• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Ақпан, 2023

АЭС – ел экономикасының драйвері

610 рет
көрсетілді

Елімізде атом электр стансасын салу мәселесі төңірегінде туындаған екіжақты пікірлер әлі де бір тоқтамға келер емес. Өйткені КСРО-ның Чернобыль және Жапонияның Фукусима қалаларында болған апат пен Семей ядролық полигонындағы жарылыс зардабынан қаймығып қалған халық атом энергия­сы өндірісінде де осындай жағдай қайталануы мүмкін деген күдікпен қарсылық танытуда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда атом энергиясын құру мүмкіндігін жан-жақты зерттеу керек. Меніңше, бұл мәселені егжей-тегжей қарастыратын уақыт жетті, себебі Қазақстанға АЭС керек. Таза атом энергиясы болмаса, бүкіл экономикамызды жоғалтамыз» деген болатын халыққа арналған Жолдауында. Сонымен мамандар аталған мәселені сараптай келе елімізде АЭС салынатын орын ретінде әзірге Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Үлкен елді мекенін белгіледі.

Тиімділігіне назар аударуға тиіс

Бүгінде өзектілігі артқан АЭС мәсе­ле­­сі­не қатысты таяуда Әл-Фараби атын­да­ғы Қазақ Ұлттық университетінің «Әл-Фараби» кітапханасында энерге­тик­тер, экологтер мен атом саласы, әлеу­­меттану, ядролық физика ма­ман­­да­ры және белгілі жапон про­фес­­сорларының қатысуымен «Атом элек­тр стан­саларының мүмкіндігі» тал­қы­лан­ды.

Аталған іс-шараны ашқан «Қазақ­стан­дық атом электр станциялары» ЖШС бас директорының орынбасары Ринат Оқасов бүгінгі таңда жетекші әлемдік компаниялардың ел аумағында алғашқы атом электр стансасын салу жөніндегі ұсыныстары зерделенгенін жеткізді. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес кәсіпорны саналатын «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС озық технологияларды бірлесіп талдауды және жобаны іске асырудың түрлі нұс­қаларын әзірледі. Осы басқосу әр са­ла­ның мамандарымен бірлесе талқылау үшін ұйымдастырылғандығын және Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021 жылдан бері атом энергетикасының маңыздылығын қоғамда ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілу керек­ті­гін атап өтті. «Қазақстанның атом энер­гетикасы туралы 10 дерек» бейне жазбасы көрсетілді. Жиын атом энергетикасына қажеттілік пен тиімділік және АЭС құрылысының жобасы шеңберінде жалғасты. Пікірталасты Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дің физика-техникалық факультетінің деканы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрзада Бейсен қазақ және ағылшын тілінде жүргізіп отырды. «Ұлттық ядролық орталығы» РМК Атом энергиясы институты филиалының зертхана меңгерушісі Арман Миниязов, Энергетика министрлігі Ядролық физика институты бас директорының ядролық, радиациялық және экологиялық қауіп­сіз­дік жөніндегі кеңесшісі Мұрат Төлегенов, «Экосервис-С» ЖШС атқарушы директоры, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультеті Тұрақты даму үшін ЮНЕСКО кафедрасының аға оқытушысы Сейілхан Асқаров, атал­ған факультеттің метеорология және гид­рология кафедрасының доценті, геог­ра­фия ғылымдарының кандидаты Дәулет Жүсіпбеков, философия және сая­саттану факультетінің әлеуметтану, әлеуметтік жұмыс кафедрасының профессоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы Мәнсия Садырова, Энергетика министрлігі Ядролық физика инсти­ту­тының «Кешенді экологиялық зерттеу­лер орталығы» РМК басшысы Виктор Глущенко, Атом өнеркәсібіндегі адам ресурстарын дамыту орталығы директорының орынбасары, жапондық профессор Ёсихиро Накано мен Халық­аралық ядролық кадрлар бөлімі Адам ресурстары ядролық орталығының бас менеджері Такаси Сузуки әлемдегі атом энергетикасының орны, осы салада қай мемлекет көш бастап тұрғаны туралы әңгімеледі. Қазақстанның ағымдағы жоспарлары, Қазақстанның «атом ел­дері» клубына енуге талпынуы қажет пе деген мәселелерге назар аударды. АЭС құрылысы жобасының ел тұр­ғын­да­рының өмірі мен (әлеуметтік аспект, білім беру, ғылымның дамуы және т.б.) экологияға әсеріне тоқ­тал­ды. Заманауи атом технологияларының қа­уіпсіздік мәселесі және бүгінгі таңда жетекші әлемдік компаниялардың ел аумағында алғашқы атом электр стансасын салу жөніндегі ұсыныстары қарас­ты­рылды.

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің басшысы Әсет Махамбетов бұған дейін елімізде Балқаш көлі маңында АЭС салу мәселесі 1997 жылы қаралғандығын, 2016 жылы қазақстандық тараптың шақыруы бойынша еліміздің ядролық инфрақұрылымына кешенді шолу жөніндегі миссиясы өткізіліп, АЭС құрылысының қауіпсіздік жүйесі, оны қаржыландыру, заңнамалық-құ­қықтық базаны дамыту, қоршаған ортаны қорғау, электр желілері мен білік­ті кадрларды даярлау мәселелері талқы­лан­ғанын айтты. 2018-2019 жылдары АЭС салудың анағұрлым қолайлы ауданы талданып, энергия балансының болжамды есептері жүргізілген. АЭС салу экономикаға, ғылымға, білімге, әлеуметке және технологиялық салалар мен инфрақұрылым, оның ішінде мектеп, аурухана, тұрғын үй мен жолдар құрылысының қарқынды дамуына септігін тигізетіндігін атады. Энергетика министрлігі Ядролық физика институтының радиациялық қатты дене физикасы бөлімінің меңгерушісі Сергей Кислицынның айтуынша, адамдар қоршаған ортаға шығарылған улы газды жұтады, қолайлы деңгейден мөлшері он есе көп канцерогенді тағаммен та­мақ­танады, әртүрлі кең спектрі бар химиялық өнеркәсіп кәсіпорындары шы­ғындыларының әсерін сезінеді, алай­да оған еш алаңдамайды. Бірақ ра­диация туралы сөз қозғала қалса, көз­қарас түбегейлі өзгеріп шыға келеді. Сондықтан ол қоршаған орта мен адам­дарды қорғау үшін көмір жағатын жылу электр орталығы емес, атом электр стансасын  салу әлдеқайда тиімді екен­дігін жеткізді.

АЭС салу экономикаға, ғылымға, білімге, әлеуметке және технологиялық салалар мен инфрақұрылым, оның ішінде мектеп, аурухана, тұрғын үй мен жолдар құрылысының қарқынды дамуына септігін тигізетіндігін атады

 

Маман даярлауға мән беріледі

Тек соңғы  10 жылда Қазақстанның жоғары оқу орындарында атом саласы бойынша 2 мыңнан аса бакалавр, мыңға жуық магистр және 200-ге тарта ғылым докторлары дайындалған. Ядролық энергетика саласына мамандар даярлауда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Теориялық және ядролық физика кафедрасының мең­геру­шісі, Ұлттық ғылым академия­сы­ның корреспондент-мүшесі, профессор Медеу Әбішев Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі жан-жақты қарастырылып, Үкімет бір шешімге келгенін, ендігі мақсат АЭС салуды қай ел жүзеге асыратынын олардың мейлінше тиімді әріптестік ұсынуына бай­ланысты бәсекеге қабілеттілігі негі­зін­де анықтап, соған сәйкес кадрлар даярлау керегін атап өтті. Кез келген күрделі, жоғары технологиялық сала ретінде ядролық энергетика неше түр­лі мамандарды қажет етеді. Бір АЭС үшін 2 мыңнан аса маман, оның ішіне электр, жылу энергетиктері, механиктер мен гидротехниктер, ал тікелей ядролық реактор жұмысын қамтамасыз ететін ядролық энергетика жөнінде тағы да екі жүзден аса маман болуға тиіс. Дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсек, жоғары білікті бір маман даярлауға он жылға жуық уақыт кетеді екен. Аталған мерзім АЭС салу уақытына шамалас екендігін ескерсек, мамандарды даяр­лау қазірден бастап қолға алынуы қажет. Бірақ біз тек АЭС-ке қатысты ғана мамандарды даярлап қоймай, бұл құрылыстың мультипликативтік әсерінің қамтамасыз етілуін қарастыруға тиіспіз.

«Атом энергетикасы – ғылым мен білі­мінің дамуына ықпал ететін жоғары тех­нологиялық сала. Бұл эконо­ми­ка­ның дамуына және ішкі жалпы өнім­ге  айтарлықтай оң әсер ететін эко­но­микалық өсімнің негізгі драйвері болып отыр. Ондағы бір жұмыс орны аралас салаларда оннан астам жұмыс орнын құрады. Атом технологиялары күн, жел, гидроэнергетика және басқа да  төмен көмірсутекті шешімдермен бірге болашақ энергия балансының ғалам­дық негізін құруға тиіс», деді М.Әбішев.   

 

Атом энергетикасы тұрақты болашақ үшін

Бүгінгі таңда  атом энергиясы – болжамды баға тұрғысынан үздіксіз энергия өндірудің жалғыз ғана көзі. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссия­сы­ның  зерттеуіне сәйкес, өмірлік цикл деңгейіндегі жел энергиясын қоса алғанда, АЭС – генерацияның барлық түрлері арасында көміртек қалдығын ең аз мөлшерде қалдыратын энергияның баламасы саналады.

Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауыты 1949 жылдан бері әлемге  танылған уран, бериллий, тантал және ниобий өнімдерін өндірушілердің бірі екенін ескерсек, Алматы қаласында 1957 жылы ғылыми зерттеулерді дамытумен және жоғары білікті кадрлар даярлаумен айналысатын ядролық физика институты құрылған.

Ақтау қаласында 1973 жылы БН-350 жедел нейтронды әлем бойынша   алғашқы тәжірибелік-өнеркәсіптік ядро­лық реактор іске қосылып, 26 жыл бойы үздіксіз табысты жұмыс істеді.

1992 жылы Курчатов қаласында ТМД  аумағындағы ең үздік зертханалық- талдау кешендерінің бірі саналатын «Ұлт­тық ядролық орталығы» РМК жұ­мысын  бастап, база тек бейбіт мақсат­та қолданылған болатын. Қазақстан 1994 жылдан Атом энергетикасы жөнін­де­гі халықаралық агенттіктің тұрақ­ты мүшесі, сонымен қатар медицина, ауыл шаруашылығы, энергетика және ядролық қауіпсіздік саласындағы бір­қатар ғылыми жобаларды бірлесіп жүргізеді.

Өскемен қаласында 2017 жылы Атом энергиясы бойынша Халықаралық  агент­тікке мүше елдерге бейбіт мақсатта ядро­лық отынның кепілді жеткізілуін қамтамасыз етуі үшін әлемдегі  алғашқы төмен байытылған  уран банкі ашылды. 2021 жылы Өскемен қаласында француздық Framatome технологиялары негізінде ядролық отын өндіретін «Үлбі-ТВС» заманауи зауыты іске қосылды. Қазақстан өндірілетін және нарыққа жеткізілетін табиғи уран көлемі бо­йынша әлемде 1-орында болса, оның шамамен  40%-ы  еліміздің аумағында өндіріледі. Ал табиғи уран қоры бо­йынша жаһанда 2-орын алады. АЭХА деректеріне сәйкес, елдегі қор 900 мың тоннадан астам деп бағаланып отыр.

2018 жылы ТЭН-нің маркетинг бөлімі Тәуелсіз халықаралық сараптама жүргізді. 2019-2021 жылдары же­тек­ші сатушылардың міндетті емес  тех­никалық-коммерциялық ұсыныстары алынып, қазіргі таңда шорт-параққа жо­ғары қуатты реакторларының дәлел­ден­ген технологиялары бар кореялық KHNP, қытайлық CNNC, ресейлік Росатом және француздық EDF сынды әлемдегі ең үздік 4 компания енген.

2022 жылдың 24 мамырында еліміздің атом саласын дамыту жөніндегі  ведом­с­тво­аралық  комиссиясының  отырысы өтіп,  Алматы облысы Үлкен ауылының аумағы таңдалған болатын. Онда АЭС қуатын 2 800 МВт-қа дейін  анықтау ұсынылды. Ал былтыр 15 қарашада Ал­маты облысы мәслихатының де­путат­тары АЭС құрылысын мақұлдау мәселесін қарастыра келе Жамбыл ауда­ны Үлкен ауылындағы тұрғындардың қатысуымен тыңдаулар өткізу қажет деген тоқтамға келген. Бұл  басқосу биылғы 28-ақпанға белгіленіп отыр.

Сонымен қатар  Қытайдан, Корея­дан, Ресейден, АҚШ-тан  және Фран­циядан 6 вендорлы техникалық-ком­мерциялық ұсыныстар алынған. Ядро­лық-энергетикалық техникаларды салыстырмалы талдау және бағалау үшін «Assystem» француз компаниясымен бірлесіп, АЭХА құжаттарының ұсы­ным­дары негізінде критерийлер жүйесі әзірленді. Жалпы, шетелдік атомдық технологиялар ІІ-ІІІ буынды вендорлары ұсынылып, соған сай заманауи  реакторлардың 13 жобасы талданған.

 

Елдің дамуына мультипликативтік әсері

Біріншіден, әлеуметтік жағынан келгенде, ғылыми-техникалық өсуі,  елі­міз­дің жоғары білікті кадрлық әлеуе­тінің дамуы, құрылыс кезінде 8 мың адамға дейін жаңа жұмыс орындарын және пайдалану кезінде 2 мың адамға дейін сапалы кадрлар мен АЭС салу кезінде 1 жұмыс орны  экономиканың аралас салаларында 10-нан астам жұмыс орнын құрады деген болжам бар. Екінші, техникалық жағы, жергілікті өнеркәсіпті дамыту үшін жеке отын  базасының әлеуетін кешенді пайдалануды және тұтынушыларды 60 жылдан аса энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету қажеттігі. Үшіншіден, экономикаға әсері, жергілікті бизнесті қолдауда бүкіл өмірлік цикл үшін салық түсімдері 2,5-3,5 млрд доллардан асатындығы, елдің инвестициялық  тартымдылығын арттыру, экологиялық парниктік газ шығарындыларын  жылына  10 млн тоннаға дейін төмендету керектігі қарас­тырылған.

Атом электр стансасын салудағы аудандарды зерттеу АЭХА құжаттары  мен  Қазақстан Республикасының норма­тивтік-техникалық талаптары не­гізінде  жүргізілген. Ондағы қарас­ты­рылған басты факторлар – жер сілкінісі мен геологиялық  құбылыстар, гидро­ме­теорологиялық жағдайлар, болжамды су тұтынудың АЭС құрылысы жүр­гі­зіл­ген кезеңде іргелес аумақтағы жан-жануарлар мен өсімдіктер әлеміне және АЭС пайдалану кезінде аудан гидрографикасына әсері, Үлкен ауы­лы аумағының инфрақұрылымдық артықшылықтары. Бұған дейін АЭХА миссиясы АЭС салу үшін осы ауданның қолайлылығын растаған.

Балқаш жылу электр стансасының іске асырылмаған жобаның алаңына келсек, жұмыс кенті, салқындатқыш тоған, 110/10кВ және 500/220кВ тірек  қосалқы станса, ЮКГРЭС-2 км, Шу-210 км, Жамбыл ауданынан тысқары 400 км, 500кВ Солтүстік-Оңтүстік бағыттары бойынша жоғары вольтты желілер, бұрғылау-жару жұмыстары жүр­гізілді. Ұнтақтау қондырғысы мен бетон қондырғысы салынды. Ауыз суды дайындау қондырғысы орна­тылды. «Қайраткөл» теміржол стан­сасы кеңейтілгендігін атап өтті «Қазақ­стан­дық атом электр станциялары» ЖШС инженері Асуан Сиябеков.

Қазақстанда АЭС салудың мерзімі жөнінде айтар болсақ, биылдан бастап технологияны таңдау, АЭС салу ауданы бойынша ел Үкіметі қаулысының шығуы, 2025 жылы ТЭН әзірлеу және мемлекеттік сараптау, 2028 жылы ЖСҚ әзірлеу және сараптау, АЭС құры­лысы туралы Үкімет қаулысының қабыл­да­н­уы, 2029 жылы құрылыс монтаждау  жұ­мыстарының басталуы мен жаб­дық­тар­ды жеткізуі ескеріліп, 2035 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда әлем бойынша 500-ге тарта атом электр стансасы жұмыс істейді. Оның көбі АҚШ пен Еуропада орналасқан. Одан кейін Жапония, Қытай және Ресеймен қатар басқа да дамушы елдерді қосқанда, жалпы 50 мемлекетте ядролық реактор бар екен. Cарапшылар елімізде электр энергиясына деген сұраныс күннен-күнге артып отырғандығын, 2030 жылға қарай – 136 млрд кВт/сағ, ал 2050 жылы – 172 млрд кВт/сағ-қа дейін, 2030 жылы – 11-12 ГВт,  ал 2050 жылға қарай 32-36 ГВт тоқ тарататын жаңа қондырғылар қажеттігін айтуда. Сұранысты қанағаттандыру үшін тозығы жеткен электр стансаларының жұмысын тоқтатып, қайта жаңғырту кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр.

Гүлмира БАҒЫТҚЫЗЫ,«Egemen Qazaqstan»