Жан дүниесін мұң-қайғы торлап, қасіреттің уы буын-буынына түсіп, шөгіп кеткен адамға қуан деп қалай айтасыз? Көңілін аулауға тырысасыз ғой. Күйреп қалған көңілді көтеру оңайға соқпайды. Оның үстіне сенім артқан барлық үміті күл-талқан болып, сүйіктісі қаза болып жатса. Құдай сақтасын, әрине. Есі дұрыс адам мұндай қайғы-қасіретке душар болған жанға қуан немесе көңілді бірдеңе ойлап тап демейтінін екінің бірі білсе де, кей жағдайда орын алып жатады. Кейде ғана емес, қоғам, әлеуметтік орта мықтап бекіген сайын әлгіндей қайшылықтар орныға түсетін сыңайлы. Жекелеген адамдар қаламағанымен, қоғамдық тәртіп солай десек те, оның соңында адам тұрған жоқ па, бірақ.
Мысалды әдеттегідей әдебиеттен аламыз. Мәселен, Жұмағали Ысмағұл қазақшалаған Оноре де Бальзактың «Үзілген үміттер» романында мынадай оқиға бар. Провинциядан Парижге келген ақын дүркіреп көріне бастағанда, маңайындағы достарының бәрі теріс айналып, жалғыз қалады да, бірге тұрып келген сүйіктісі құсадан көз жұмады. Парижде ешбір туысы жоқ, ақша таусылған, мақалаларын ешбір газет баспайды. Қайғыдан теңселгені өз алдына, сүйіктісін жерлейтін бес жүз франк ақша табуы керек. Алдынан таныс досы кездесе кетеді.
« – Барбе, бес жүз франк берші! – деді ол қолын созып.
– Екі жүзге қалайсыз?
– Мархабат етіңіз! Сіз қайырымды адамсыз ғой!
– Іскерлігім тағы бар! Сіз мені зиянға қалдырдыңыз, – деді де, ол Фандан мен Кавальенің банкрот болғанын айтты. – Енді менің пайда табуыма көмектесіңіз.
Люсьен селт ете қалды.
– Сіз ақынсыз ғой, көңілді өлең жаза алатын шығарсыз, – деді баспа иесі сөзін жалғастырып. – Қазір маған сондай бір көңілді өлеңдер керек болып тұр, басқа авторлардан алған өлеңдерімнің арасына соларды тығып жіберейін деп едім; сонда маған шығармаларыма қиянат жасадың деп ешкім де кінә таға алмайды, содан кейін мен бір тәп-тәуір өлеңдер жинағын құрастырамын да, көшеге шығарып он судан сатамын. Егер ертең он шақты жақсы өлең әкеп берсеңіз.Дастарқан жырлары, күлдіргі өлеңдер болсын, мен сізге екі жүз франк төлейін.
...Люсьен жерлеу шығындарының жабдығын екі жүз франктен аспайтын қылып әзірлет деп Берениканы жіберді; жұпыны ғана Бон-Нувель шіркеуіндегі жаназа дұғасы да соның ішіне кірсін деді. Береника кеткен кезде ақын үстелге отыра қалып, өзінің байғұс ашынасының сүйегін күзетіп отырып, көңілді тақырыптарға және Париждің үйреншікті әуендеріне арнап он шақты өлең шығарды», дейді автор.
Бұл жерде «ақын сүйегін күзетіп отырған байғұс ашынасы» – оның қимасы, сүйіктісі. Сол үшін басын тау мен тасқа ұрғаны суреттеледі романда. Мұншалықты қатыгездікті көрген бе едіңіз? «Тар жерде ертоқым сұрау» бер жағы болып қалады. Азаптау мен мәжбүрлеудің, ар-ұятты аяққа таптаудың бұдан өткен түрін ойлап табу мүмкін емес шығар... Провинциядан келген жап-жас ақын он шақты өлең жазып шыққаны өз алдына, оны сол кездегі көңілді көше әндерінің әуеніне салып айтып көретін тұсы және бар.
Бұл тек Францияда сол уақытта және жалғыз осы ақынның басынан ғана өткен жан төзгісіз оқиға емес. Қашан да, қай елде болсын кездеседі. Мұндай сұмдықты жарияға шығарып, жирендірген айналайын әдебиет қана деуге және қақылымыз. «Адам деген жылап жүріп, кейде бір күле білген... Неткен ғажап – адамзат!» дейді Серік Ақсұңқарұлы. Мұқағали да тоқталған тақырып екенін әдебиетшілер жақсы біледі. Есенғали Раушановтың мына бір өлеңін еске салады осы бұрылыс.
«Қуан дейді,
тойла дейді ол маған,
Жоқ сияқты түк қайғым.
Алматыңыз толған думан,
толған ән,
Бұл не дырду –
ұқпаймын.
Қуан дейді, тойла дейді
жұртқа ұқсап,
Күнә дейді жырламау.
Менің жаным қырық
жамау, қырықпышақ,
Оны білер кім бар-ау».
Мылтықсыз майданның жауынгерлеріне айналған ақындардың жаны онсыз да қарама-қайшылыққа толы, қырықпышақ. Халық та сондай. Сенгіш, алданғыш, сондығынан жараланғыш. Әрі қарай тарқата берсе, әңгіме ұзап кетеді.