• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Ақпан, 2023

Батыстың жаңа «тамақтану үлгісі»

570 рет
көрсетілді

Биыл азық-түлік тұтынуға байланысты тың жаңалық елең еткізді. Бұл не десек, Еуропа құрт-құмырсқаны тағам ретінде пайдалану жайлы қарар қабылдады. Шешім кәрі құрлықта биыл қаңтар айының соңында күшіне енді. Жаңа шешім үй тарақандарын, құрттар мен жәндіктердің дернәсілдерін және шегірткелерді жеуге, тағамдық қоспа есебінде пайдалануға рұқсат беріп отыр.

Мәселен, жаңа ережеге сәйкес үй тарақандары кептіріліп, ұн­тақ түрінде түрлі нан, макарон, қуы­рыл­ған өнімдерге және дәм­де­уіштерге қосылады. Бірақ бұл заң ешкімді дайын тағам түрлерін әзірлеуде жәндіктерді қосуға мәж­бүрлемейді. Дегенмен дүкен сөре­лерінде енді құрамында құрт-құмырсқасы бар және одан ада екі түрлі азық-түлік өнімдері пайда болады. Тұтынушы талға­мы­на қарай ұнатқан өнімді өзі таңдайды. Өз кезегінде еуро­па­лық тағам өндірісінің сарапшы­ла­ры жәндіктен жасалған азық-түлік нарығы көлемді емес еке­нін, енді жанданып келе жат­қа­нын айтады.

Еуропа өнімдері әлемнің бар­лық еліне тарайды. Алдағы уақытта жәндік қосылған тағам­дар­дың дүкен сөрелерінде пайда болатыны ақиқат. Сол үшін дәстүрінде құрт-құмырсқа жеу деген атымен жоқ көптеген ел, соның ішінде мұсылман мем­лекеттері Еуропаның бұл қада­мы­на сескеніп қарай бастады. Тіпті, Қатар мемлекеті батыс­тан келетін мұндай тағамдарды кір­гізбеу жөнінде ресми түрде арнайы заң қабылдапты.

Ал Қазақ­станның бұл мәселеге ұста­нымы қандай? Бұл жөнінде әлі ешқандай мәлімдеме жасалмады. Бірақ бір анығы, жыбырлаған жән­дікті жеу былай тұрсын, сол сөзді естігеннен жүрегі айни­­тын біздің қазақ Батыстың жа­ңа «тамақтану үлгісін» ешқа­шан қабылдай қоймас. Бірақ елік­тегіш халықпыз ғой. Оның үс­тіне Еуропаның стандарттарына кө­бі­рек арқа сүйейтініміз тағы бар.

Неге Батыс жұртының құрт-құмыр­с­қаға әуестігі оянып кет­ті? Білетіндердің айтуынша, жән­­діктер, біріншіден, дели­ка­тес саналады, екіншіден, кей­бір түрлері протеин мен май­ға және дәрумендер мен тал­шық­қа, минералдарға ағзасы бай кө­рінеді. Мұндай зерттеуді БҰҰ-ның құрамындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) арнайы сарапшылары да жүргізіпті. Сондай-ақ жәндіктердің бойындағы протеин, яғни ақуызы төрт малмен және күркетауықпен бірдей екен. Ал құрт-құмырсқаны бағуға қа­жетті алаң мен азыққа келсек, оның көлемі мал және құспен салыстырғанда бірнеше есе аз болады. Мәселен, мамандардың зерт­теуінше үй тарақанын асы­рауға кететін азық көлемі тауық­қа қарағанда 12 есе төмен екен. Алайда екеуінің де беретін про­­теин мөлшері бірдей. Бір қызығы, FAO-ның ресми сайтында «Жәндіктер жеуге жарамды деген пікірді қабылдауға да­йын болыңдар» деген тақырыпта баяндама жарияланыпты. Онда құрт-құмырсқаны қорек ретінде пайдаланудың 4 себебі және оның адамзат үшін аштыққа ұшы­рап қалмаудың жолы екенін, сон­дай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі бойынша кең мүмкіндіктердің ашылатыны туралы айтыпты. Сол төрт негізгі уәжге тоқталсақ, біріншіден, жәндік те – азықтың бір түрі. Екіншіден, табиғаттағы бү­кіл тіршілік иесінің дені жән­дікпен қоректенеді. Үшін­ші­ден, экономикалық жағынан өте тиімді. Төртіншіден, айна­л­амызды қоршаған жәндік бол­ған­дықтан, олардың қоры көп, яғни құрт-құмырсқадан болған азық-түлік шикізаты таусылмайды. БҰҰ сарапшыларының мәліметінше әлемде жеуге жарамды жүздеген жәндік бар екен. FAO мамандары осы тұста Тайланд елін мысалға келтіреді. Тайлықтардың дәстүрлі ас мә­зі­рін үй тарақандары мен дер­нәсіл­дерсіз елестету мүмкін емес. Сонымен қатар қызыл зауза қоңы­зы кейбір Азия елдірінде ұлт­тық ас болып саналады және одан дайындалатын тағамның да бағасы қымбат болып келеді. Сол секілді Африканың Конго мемлекетінде адамдар жаңбырлы маусымда дернәсілдерді күнде­лікті негізгі ас ретінде пайдаланады. Осыған қарай бүгінде Еуропа мен АҚШ-тың асханаларында келушілерге жәндіктен тұратын ас мәзірі ұсыныла бастады.

Батыстың ресми баспасөзінде айтылмайтын бейресми деректерге құлақ түрсек, мұндай бас­таманың пайда болуына еуропа­лықтардың кейінгі жылдары өзгеріске ұшыраған ішкі сенім­дері, наным-түсініктері себеп болғанға ұқсайды. Қазір кәрі құрлық халқы өзде­рін­ше гума­нис­тік тұрғыда ойлап, төрт түлік малдың етін жеуге болмайды деген секілді ұстанымдармен өмір сүруге көшіп жатыр. Бұл сол­шылдық көзқарас билік ба­сындағы азаматтар мен партия­лар­дың да ресми ұстанымы бо­лып саналады. Еуропадағы жасылдар қозғалысы да осындай солшылдық көзқарастың бір тармағы деуге болады. Соның салдарынан бүгінде Еуропада төрт түліктің, құстың етін өндіру біртіндеп қолдан төмендетіліп жатқан сыңайлы. Бұған қоса осы күндері еуропалық тағамтанушы ғалымдар жалпы асқа көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет дегенді айтып отыр. Солардың бірі Ларис Генрик Лу Хикман: «Био­логиялық өлшеммен алып қара­ғанда тағамның барлығы құрамы жағынан бірдей. Бұл жердегі айырмашылық – ас мәде­ниетіндегі ұстанымдар. Бірақ мәдениет те заманына қарай өзгеріп отырады. Мәселен, еуропалықтардың ата-бабалары ерте кезде, тіпті орта ғасырдың өзінде жәндіктермен қоректеніп келді. Сондықтан бұл мәселеге экономикалық және басқа да тұр­­ғыдан келгенде дұрыс көз­қа­распен қарауымыз керек», де­генді айтады.

Дей тұрғанмен, жәндік жеуді қала­май­тындар саны жер бетінде әлі де көп. Осы ретте кейбір мамандар ескертпе ретінде әлден халықтың назарын осы мәселеге қарай бұрып, дабыл қағып жатыр. Олардың айтуынша, ертеңгі күні тұтынушылардың қай өнімнің құрамына құрт-құмырсқа қосылған, қосыл­ма­ға­нын, ажыратуы мүмкін болмай қалады. Мәселен, ұнтақ­тал­ған жән­дік­ті кәдімгі ұнның арасынан қалай ажыратып аласыз? Басқа өнімдер бо­йынша да жағдай осы секілді болмақ. Мә­селен, Швейцарияда Исанту деген компания 2017 жылдан бері ұн, күріш және өсімдік құр­тынан жасалған дайын ет өнімін ондаған сауда орындары мен дәм­ханаларға сатып келген. Ен­деше дүкеннен шетелдік тағам түрлерін сатып аларда алдағы уақытта міндетті түрде құрамын оқуды ұмытып кетпеңіздер.

 

ШЫМКЕНТ