• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 21 Ақпан, 2023

Бәрібір көзіңіз алдай алмайды

403 рет
көрсетілді

Ғашық адамның көзі алдай алмайды. Бәрібір жан құпияңызды қарашығыңыз әшкерелеп қояды. Қарамаңыз, қарасаңыз қақпанға түстім дей беріңіз... Әрі қарай теңіз бетіндегі желкенсіз қайықтай тағдыр желі қайда айдаса, солай алып ұшасыз. Соңыңыздан үмітсіздігіңіз, өбектеген өкінішіңіз, сыпайы сәтсіздігіңіз қоса ілеседі. Дәл біз мысалға алған әндегідей…

Лара Фабиан. Классикалық музыкадан хабары бар адам бұл есімді естігенде елең ете қалады. Қалай елең етпейсіз, мұнша мұңлы дауысты көмейінен өрген әншінің көз жанары қоса ән айтып тұрғандай са­наңыз­ды сиқырлайды. Оның ерекшелігі сол, кез келген шығарманы көрерменнің жүрегіне жанарымен сіңіреді. Ғажап қой, толқындап келген тәтті әуен тоқ соққандай кеудеңізді қарс айырады. Жаныңыз діріл­дейді, шексіз тебіренесіз… Әсіресе әлемді әлдилеген «Je t’aime», біздің тілге сал­ғанда «Жү тем» композициясы. Бүгін, міне, қайта тыңдап, сол жайлы толғанып отыр­мыз.

Шіркін, Лараның орындауы өзгеше ғой, өзін құрбан ете отырып, көз моншағы үзіліп кетердей шырқайды. Шығарма алапат сырды ішіне бұғып жатқандықтан ба, бақсаңыз, тыңдарман біткен көз жасын көлдете тыңдауға құмар. Әйтсе де, бұл – әншейін мотив емес, жеке оқиға жемісі. Мұнда үлкен махаббаттың мұрасы бар. «Je t’aime» әні автордың «Мен сені сүйе­мін» деген ынтызар лепесі ғана емес, ең аяулы сәттерден кешірім сұрауы. Үміт­сіздік торына түскен бұлбұлдың жан құ­са­сы. Өткеннің құлағына беторамалын сығып отырып сыбырлау, жоғалтқанымен жолы­ғып қалса, бүкпесіз айтар лала лебізі. «Бәрін, басқаша жасауға болар еді!?» Бір­ақ қалай?

Тоқсаныншы жылдардың басында арманшыл жас жігіт пен ару қыз Канадаға қашып кетеді. Екеуі де аздап ақын, аздап актер, аздап әнші дегендей… Құстай еркін, желден жүйрік, жарықтан жылдам. Оларды алға жетелеген – музыкаға деген мөлдір сезімдері. Астында ескі к­ө­лік­тен басқа ештеңесі жоқ, көңілдері дүние­ден ада. Алғаусыз, тап-таза ниетте әлемге құшақ жаймақ. Арадағы кіршіксіз сыйлас­тықтары ғана бойтұмар. Сол екеу – алғашқы гастрольдік сапарына бет алған әнші Лара Фабиан мен оның продюсері Рик Алиссон еді.

Естелікке сүйенсек, бір жылдан соң ата-анасының жинаған қаржысына ал­­ғашқы альбомы жарыққа шығады. Қар­шадай қыздың қарлығаш қадамы – жеке ізденісінің нәтижесі. Сол тұс­та бұл плас­тинкадағы әуендердің кейінірек іздеп жүріп тыңдарын ешкім бағамдаған жоқ. Рик оның музасына айналды, бірлесе жазған әндерін де халық жылы қабылдады. Лара әрбір әнін сахнаға соңғы рет шығып тұр­ғандай орындады. Екеуі егіз қозыдай бір-бірінің жалғасы болды.

Тілсіз түсінісу – екі шығар­ма­шылық тұлғаның идеалды ода­ғы. Әсем әндерді дүниеге әкелген рухани одақ. Бұл туралы қауесет жаңбырдан кейінгі саңы­рау­құлақтай қаптады. Лара Рикке Құдайға қалай қарады, солай қарады. Ал Рик болса Лараны баласындай көрді. Бір-біріне деген іңкәрлығын һәм құрметін нотамен жеткізді.

Бірақ көктемнің ұзақ болмайтыны секілді қос өнер­­паздың ортасына жасын түсті. Суретші Пигмалион өзінің Гала­тея­сына ға­шықтық хат жол­дады. Оған жауап ретінде Лара «Je t’aime» әнін қайтарды. Ол арадағы махаббаттан да асқақ, махаббаттан да бағалы сый­­­ластықты тынымсыз тіршіліктің ез­гісіне салуды қаламады. Оны шексіз сүйетінін де жеткізді, тек әйел ретінде емес. Осы сөз Рикке ажалдан да ауыр әсер етті.

Бірте-бірте бәрі құлады. Гүл де солды, күн де батты. Рик өткенді ұмытуға тырысып, бақытын басқа жақтан із­деуге шықты. Лара болса атақ қуды, жұл­­дыз ауруымен ауырды, ажырас­ты, сәтсіз шешімдердің шырмауына түсті. Музасын жоғалтты, онымен бір­ге бағдаршамындағы жасыл түс жо­ғалды. Сүрінді, қайта тұрды, бірақ бәрі баяғыдай болмады.

Ол мәңгілік осы әнмен тыныстады, сырқаттанды, сол үшін өмір сүрді. Ешқандай себепсіз жақсы көретінін бар даусымен айқайлап та айтты. Ешкім естімеді, ештеңе өзгермеді, бәрі кеш екенін де біле тұра солай істеуден жалықпады. Шығарманы орындағанда Лара көз жасын тыя алмайды. Жоқ, оның тәкаппарлығы тағдырына балта шапқан жоқ, тек махаббатты мойындауға мәжбүрледі. Ғажап қой, ә!

«Мен сені сүйемін». Осы сөйлемнің соңына сұрақ белгісі қойылғаны дұрыс па, жоқ леп белгісі қойылғаны жөн бе? Қалай ойлайсыз? Ал сіз не қояр едіңіз? Айтыңызшы, Жарық қыз?!