Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Ішкі істер министрлігінің қылмыстық үдерістің бастапқы сатыларында азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі қызметі талқыланды.
Комиссия төрағасы Игорь Рогов бұл мәселе өзекті екенін алға тартып, отырыстың күн тәртібіне бекер шығарылмағанын айтты. Ол өз сөзінде құқық қорғау және арнайы органдардың қызметінде, әсіресе қылмыстық үдерістің бастапқы сатыларында адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың маңыздылығы жоғары екенін еске салды. Бұл ретте ол құқық қорғау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, оны экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарына сәйкес келтіру қажеттігі туралы мәселелерге ерекше назар аударды. Комиссия төрағасы өз құқықтары мен бостандықтарын, әсіресе, қылмыстық үдерістердің сатыларында тиімді қорғауды қажет ететіндердің барлығына білікті заң көмегін көрсететін адвокаттардың қызметінде адам құқықтарын қорғаудың басымдығы мен өзектігін атап өтті. Бұл мәселе туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев баяндама жасап, жиналғандардың сауалына жауап берді.
Комиссия отырысында Конституция, Қылмыстық-процестік кодекс, заңдар, БҰҰ-ның Адам құқықтары туралы халықаралық пактілері, Азаптауға қарсы конвенция және басқа да ратификацияланған халықаралық шарттармен кепілдендірілген қылмыстық істерді сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде азаматтардың, өзге де адамдардың конституциялық құқықтарын сақтау мен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері де талқыланды.
Комиссия мүшелері қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдау құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың қызметіндегі Конституциямен, басқа да заңдармен және адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерімен кепілдік берілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің ахуалын едәуір жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қылмыстық үдерістің бастапқы сатыларында азаматтардың конституциялық құқықтарын тиімді қорғау мақсатында комиссия мүшелері мен сарапшылары АҚШ пен әлемнің басқа да дамыған елдерінің тәжірибесіне сүйенуді ұсынды. Яғни құқық қорғау органдарында арнаулы жоғары білімі бар психолог пен әлеуметтік педагогтің және құқық қорғау органдарының қызметкерлері болып табылмайтын адамдардан тұратын жәбірленушілермен жұмыс жөніндегі бөлімдерді іске жұмылдыру қажет. Оларға дәлелдеме мәртебесі бар бейнежазбаны қолдану және әңгімелесу құқығын беру мәселесі қарауға ұсынылды. Бұл еліміздегі Қылмыстық-процестік кодекске тиісті өзгерістер енгізуді талап етеді.
Комиссия отырысында әзірленген ұсынымдар Мемлекет басшысының, Парламент пен Үкіметтің назарына ұсынылмақ.