Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов Қазақстаннан Германияға мұнай экспорттау келіссөздеріне қатысты пікір білдірді.
Осыдан бір ай бұрын Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстан Германияға жылына 6 млн тоннаға дейін мұнай экспорттай алатынын айтқан еді. «Біз жылына 6 млн тоннаға дейін мұнай экспорттай аламыз. Дегенмен Германияның қажеттілігі бұдан жоғары. Біз Ресей Федерациясындағы әріптестеріміздің ресми растауын күттік. Өйткені өнім олардың шекарасы арқылы өтеді. Қазіргі сәтте ауызша растау алдық. Сондықтан проблема болмауға тиіс деп ойлаймын», деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Негізгі мәселе – Германия тарапының тұтыну көлеміне қатысты тапсырысы. Бұл жылына 1,5 млн тоннаға дейін болуы мүмкін. Бірақ жылына 6 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Министр еліміз бен Ресей арасында бұл мәселе жөнінен еш қиындық жоқ екенін айтты.
Бұған дейін хабарланғандай, «ҚазТрансОйл» АҚ 2023 жыы Германияға 1,2 млн тонна қазақстандық мұнайды жеткізу үшін «Транснефть» компаниясына өтінім берген.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ақпан айында Қазақстаннан Германияға 20 мың тонна мұнай жеткізу жоспарына қатысты сұрақ қойылды.
«Тиісті кесте бойынша ақпан айында аталған көлемдегі мұнайды жеткізу ескерілген. Қазіргі кезде мұнайды жеткізетіндер мен сатып алушылар арасында келіссөз жүріп жатыр. Осы орайда тендер жарияланды. Бұл бағытта қандай да бір техникалық шектеулер жоқ. Әзірге 20 мың тонна жөнелтілмеді. Дегенмен осыған қатысты елеулі кедергілер байқалмады», деді А.Хасенов.
Сонымен қатар Энергетика вице-министрі «ҚазМұнайГаз» және «Лукойл» компанияларының ынтымақтастығына қатысты пікір білдірді. Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» жер қойнауы учаскесін иегруде не себепті ресейлік серіктеске таңдау түскені туралы сұрақ қойылды.
А.Хасеновтің айтуына қарағанда, бұл жоба аясында ресейлік компания тиімді ұсыныс жасаған. «Осы орайда аталған компания «ҚазМұнайГаздың» стратегиялық серіктесі ретінде анықталды. Осы жоба аясында Қазақстанға қандай пайда түседі? Біріншіден, бұл кен орнын игеру біраздан бері қарастырылып келе жатыр. Кезінде біз оны Каспий жобасы бойынша келісім аясында игеруді жоспарлаған едік. Бірақ экономикалық тұрғыда ынталандыру тетіктері болмаған соң, оператор бұл жобаны мемлекетке қайтарды. Сондықтан тиісті жеңілдіктер беруді көздейтін жетілдірілген келісімшарт тетігі енгізілді», дейді вице-министр.