• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Ақпан, 2023

«Jetisy green»: Көк шөптен де көп пайда бар

334 рет
көрсетілді

Қысы-жазы жайқалып тұратын бақ немесе тропикалық джунгли. Талдықорғандағы жылыжайды дәл осылай атауға болады. Таңғажайып өсімдіктер әлемін өз көзімен көруге ықыласы ауғандар қатары күн санап артып келеді. Хоббиін бизнеске айналдыра білген кәсіпкер Аяулым Қуанғалиева жетісулық тұтынушылардың тілегін орындап отыр.

Жылыжай өнімдеріне «Jetisy green» деп атау берген кәсіп иесі, бұл дәмдеуіш шөптердің Тал­ды­қорғанның брендіне айналарын білсе керек. Қазір ел аумағына танымалдылығы артты. Әсіресе Астана мен Алматы секілді мегаполистердің сауда орындарының сәніне айналып үлгерген. Жергілікті дәмханалар мен мейрамханалар да осы өнім үшін кезекке тұрудан қашпайды.

Облыс әкімінің баспасөз қыз­метінің мәліметінше, «Ово­ще­пром» ЖШС жылыжай шаруа­шы­лы­ғын ашуға жалпы көлемі 160 млн теңге инвестиция салынған. Мұнда қазір 10 адам еңбек етеді. Олардың орташа еңбекақысы – 100-110 мың теңге шамасында. Жалпы жұмыс уақыты кешкі 17.00-ге дейін, дегенмен қосымша жұмыс істеген сағат­та­ры есептеліп, төлем жасалады. Күндігі – 7 мың теңге. Негізінен, 25 жастан асқан жастар жұмыс істейді

«Овощепром» ЖШС басшы­лы­ғы қызметкерлеріне әлеуметтік қол­дау көрсетуді назардан тыс қалдырмайды. Мәселен, жы­лы­­жай шаруашылығы ұжы­мын­да жалғызбасты аналар да бар. Оларға қажет жағдайда қай­та­­рымсыз көмек көрсетіледі. Ұжым­­ның ұйысқан берекесінің ар­қа­сында кадрлардың бірі келіп, бір кетіп жататын сапырылысы болмайды. Жылыжай алғаш ашылғаннан жұмыс істеп келе жатқан жандар да бар. Қазір шаруашылыққа жоғары білімді, тәжірибелі агроном қажет.

Қазір бау-бақша егіп, өнімін табыс көзіне айналдыру үшін жазды күтудің қажеті жоқ. Істің қыбын тауып, тәуекел еткен адамға қыстың өзі кедергі бола алмайды. Үш жылдан бері осы іспен айналысып келе жатқан жылыжай иесі көк шөптің түр-түрін өсіруде. Аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтын жерде батавияның қызыл және жасыл сорты, руккола, шпинат пен мангольд күтіп бапталады. Аптасына 3 мыңнан 6 мың түпке дейін көк шөп жиналады.

Жағдайын жасасаң, жылыжай жылына өнімді аямай береді. Жайлы ортада себілген тұқым шамамен бір жарым-екі айдың көлемінде иісі ерек, экологиялық жағынан таза өнімге айналады. Ары қарайғы тағдыры «Магнум», «Small», «Тоймарт» сияқты іргелі сауда желілері мен «Сельпо» эко өнімдер дүкенінің қолында. Өзге де шағын дүкендер алуға бейіл. Оның үстіне салат сауда сөрелеріне құтыдағы түбірімен арнайы қаптамада қойылады. Бұл салаттың одан әрі де өсе түсуіне, тауар түрін жақсы сақ­тау­ға көмектеседі. Ал енді бір шөп салат миксі түрінде оралады. Бұл ретте шөптерді аралас жинақтау қол жұмысы арқылы атқарылады.

Аяулым Қуанғалиева және оның командасы шүмектеп тер төгіп, қара жерге тасталған тұқым түйнек болып бой көтеріп, өнім болып жайқалғанша еңбектерін бір сәтке де тоқтатпайды. Себебі аталған компанияның жылыжай шаруашылығындағы алғашқы қадамы.

«Біз бұған дейін картоп, соя өсірдік. Қазір де соя өңдеумен айналысамыз, құс фабрикаларына арнап жем азығын өндіреміз. Ол – біздің негізгі ісіміз. Өндірістік аума­ғымызда бос учаске болған­дықтан, онда халыққа пайдасы тиетін бір нәрсе өсіру керек деп шештік. Жалпы, бизнесті түрлі ба­ғытта өркендетуге болады. Мы­салы, тауарлы алып-сату арқы­лы да пайда табуға болады, ал бір нәрсе өндіргеннің жөні бір бөлек. Сондықтан азық-түлікті өз қолымызбен өсірсек деп жылыжай шаруашылығын қолға алдық. Учаске шағын болғандықтан алдымен түрлі көк шөпті өсіруден бастадық, оның үстіне көкөніс ретінде салат шөптеріне деген сұраныс қазір артып келе­ді. Әзірге жылыжайдың көп бөлі­­гін салат шөптері алып тұр, де­генмен аздаған көлем­де рук­кола, шпинат пен мангольд өсіріледі. Осылайша, ауыл шаруашылығының осы са­ла­­­сына бет бұрдық», дейді А.Қуанғалиева.

Оның айтуынша, мұнда гол­лан­диялық тұқым қолданы­ла­ды. Салатты өсіру үшін бір түйір тұқым да жеткілікті, ал руккола мен мангольдтің ортақ тамыры жоқ. Олардың тұқымы – өте ұсақ, сондықтан оларды еккенде 10-15 түйір тұқымды бірақ себу керек болады.

Өсімдіктер өте бейімделгіш келеді. Бастысы, лайықты жағдай жасау. Бәрі де классикалық үлгі бойынша жарық беру, суа­ру және қоректендіру тәсіліне бағынады. Бүгінде жылыжайда көп шөптің кезекті легін отырғызу маусымы басталған. Себілген тұқымның орындары қатаң карантинге қойылады. Неге десеңіз, тұқымның өніп шығуы үшін бірнеше тәулік керек, оған қоса қараңғылық пен ылғал да жеткілікті болуы шарт. Осындай талаптарды қатаң сақтағанда ғана мол өнімнен үміттенуге болады. Жылыжай ішіне газ жүргізілген, электр желісінде қиындықтар туын­даған жағдайда ғана жеке генератор қосылады, мұндай қосымша шығындар кейде да­йын өнімнің бағасына да әсер етіп жатады.

Жылыжай иесі жұмыс ауқы­мын кеңейте түссем дейді. Әри­не, ол үшін мемлекет ұсынып отыр­ған бағдарламаларды да пай­да­ланып көрген абзал. Оған қажетті жер учаскесі бар. Соның аясында субсидиялау бойынша жылыжайдың әр гектарына бөлінген қаржыға тыңайтқыштар, тұқым алуға мүмкіндік тумақ. Сөйтіп, шығынның орнын толтырып, табыстың көлемін арттыра алады. Әлбетте, тынымсыз еңбек етпей, ештеңе де өнбейді..

«Былтырмен салыстырғанда өндіріс көлемін 2 есе ұлғайттық. Осыдан ары қарай мемлекеттік қолдауға ие болсақ, әлі де кеңе­йе түссек деген ниеттеміз. Қала­ның қажеттілігін толық жабу­ға біздің мүмкіндігіміз бар, кейде импорттық өнімдердің баға­сы біздің жергілікті жерде өсі­ріл­­геннен төмен болып жатады. Сондықтан бұл жағынан қиындықтар да кездеседі. Біздің өнімдеріміздің сапасы импорт­тық­тан бір мысқал да төмен емес, жаңа жұлынып алынған бал­ғын, экологиялық таза», дейді А.Қуанғалиева.

Салмағы 150 грамм салаттың бір құтысы 450 теңгеден сатылады. Ал 130 грамм салат қос­па­­сының пакеттері – 900 теңге. Тиісінше, дүкендерде құны бұдан жоғары саудаланады.

Қараңыз, былтыр Жетісу облысының аграрлық саласында 510 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауа­рын өндірушілерді қолдау үшін бюджеттен 23,6 млрд теңге қарас­тырылған екен. Соның 21 млрд тең­гесі субсидияға бағыт­та­лып­ты.

 

Жетісу облысы