руының 50 отбасын суы, нуы жоқ, шөл далаға қоныс аударуға шешім қабылдайды. Оны іске асыру үшін Майдамтал деген жерге 60 киіз үй тігіп, Торғай уезінің ықпалды деген 13 болысын жинайды. Осында туыстарына жаны ашып, қарсылық көрсеткен Амангелді қамауға алынады.
Сондай-ақ бірқатар деректе Амангелдінің барымташы болғаны айтылады. Жалпы, барымташылық мықтылық пен ептілікті қажет етеді. Оған да батырлық керек. Бірақ сол құжаттардың мазмұнын саралағанда сардар барымтаға туыстары үшін ғана емес, ел ішіндегі кедей-кепшік пен жарлы-жақыбайдың ақысын оларға тізесі батқан байлардан алып беру үшін барған деген тұжырымға келеміз. Батыр барымтаны ешқашан жеке мүддесіне пайдаланбаған. Бұл ойымыз америкалық тарихшы Вирджиния Мартиннің XIX ғасырдағы Ресей империясының құрамындағы Орта жүз қазақтарының құқықтық тарихы туралы зерттеулерінің нәтижелерімен сәйкес келеді.
– 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліске 6 болыс арғын, 6 болыс қыпшақ, 1 болыс найман жұрты қатысса да, сарбаздардың саны туралы әртүрлі дерек айтылады...
– Торғай уезіндегі патшаның жазалаушы отряд басшылары көтеріліске 50 мың сарбаз қатысқан деп бағалаған. Өйткені Амангелді бастаған көтерілісшілердің саны алғашында 8 мың, одан кейін 15 мыңға жеткен. Яғни бұл екі сан көтерілістің бастапқы кезеңіне қатысты болса, ал 50 мыңға көтерілістің ең қызған шағында, өңірдің барлық аумағын қамтығанда қол жеткізген болуы мүмкін. Сардар сарбаздарына әскери тәртіп енгізіп, қару-жарақты қолдану мен соғыс тәсілін үйретеді. Соның нәтижесінде көтерілісшілер мұздай қаруланған жазалаушы әскерге бірнеше рет қарсылық көрсетті.
Жалпы, патшаның майданның қара жұмысына қазақ жастарын алу туралы жарлығы ел ішінде үлкен дүмпу туғызды. Оған жалғыз Торғай жұрты ғана емес, басқа өңірдің де тұрғындары қарсы шықты. Алайда бұл көтеріліс Торғай мен Жетісуда кең көлемде болғанымен, ол қазақ даласын жаппай қамтыған жоқ. Басшылық пен ұйымдастыру болмады. Мұндай бытыраңқылық патша өкіметіне көтерілісті басуға жеңіл тиді.
– Бүгінге дейін осы оқиға жан-жақты зерттеліп, тарихи бағасын алды деп ойлайсыз ба?
– Еліміз егемендік алғаннан кейін де Қазақстандағы және соның ішіндегі 1916 жылы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі толық зерттелді дей алмаймын. Тереңдете зерттейтін тұстары жетеді. Әлі күнге дейін ҰҚК мұрағаттарындағы құжаттарға еркін қолжетімділік жоқ.
– Біз Амангелді тұлғасын толық таныдық па?
– Қоғам батыр тұлғасын толық таныды деп айта алмаймын. Амангелдінің өзі жүргізген күнделікті зерттеу соңына дейін жетпеді. Кезінде бұл жұмыстың бір бөлігін дайындауды Ұлттық ғылым академиясы бастаған. Орталық мұрағат пен Президент архивінің қорлары да біраз зерттелді. Алайда Ақтөбе, Омбы, Орск т.б. қалалардағы архивтердің деректері зерттеушісін күтіп жатқаны анық.
– Мұстафа Шоқайдың батырға жазған хаты туралы не айтасыз?
– Мұстафа Шоқайдың мақаласы 1936 жылы жазылып, жарияланды. Ол аса күрделі кез болатын. Алғашқы сөйлемнен-ақ Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің бас сардары Амангелді Имановқа шүйілу басталады. Кім біледі, М.Шоқай газет-журналда айрықша дәріптелген батырды емес, саяси жүйені сынаған шығар. Жалпы, біз тұлғаларды өз заманына сай тарихи тұрғыдан бағалай білуіміз керек.
Мұстафаға алашордашылар мен Амангелді жасағы арасындағы шайқастар туралы деректер ауызша және біржақты жеткен секілді. Өйткені батыр қатыгездікпен жазаланғанға дейін Торғай қаласындағы түрмеде отырған.
Мұстафа Шоқай Амангелді Имановтың төңірегіндегі іс-әрекеттің бәрі – сауатсыз, Торғайдан басқа ешнәрсе көрмеген, өз жерінен басқа елдің адамдарымен араласпаған, большевик – интернационалист, діннің хас жауы секілді қараңғы адамға арналғанын алға тартады. Егер біз М.Шоқайды әділдік күрескері деп санасақ, бар деректі қатар қояйық. Ол өзінің сыни мақалаларын кеңестік газет-журналға сүйеніп отырып жазғаны белгілі. Ендеше халық Амангелді Имановты көтерілістің бас сардары етіп бірауыздан сайлағаны өтірік пе? Бірақ таңдау барысында оған лайықты басқа батырлар да болғанын ұмытпайық.
М.Шоқай мақаласында «большевик» деген сөзге жағымсыз сипат беріп, оны бірыңғай Амангелдінің есімімен байланыстырады. Шындығында, А.Иманов большевиктер партиясына кірмеген. Қазақстан Орталық архиві мен Президент архивінен сардардың большевиктер партиясына мүше болып қабылданғаны туралы бірде-бір ресми құжат табылған жоқ. Әйгілі В.Владимиров Торғай көтерілісшілерінің ішінде РСДРП-ға мүше жалғыз Ә.Жангелдинді атайды. Сондай-ақ Алаш көсемінің бірі Х.Досмұхамедов: «1917 жылға дейін қазақтар арасында бірде-бір нағыз социал-демократ немесе социалистік-революционер болған емес, ал большевиктер туралы айтатын ештеңе жоқ» деп жазған жоқ па?
Енді М.Шоқайдың батырды «әліпті таяқ деп білмеген» деген дәйегіне келейік. Кеңес кезеңіндегі тарихта таптық көзқараспен Амангелді Иманов секілді батырларды «кедейден шыққан сауатсыз» деп көрсетуі сол кездегі идеологтардың танымына байланысты.
Ал жалпы халық аз білетін тарих не дейді?.. Амангелдінің анасы Қалампырдың ағалары Бірмағанбет, Әбдірайым, Құлмағамбет ишандар Бұқарада білім алып, кейін Дулығалы деген жерден мешіт салып, медресе ұстаған, білімді, өз заманының зиялылары болған. Батырдың анасы да осы медреседе оқыған. Атамыз сауатын алдымен ауыл молдасынан ашып, 1881-1885 жылдары осы медреседе білім алған.
Ол кісінің сауаттылығына тағы бір дәлел – өзі жазған шежіре. Бұл қолжазба екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөліміне Бегімбет руының шежіресі енсе, екінші бөлімі «Патша мен қазақтардың тарихы» деп аталады. Атам Ресей патшасының әулетін 1914 жылы Петерборға барған сапарынан бастап зерттеген. Оны патша түп-тұқияны ғана емес, империяның экономикалық мәселелері қызықтырған. Сонымен қатар мұнда еліміздің Ресей патшасы бодандығына өтуі туралы тың деректер кездеседі.
Амангелді Имановтың дінге көзқарасын журналист-зерттеуші Бекен Қайратұлы былайша әдемі жеткізген: «1918 жылдың аяғында Торғайда кеңес өкіметі орнап, Амангелді әскери комиссар болып тағайындалады. Батыр уезге бара жатқан жолда Байғабылдағы Шора Нұржан қарияның үйіне тоқтайды. Сол кезде Нұржанның 16 жастағы баласы Қамза: «Амангелдіні құрақ ұшып қарсы алдық. Ол әкеммен көп сөйлесті. Әсіресе мұсылманның парызы мен мінез-құлық ережесі туралы біраз әңгімеледі. Мен батырды молда деп ойладым деп есіне алған...»
– Амангелді Иманов туралы Ғабит Мүсіреповтің «Батырдың биік тұлғасы», Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда», украин жазушысы Олекс Десняктің «Торғай сұңқары», Бақыт Имановтың «Амангелді», Қоғабай Сәрсекеевтің «Заманақыр» секілді көлемді шығармалары бар. Осында ерен ердің болмысы шынайы суреттелді деп ойлайсыз ба?
– Бірден айтайық, бұлардың бәрі – көркем туындылар. Қанша дегенмен, шығарма мазмұнынан автордың сол кездегі оқиғаға көзқарасы байқалып тұрады. Тарихи шығармаларда нақты деректер әдетте ойдан шығарылған көркем дүниемен араласып кетеді. Сондықтан көркем туындылардағы оқиғалар мен тұлғалар бейнесін тарихи тұрғыдан бағалауда мұқият болған дұрыс. Ақиқатын айтсам, қазіргі көп еңбекте Амангелді Имановтың шынайы тұлғасы емес, аңыз аралас көркем бейнесі жүр. Батырдың нағыз болмысы,тарихи тұлғасы туралы көтеріліс сарбаздарының естеліктерінен оқи аласыздар. Ал көркем бейнесіне келсек, жазушы Бақыт Имановтың «Амангелді» романын оқуға кеңес берер едім. Мәселе – бұл қаламгердің батырға жақын туыс болғанында емес, оның бала күнінен көтеріліске қатысқан сарбаздарды көзімен көріп, әңгімелерін естіп өскенінде. Мен, әрине, басқа ақын-жазушылар еңбегін төмендетпеймін.
– Жаңа атаңыз жазған шежіре кітапшасы туралы айттыңыз. Қазір ол қайда сақталған?
– Ол кісі шамамен алғанда 20 жасынан төте жазумен есеп кітапшасын қаттап отырған. Жоғарыда ол жинақтың екі бөлімнен тұратынын айттым. Көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов батырдың қолжазбасы туралы былай дейді: «Амангелдінің тұлғасына осы уақытқа дейін үстірт баға беріп келе жатқанымыз анық. Ол – өз заманының айтулы тұлғасы болды. Оның мүддесі қашанда халқының өзекті мәселелерімен үндесіп тұрды. Батыр 1916 жылдан да бұрын патша билігіне қарсы болған екен».
Атам есеп кітапшасын қаза болғанша жаңалап отырған. Оның түпнұсқасын сардардың кенже ұлы Шәріп ағам Қазақстан Орталық музейіне тапсырған.
– Батырдың ұлдары да әке даңқына сай болды. Солар туралы да айта кетсеңіз?
– Амангелді Имановтың Рамазан (1911-1941) және Шәріп (1914-2000) есімді екі ұлы болды. Рамазан – менің әкем. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін ауылда алдымен малшы, одан кейін милицияда қызмет істеген. Әкемнің Алматыға келуіне інісі Шәріптің көмегі тиеді. Ол кісі отызыншы жылдардың басында сол кездегі Алматыдағы Қазақ ұлттық атты әскер полкіне қызметке шақырылады. Алматыға келгесін ағасын қалаға алдыртады. Бірақ әкем сол жылы жоғары оқу орнына түсе алмай, әскер қатарына алынды. Әскерден оралғаннан кейін Қазақ университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Дәл соғыстың алдында Қазақстан комсомолы орталық комитетінің мүшелігіне қабылданады. Соғыс басталысымен өз еркімен майданға аттанып, Мәскеу түбінде ерлікпен қаза тапты.
Әкем соғысқа дейін атам туралы «Батырдың балалық шағы» атты повесть жазды. Кейін 70-жылдары әкемнің осы шығармасы мен артында қалған басқа да мұрасын жинақтап, анам Нәзира Бөкенбаева мен ақын Мәриям Хакімжанова кітап етіп шығарды. Академик Манаш Қозыбаев: «Амангелді Имановтың болашағынан үлкен үміт күттірген талантты баласы Рамазан Мәскеу түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза болды. Ал соғыста батырдың екінші ұлы Шәріп те ерлік көрсетті. Бірақ кейін түрмеге қамалды. Яғни Шәріп тағдыры – халық тағдырының бір көрінісі» деп айтыпты.
Шәріп ағамды Қазақ ұлттық әскери полкіндегі қызметінен кейін Моңғолияға маңызды операциямен жібереді. 1938 жылы Мәскеуде Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Екінші дүниежүзілік соғыста атты әскердің барлау отрядын басқарған. 1945 жылы Жеңісті Мажарстан жерінде гвардия майоры шенімен қарсы алып, елге 1949 жылы оралған. Ұзақ жылдар Алматыдағы құрылыс мекемесінде есепші болып, зейнеткерлікке шықты. Елге де жиі барып тұрды. Әкесі туралы біраз мәлімет жинақтап, деректі фильм түсіруге ұйытқы болды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»