• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Театр 19 Ақпан, 2023

Сахна өнерінің Айымторысы

502 рет
көрсетілді

Ойламаған тұста тағдыр шырғалаңына тап болып, он бір жылдан бері Қарттар үйін мекен етіп келе жатқан театр өнерінің ардагері, актриса Айымторы Тайғаринованың мерейлі 85 жасқа толуына орай Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ ­театры көңіл толқытатын ерекше кеш ұйымдастырды. Айшықты образдарымен, ерекше еңбек жолымен, кәсіби келбетімен өзгешеленетін Айымторы Каспийқызын арнайы шақырып, өнердегі үзеңгілестері мен ізбасар әріптестерінің алқалауымен сахна төрін нағыз театр мерекесіне айналдырды.

Қазіргі қазақ театрының тарихына көз жүгіртетін болсақ, өмі­рін өнермен өрнектеп, театр әлеміне жанын берген майталман тұлғалар қатары аз емес. Солар­дың бірегейі, қазақ театры сахнасында 40-қа жуық қай­таланбас бейне жасап, көрер­мен жадының бір бөлшегіне айнал­ған талант иесі – Айымторы Тайғаринова.

Дара талант иесінің тағы­лым­ды дара жолы, шығар­ма­шы­лық еңбегі мен тарих беттерін­дегі өшпес өнері өрнектелген кеш жиналған қауымның жанын­а жы­лы­лық ұялатты. Әдебиет­тің классик қаламгерлері атан­ған Ғабит Мүсірепов, Шыңғыс Айтматов, Тахауи Ахтановтар өз уақытында сахна төрінде өткір образда­рымен жарқылдаған Айымторы Тайғаринованың өне­рін ардақ­тап, әділ бағасын берген.

Айымторы Тайғаринова 1938 жылы 16 ақпанда Ақмола облы­сына қарасты Шалқар кеңшарында дүниеге келген. Өнегелі өнер жолын көрші қыр­ғыз елінен бастаған актриса, Алматыға келіп Әнуар Мол­дабеков, Есболған Жайсаңбаев сынды жастармен қатарласа ак­тер­лік өнерге оқуға түсуге асық болды. Актриса театр­ та­ри­хынан таусылмас сыр шер­­тетін энциклопедия іспет­ті Нұр­мұхан Жантөрин, Әзір­байжан Мәмбетов, Хадиша Бөкеева, Мәкен Исақызы секілді өнер майталмандарынан тәлім алып, өнердің биігіне ұмтылған жас­тардың бірі болды. Жүре келе өмірдің ағысымен Жұмат Ша­нин атындағы Шымкент қала­лық академиялық қазақ драма театры­на жұмысқа орналасып, қала халқы өнер иесін «Біздің Айымторы» деп атап кеткен де­седі. Өнердегі ең табысты жыл­дарының барлығын осы театрмен байланыстыратын актриса: «Әр қойылым біткенде көрермен залдан кетпей, мені күтіп тұратын еді. Сахнада тұрып көз жасымды сүртіп, төбесін көргеннен ерекше әсер алатын жақын адамдарды көргенде, іштей шаттанып, қанаттанып қалатынмын...» деп еске алады.

Қазақ театры өнерінде сапалы спектакльдер санын арт­тыруда «Әке тағдыры» – Жеңісбек, «Абайдың өлімі» – әйел, «Горянка» – Горянка рөлінде, «Сәуле» – Гүлжан, «Менің махаббатым» – Бике, «Волчонок под шапкой» – Мар­фуға, қазақ кинематографиясында «Теңіз оқиғасы», «Жас Шоқан» фильмінде Шоқанның әпкесі секілді рөлдерін асқан шеберлікпен сомдап, бірегей бейнесімен театр және теле­кө­рермендер жадында сақталған.

Айымторы Каспийқызы еңбек жолында бірнеше жыл Алматы қаласындағы Ғабит Мүсі­репов атындағы Қазақ Мем­лекеттік академиялық балалар мен жас­өпірімдер театры мен Мем­лекеттік қуыршақ театрында қызмет атқарған.

Театр сахнасында жүріп түр­лі сипаттағы кейіпкерді шебер ­бей­нелеген Айымторы актриса­ның бойында өнермен шыңдал­ған шымыр мінездің табы әлі жатыр. Тағдырдан жеңілмеген, қайратты, жайдары қалпын жо­ғалтпаған. Мерейтой иесінің кешін концертпен көмкерген театрдың талантты әртістерінің тартуын ризашылықпен қа­был алған актриса өзі де сахнаға арқалана көтеріліп, жан сыры­мен үйлесетін отты өлең де оқыды, күміс көмейінен сұлу сазды әнді де ақтарды. Өзін құр­меттеген көрерменімен кеш бойы өнер тілінде сырласты. «Театрым керемет сый-құрметіне бөлеп жатыр. Баршаңызға рахмет. Қарттар үйінде тұрып жат­қаныма қарамай, көңілімді қуа­нышқа бөлегені төбемді көкке жет­кізіп отыр. Сахнада талай рөлді ойнадым, халықтың құр­мет-қошеметіне бөлендім, ерекше сыйға, жақсылыққа ие болып жүрдім. Өмірімде талай жақ­сы адамдар кездесті, шүкір» дей­ді өмірді сүюден жалықпаған жайсаң мінезді актриса.

Актрисаның шығармашы­лы­ғына арналған бенефис кешке Алматы қаласы әкімдігінің өкілі Арман Халбеков, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәкен Майғазиев, Театр қайраткерлері одағының өкілі Рабиға Бибошқызы, «Шаңы­рақ» әлеуметтік орталығының ди­ректоры Тұрарбек Тұманшиев, Мәдениет қайраткері, Ғ.Мү­сірепов атындағы Қазақ Мем­лекеттік академиялық балалар мен жасөпірімдер театрының директоры Талғат Есеналиев, «Рухани жаңғыру дауылпаздары» қайырымдылық қорының төрағасы Берікқажы Абдиев қа­тысып, мерейтой иесіне ақжар­ма ақ тілектері мен ыстық лебіз­де­рін арнап, арнайы сый-сияпат­та­рын табыстады.

«Айымторы апамыз ұзақ жылдар Қуыршақ театрында қызмет еткен екен. Тағдырлы кісі. Оның өмір тарихын естігеннен кейін театр бейтарап қарай алмайды. Көңілін көтеріп, жыл сайын туған күнінде құттықтап тұратын едік. Ал биыл мерейтойын атап өтуге шешім қабылдап, театр әртіс­тері осы шараға бар күшін салды», деді театр басшысы Алмат Абдрахманов.

Сонымен қатар өнер иесіне Ж.Шанин атындағы Шымкент қа­ла­лық академиялық қазақ драма театры, Ақтөбе облыстық «Ала­қай» қуыршақ театры, Астана қа­ласы әкімдігінің қуыршақ театры,­ Шымкент қалалық қуыр­шақ және жөсөспірімдер театры­ және Маңғыстау облыстық қуыр­шақ театры ұжымдары атынан ар­найы құттықтау хаттар ұсы­нылды.

 

АЛМАТЫ