• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қылмыс 24 Ақпан, 2023

Айлакерлер апаны аңқауларды тартады

306 рет
көрсетілді

Қоғамның қазір интернетсіз күні қараң. Ал интернеттің игілігі де бар, зияны да бар. Әйтсе де аңқау қазақтың аяғына тұсау болып тұрғаны рас. Мысалы, биылдың өзінде ел көлемінде 1617 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Мұның 33-і Жетісуға тиесілі екен.

Енді жоғарыдағы санды жіпке тізіп көрейік. Өңір ор­та­лығы Талдықорған қала­сын­да 31, Текелі қаласында 1, Көксу ауданында 1 жағдай тіркелген. Көбінде бұл қылмыстың түрі ұялы телефондарды қолдану ар­қылы жасалған. Алаяқтар банк­тік ақпаратқа қол жеткізу үшін азамат­тардың қажетті жеке мә­лі­­метін алудың түрлі тәсілін қолданып, қақпанға түсіреді. Мәсе­лен, Талдықорған қалалық полиция басқармасы Ф. есімді азаматтың арызы бойынша тергеп-тексеру жүргізу үстінде. Белгісіз біреулер оның атынан онлайн несие рәсімдеп, қаражат жым­қыр­ғаны анықталған. Кіші әділет кеңес­ші­сі Жайық Мұқанов­тың айтуынша, алаяқ­тар адамдарды көбіне несие рәсімделгені туралы жаңы­лыс­ты­рады.

«Олар бірден банк картасы бойынша мәліметтерді, карточка нөмірін, банк картасының артқы жағында орналасқан «CV» кодын хабарлауды сұрайды. Ол аз десеңіз, «WhatsApp» мессенджері арқылы қоңырауларды пайдаланады. Өйткені «WhatsApp» қоңы­рау­ларды бақылау қиын, алаяқтар ел ішінде де, одан тыс жерлерде де болуы мүмкін. Соны­мен қатар интернет-алаяқтық «Колеса», «Крыша», «OLX» интернет сайт­тарын пайдалану арқылы да жасалады. «Бір айта кетерлігі, осындай эпизодтарға ұқсас қыл­мыс­тық істерді еліміздің барлық аймағынан кезіктіруге болады. Интернет-алаяқтық қазіргі қо­ғам­ның ең өзекті әрі маңызды мәсе­лесіне айналды», дейді Ж.Мұқанов.

Тағы бір айта кетерлік жайт, «Instagram», «Telegram», «Face­book», «ВКонтакте» секілді ел ішін­де беделге ие әлеуметтік же­лі­лер арқылы мүлікті сату тура­лы хабарландыруды жария­лау кезінде де абай болған дұ­рыс. Олар қымбат заттардың өте төмен құнын пайдаланады. Осы­лайша, сатып алушыларды өзіне тартады екен.

Айтпақшы, Жетісуда алаяқ­тық­­тан бөлек, аудиторлық тек­се­рістен кейін анықталған қар­жы қылмыстары да көбейген. Бұл бағыттағы тәртіп бұзушы­лық­­тардың жалпы сомасы 2 138 275,5 мың теңгені құрап отыр. Оның ішіндегі 758 028,5 мың теңге қаржылық болса, 1 380 247,0 мың теңге рәсімдік сипаттағы бұзушылықтарға жатады. Жалпы, өңірде аудитпен қамтылған қа­ра­жат көлемі 2 535 973,3 мың теңге, оның ішінде ба­қылаумен қамтылған мем­ле­кет­тік сатып алу сомасы 526 727 мың теңге.

«Жетісу облыстық ішкі мем­ле­кеттік аудит депар­та­менті былтыр комитет тапсырмаларының не­гі­зін­де құқық қорғау органдарынан жіберілген шағымдар мен өтініштерге, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жоспардан тыс 18 аудиторлық іс-шара жүргізіп, бір­қатар кемшілікті анықтады», дейді облыстық ішкі мемлекеттік аудит депар­та­мен­ті­нің бөлім басшысы Жайлау Шаймерденов.

Есепті кезеңде анықталған заң­сыздықтарды жою және олар­ға жол берген жауапты тұл­ға­­лар­ды тексеру мақсатында аудит­ нысандарына 17 нұсқама жібе­ріліп, 2 лауазымды тұлға тәр­тіптік жауапкершілікке тар­тылған. Сондай-ақ департамент мамандары аудиторлық іс-шара­лар­дың нәтижесі бойынша 14 лауазымды тұлғаға әкімшілік жаза ретінде 1056,3 мың теңге айыппұл салған. Бүгінде қаржы толық көлемде өндірілген. Одан бөлек 2 аудиторлық іс-шараның қорытынды материалдары құ­қық қорғау органдарының қарауына берілген. Департамент «Мем­ле­кеттік аудит және қаржылық бақы­лау туралы» заңның 30-бабына сәйкес облыстағы ұйым­дастырушылар, тапсырыс беру­ші­лер өткізетін мемлекеттік са­тып алуларға тұрақты негізде ка­мералық бақылау жүргізеді. Мәселен, былтыр жалпы сомасы 31,1 миллиард теңгеден астам мем­лекеттік сатып алудың 3 229 лоты камералық бақылаумен қамтылған. Оның қорытындысы бойынша 804 лотта 6,8 мил­лиард теңгенің заң бұзушылығы анық­та­лып, оны жою туралы 804 хабарлама жіберілген.

 

Жетісу облысы