• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 24 Ақпан, 2023

Эльмира Оразалиева: Мақсатымыз – мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту

602 рет
көрсетілді

Елімізде «Бағдарлы тілдік білім: Интеграция. Инновация. Технология» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік семинар өтіп жатыр. Оны Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігі, Nazarbayev University және Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті бірлесіп ұйымдастырды. Семинардың жұмысымен кеңірек танысу үшін Nazarbayev University Қазақ тілі және түркітану кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Эльмира ОРАЗАЛИЕВАМЕН әңгімелескен едік.

– Эльмира Нұрланқызы, өзіңіз бас­қаратын Қазақ тілі оқытушыларының халық­аралық бірлестігі қашан құ­рыл­ды? Немен айналысады? Бірлестік жайлы кеңірек айтып берсеңіз.

– Бірлестік 2017 жылы құ­рылды. Ұйымның өмірге келуіне Nazarbayev University-нің қазақ тілі және түркітану департаменті түрткі болды. Мақсат – ана тіліміздің аясын кеңейтіп, мемлекеттік тіл ретінде қоғамдағы мерейі мен мәртебесін үстем етуге үлес қосу. Еліміздегі қазақ ті­лі мамандарының басын бірік­­тіріп, ортақ іске ынталы оқы­тушыларды жұмылдырып оты­рамыз. Бірлестікке негізінен жоғары оқу орындары мен мектеп мұғалімдері, белгілі ғалымдар, ұстаздар мүше. Қазақ тілін үйрету үшін оқытушының бүгінгі заман талабына сай біліктілігі болуы керек. Жаңа дағдыларды, технологияларды игеруге тиіс. Оқытушы табиғатымен, тіл оқыту құралдарымен, ішкі жан әлемімен талапкерді өзіне тарта білуі қажет. Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігі осындай бағыттарға басымдық береді.

Бастапқыда бірлестіктің ба­ғыты қалай болады, қандай мін­деттерді шешуге тиіс деген сұрақ­тарға жауап алу үшін білікті ма­мандардың пікі­рін тындадық, ұсыныстарын жинадық. Оның бәрі ғалымдар мен әдіскерлердің талқылауынан өтті. Сөйтіп, 2018 жылы бірлес­тіктің алдағы бес жылға арналған стратегиялық жос­пары бекітілді, мақсат-міндеттері, негізгі бағыт­тары айқындалды.

Жұмыс негізінен төрт бағыт­та жүрді. Бірлестік жұмы­сының негізгі ерекшелігі – қазақ тілі оқытушылары, мектеп мұғалім­дері арасындағы байланысты нығайту, өзара пікір және тәжі­рибе алмасу, халықаралық ын­ты­мақтастыққа қол жеткізу, әдіс­кер­лік дағдылармен бөлісу.

Халықаралық бірлестік бол­ған­дықтан, қазақ тілінің Қа­зақ­станда ғана емес, шетелдерде де оқытылуына назар аударылды. Сол себепті бастапқыда ұйымдастыру комитетінің құра­мына Польша, Түркия елде­рінің өкілдерін тарттық. Олардың қата­рында Янковский, Кенан Коч сынды мықты мамандар болды. Шетелдіктерді тартудағы мақ­сат – қазақ тілінің елден тыс жерде оқытылу деңгейін білу, өзара тәжірибе алмаса отырып, біліктілігімізді шыңдауға мүмкіндік алу.

– Бес жылдың ішінде қан­дай жұ­мыстар атқарылды? Негізгілеріне тоқталып өтсеңіз.

– Бірлестіктің бес жылдан бері атқарып келе жатқан негізгі жұмысының бірі – ғылыми-әдіс­темелік семинарлар ұйымдастыру. Олардың әрқайсысының өзіндік мақсаты, міндеті бар. Біз қазақ тілінде тек тіл мамандары ғана емес, тұтас қоғам – миллион санды алып аудитория еркін сөйлесе деген мақсатпен STEAM бағдарламасын алғашқылардың бірі болып қолға алдық. Сол бағытта жүйелі жұмыс жүргіздік.

Қазақ тілі – ғылым тілі әрі инженерлерге, математиктерге, биологтерге, химиктерге, экономистерге арналған жан-жақты жетілген құрал ретінде Nazarbayev University-де алғашқы күннен бас­тап дәстүрлі түрде жүргізіліп келеді. Студенттік аудиторияға үйретілетін тілдің өзгешелігі бар. Ауызекі сөйлеу тілінен, публ­и­цистикалық стильден ерек­шеленуі қазақ тілінің әлеуеті жоғары тіл ретінде ғылыми көпшіліктің алдында академиялық сипатта да өзекті болуы керек. Бұл бағытта да біраз жұмыс атқа­рылды, атқара да бермекпіз. Бола­шақта Nazarbayev University-нің оқытушыларымен шектелмей, іс-шараларымыз еліміздің өзге де жоғары оқу орындарының өзара ынтымақтасу алаңына айналса дейміз. Бұл мақсат толық жүзеге асса, қазақ тілінің қолданылу аясы да кеңейе түсер еді.

Алғашқы семинарларды өзіміз дайын­дадық, оған жастар, білікті әдіскерлер үлес қосты. Қазір Instagram желісінде ұсынылатын курстар, технологиялар, ойын форматындағы тапсырмалар көп­шілікке ұнайды. Сол секілді қа­зақ тіліне қатысты монетизация ұғымының да өзекті бола түсуі – заман талабы. Демек қазір әр оқы­тушының жинаған әдістемелік қорымен шектелмей, оны сыртқа шығаруы, өзін танытуы, өзгені тануы өте маңызды.

Тағы бір маңызды дүние – ғы­лыми бағыт. Ғылым мен әдіс­теме – егіз ұғым. Тіл үйрету үшін әуелі әдістемені білу керек. Ғы­лымның құнарын бойға жинай отырып, тілді игеру – үлкен басымдық. Сон­дықтан біз жас докторанттарға да ғылыми семинарлар, вебинарлар өткіздік. Нәтижесінде, алғашқылардың қатарында оларға ғылыми мақа­ланың құрылымын түсін­діріп, ғылыми басылымдармен таныс­тырдық. «Ғалым және ғылыми ізденіс плат­формасы» деген тақырыпта семинар ұсынылды.

Гүлнар Омарбекова мен Эрик Асланд сияқты мамандардың жетекшілігімен қазақ мақал-мәтелдерін экологиялық ізде­ніс­­термен сабақтастырып, қа­зақ тілі оқыту­шыларына шетел­дік басылымда жарияла­ну мүмкіндігін сыйлаған вебинар­дың ұйымдастырылуы да үл­кен жетістік. Атап өтерлігі, 2022 жылдың соңында «Қазіргі қа­зақ мақал-мәтелдерін зерттеу: цифрлық, танымдық, әдеби және экологиялық тәсілдер» атты кітап ағылшын тілінде Peter Lange Publishing (АҚШ) бас­па­сы­нан жарық көрді. Бұл қазақ маман­дарының ағылшын тілін еркін игергенін, мақал-мәтел­дерді әлем жұртшылығына таныс­тыратын мүмкіндік барын көрсетеді.

Ерекше атап өтер жетістіктің бірі – жас ғалымдар көрмесінің ұйымдастырылуы. Оны жыл са­йын дәстүрлі түрде Nazarbayev University-мен бірлесе өткізіп келеміз. Мұның идеясы кафед­ра оқытушысы Мей­рамгүл Құсайыноваға тиесілі. Жас ма­ман­дар да, студенттер де ғы­лы­ми жоба жазу кезінде өзара ынтымақтасуы қажет. Сол себеп­ті біз постерлер көрмесін жаса­дық, онлайнға көшкен уақытта да көрме жұмысын тоқтатқан жоқ. Бастапқы кезде университет шеңберінде, кейін Астана қала­сының 4-5 жоғары оқу орынының қатысуымен өткіздік. Кейінгі жылдары 16 жоғары оқу орнының студенттері қатысып келеді.

Бірлестік өз алдына дербес ұйым ретін­де шектеліп қала алмайды. Сондықтан барлығын ынтымақтастыққа шақыру – маңызды. Сол кезде ғана біз әркім­ге керек ақпаратты бере аламыз, еліміздің түкпір-түкпірінде дамып келе жатқан әдісті немесе технологияны тұтас Қазақстанға танытуға көмектесеміз. Міне, бес жылдың ішінде осындай игі шаралар ұйымдастырылды. Мен тек негізгілерін ғана санамалап өттім. Бұл – командалық жұмыстың жемісі. Сол себепті еліміздің әдіскерлер қауымына, қазақ тілі оқытушыларына рахмет айтқым келеді. Барлығының бір мақсатты көздеп, жұмыла жұмыс істеуінің нәтижесінде, алдымыздан түрлі мүмкіндіктің есігі ашылды. Бұл ретте жоғары оқу орындары мен мектеп деңгейіндегі қазақ тілі оқытушыларының, мұғалімдерінің бірігуін, сабақтаса қимылдауын – бірлестіктің ең үлкен жетістігі санаймын. Өйт­кені мүдде де, мақсат та, абырой да – ортақ.

– Бірлестік өз мүшелеріне нақты қандай мүмкіндік сыйлайды?

– Біріншіден, ұйым білікті маман ретінде кәсіби тұрғыдан жетілуге мүмкіндік тудырады. Екіншіден, ғылыми-әдістемелік ресурстарға қол жеткізуге жағдай жасайды. Еліміздің білікті мамандары өз қазанында ғана қайнап жатпауы керек. Білікті маман – қоғамның, халықтың олжасы. Ортақ олжа қолданыста болғаны абзал. Үшіншіден, бір­лес­тік AATT, NCOLCTL, CESS сияқты халықарлық бедел­ді ұйымдармен байланыс орна­туға, ынтымақтасуға жол ашады. Ғылыми жобаларды бір­ле­се игеру де бірлестіктің маңыз­ды бағыттарының бірі. Қыс­қасы, бірлестік қазақ тілі оқы­т­ушыларының шеберлігін шыңдап, көркем ойлары мен мақсат-мұраттарының жүзеге асуына ықпал етер еркін мінбеге айналды. Осы орайда ұйымның ұйымдастыру комитетінде жүрген әріптестерге айтар алғысым шексіз.

– Биылғы халықаралық семинар жұ­мысына біраз шетелдік және отан­дық ғалым­дардың, есімі елге мәлім ұстаз­дардың қатысып жатқанын көр­дік. Осы жолғы семинардың қандай ерек­шелігі бар?

– Әрбір ұйымдастырылатын семинардың белгілі мақсат-міндеті, ұсынар тақырыбы, платформасы болады. Ол ізденуді, жаңалықты қажет етеді. Мәселен, 2021 жылдың желтоқсанында біз Сүлеймен Демирел атындағы университетпен бірлесе жұмыс істесек, осы жолы серіктес ре­тін­де Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар мен әлем тілдері университетін таңдадық. Қазіргі семинардың ерекшелігі – екі апталық әрі гибридті жүйеде тәжірибе алмасатын мүмкіндікті, яғни офлайн және онлайн форматта қатар пайдалануға тырыстық. Екі университеттің бірігіп шара өткізуі жоғары оқу орын­да­рын­дағы қалыптасқан тәжі­рибе мен жинақталған қордың нәтижесінде, ортақ мәселелерді талқылауға, безбендеуге бағыт­талды. Бұл семинарда қазіргі таң­дағы тілді оқытуды, тілге қа­тыс­­ты білім беру жүйесін жетілдіруді, мамандардың сауат­тылығы мен кәсіби деңгейін бағалауды, сөйлеу әрекетін дамытуды, филологиядағы ғылыми-әдістемелік ынтымақтастық сияқ­ты бағыттарды анық­тауды өзекті мәселе деп таңдадық.

Осы орайда бірлестіктің ұтымды тұсына тоқталғым келеді. Біз конференцияға, семинарларға қатыса отырып, өзімізге ұнаған, керек деп таныған мамандарды сырттан шақыра аламыз. Мәселен, ААТТ семинарына қатысу нәтижесінде, 2019 жылы офлайн платформада Түркиядан Тоғба ханымды шақырып, 7-8 тіл үйрету технологиясымен бірлесе жұмыс істедік. Осы бағытты мүмкіндігіміз келгенше ұстануға тырысамыз. Биыл Моңғолиядан қазақ тілін үйрететін маман хабарласып, семинарға қызығушылық танытты. Әрине, біз үшін отандық мамандармен жұмыс істеу маңызды. Сондықтан осы жолы да қазақ тілін үйрету серіктес университеттің ағылшын, неміс, француз тілдерін оқыту технологияларымен сабақтастырған тәжірибесі негізінде ұсынылды. Әрбір ақпарат семинарға қаты­сушыларға, жалпы қазақ тілінің кеңістігін кеңейтуге пайдалы боларына сенімдіміз.

– Тақырыппен сабақтас бір сұрақ қойсам деймін. Nazar­bayev University-інде қазақ тілі қаншалықты терең оқыты­лады?

– Мұнда оқитын студенттердің өз ерекшеліктері бар. Осы уақыт­қа дейін қазақ тілін курс ретінде, пән ретінде болашақ тіл мамандарын оқытумен айналысып келсем, бұл жерде студенттердің пән таңдауда, курс таңдауда қажеттілік мәселесіне басымдық беріледі. Ұсынатын пән таза қолданбалы бағытта болғаны ұтымды. Студенттер жалпы филологиялық тілдік терең білімнен гөрі қазақ тілінің қоғамдағы орнына көбірек назар аударады. Осыған орай, пәндерімнің атаулары да сәл ерекшелеу. Бірі «Мемлекеттік қызметтегі қазақ тілі» деп аталады. Бұл пәннің дүниеге келуіне мен жұмысқа тұрғанда осында қызмет еткен Ропер мырза ықпал етті. Ол «біздің студенттер – Қазақстанның болашақ саясаткерлері, білікті азаматтары. Сол себепті олардың қазақ тілінде алатын білімін тереңдетіп, саяси біліктілігін, сауаттылығын арттыру маңызды» деп, осындай ұсыныс жасады.

Екінші пән ретінде әуелде «Сөйлеу мәдениеті» деген бағыт­та дәріс оқыдым. Кейін кафедрада қабылданған шешім негізінде «Бизнес. Қазақ тілі» курсын жүргізе бастадым. Бұл пәннің бастамашысы – кафедрамыздың профессоры Зейнехан Күзекова. Қазір бірнеше оқытушы бірігіп, пәнді бір модуль ретінде оқыта­мыз. Іздену барысында әр оқы­тушының өз силлабусы, өз ұстаны­мы қалыптасты. Негізгі ортақ мүдде – іскерлік бағыттағы қазақ тілін дамыту. Бұл пәннің де ерек­шелігі, атының өзі айтып тұр­ған­дай, студенттердің таңдау жасауына әсер етеді. «Бизнес. Қазақ тілі» пәнінде біз қазақ тілі­нің кәсіпкерлерге арналған, кәсіп­керлік ортаға қызмет ететін ерекшелігін меңгертеміз. Ол үшін бизнес идея, бизнес жоспар, маркетингтік жоспар төңіре­гіндегі тілдік дағдыларды дамытамыз.

Студенттердің біздің курстар­ға деген қызығушылығы зор. Кейде курсқа орын толып қалған­да «қосымша орын ашпайсыздар ма?» деп кеш қалғанына қын­жылатын студенттер де кез­де­седі. Демек біздің қолға алған жұмысымыздың нәтижелі болғаны. Өйткені мұндағы дәрістердің бәрі концептуалды ойдан тұрады. Студенттермен жұмыс істеген кезде тілді жай ғана құрал ретінде емес, адамның ойын жеткізуші, пікір алмасуға көмектесуші, сезімді білдіруші құрал ретінде де қамтуға тырысамыз. Берілетін тапсырмалар да тек бизнес немесе мемлекеттік қызмет салаларымен шектеліп қалмай, мүмкіндігінше студенттердің танымдық кеңістігін кеңейтуге, қазақ тілінде бар ұғымдарды са­лыс­­тыру нәтижесінде, өзге тіл­дерде кездеспейтін ерекше­ліктерге бағытталады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»