• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құрылыс 28 Ақпан, 2023

Битум тапшылығы жалғаса ма?

291 рет
көрсетілді

Қазақстанда жол құрылысы саласына қажет битум тапшылығы алдағы жазда да жалғасуы мүмкін. Себебі отандық мұнай-химия зауыттары жол салушылардың сұранысын 60-70 пайызға қанағаттандыруға ғана қауқарлы. Жыл сайын бағасы аспандайтын өнімнің өндірісі биыл Павлодарда құлдырайды деп күтілуде.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігінің мәлі­метіне сүйенсек, жыл сайын отандық жол құрылысы саласына шамамен 1,7 млн тонна битум қажет болады. Ақтаудағы «Kaspi Bitum» бір жылда – 360 мың тонна, Павлодардағы «ПМХЗ» ЖШС – 350 мың тонна, ал Шымкенттегі «Qazaq Bitum» ЖШС 240 мың тонна битум өндіруге қабілетті. Жол құрылысы бойынша әзірленетін жобалық-сметалық құжаттамалардың жиынтығы бір маусымда шамамен 1,7-1,8 млн тонна битумға сұраныс тудырады. Отандық кәсіпорындарда дайындалатын өнім мұнай шикізатына иелік ететіндердің, яғни «өңдеуге мұнай берушілердің» тапсырысы бойын­ша өндірілетінін де ескеру керек. Сондықтан Үкімет те, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниясы да оның көлемін өсірудің тетігін таппай тұр. Түпкілікті дайын өнім тұтынушыға шикізатты жеткізген компаниядан келіп тү­се­ді. Сәйкесінше баға саясатын да ресурсқа иелік ететіндер белгілеп, реттеп отыр. Былтырғы маусымда битумның тоннасы 160 мың теңгеден 250 мың теңгеге бірақ секірді. Жол құрылысына қажет өзге де материалдардың бағасы екі есеге жуық қымбаттады. Осының барлығы билік пен мұнай өңдеу компанияларының нарықты бақылаудағы дәрменсіздігін дәлелдейді.

Жығылғанға жұдырық демекші, биыл «ПМХЗ» ЖШС битум өндірісін азайтуды жоспарлап отыр. Соңғы екі жылда зауытта шығатын битум тұрақты өсім көрсетіп, 2021 жылы – 304,7 мың, 2022 жылы 329,6 мың тонна мұнай өнімі дайындалды. «ҚазМұнайГаз» бекіткен өндірістік бағдарламасына сәйкес 2023 жылы Павлодарда битум өндірудің жоспары небәрі 280,1 мың тоннаны құрайды.

Серіктестік бас директорының міндетін атқарушы Саятай Әліп­баевтың айтуынша, кез келген мұнай өнімі мұнай жеткізушілерден түсетін тиеуге арналған өтінімдерге сәйкес жүргізіледі. Алдағы жоспар да соған сәйкес түзілген.

«ПМХЗ» ЖШС ақпан айының соңынан битум өндірісін бастауға және наурыз айында дайын өнімді тиеп, тиісті көлемде шығаруға өтінім­дер болған жағдайда өндіріс жоспарын ұлғайтуға дайын. Битум мау­сым­­дық өнім болғандықтан ол наурыздан қарашаға дейінгі аралықта ғана өндіріледі. Дегенмен біздің қыс­қы кезеңде де битум өндіруге мүмкін­дігіміз бар. Барлық мәселе келіп түсетін өтінімдерге байланысты. Бұл арада зауыт тек мұнай айыратын «сепаратордың» рөлін атқаратынын түсінген абзал.  Дайын битумның 70 пайызы кәсіпорын аумағынан арнайы автокөліктер арқылы, өзгесі теміржол көлігімен шығарылады. Тасымалдау бойынша мәселе туындап көрген емес. Алайда біздің зауытта битум 3 тәулік қана сақталатынын айту керек. Одан асса ыдыстағы битум қатып қалады. Бұл цистернада сақтап отыратын бензин немесе трактор отыны емес», дейді Саятай Әліпбаев.

Жалпы, битум өндіру технологиясы – аса күрделі үдеріс. Павлодардағы зауыт мамандарының айтуынша, бір тонна мұнайдан зауыттағы битум блогінің жүктемесіне және өндіріс жоспарына байланысты 5-тен 9 пайызға дейін битум өндіріледі екен. Яғни бір тонна мұнайдан 90 кило битум алынады десек, бір тонна битумды дайындауға 11 тонна шикізат қажет.

Битум өндірісі тотығу колоннасын­да­ғы гудрондардың (мұнай өңдеудің ауыр қалдықтары) тотығуы нәтиже­сінде жүзеге асады. Битум өндірісінің негізгі аппараттары – тотығу колонналары. Мұнайдан алынатын битум жол саласына, рубемаст, рубероид, мастика, битум қағазы және тағы басқа өнімдердің өндірісіне пайдаланылады.

Керекуде өндірілетін битумның небәрі 10 пайызы ғана облыста қала­ды. Қалғаны өзге өңірлерге жібері­леді. Мәселен былтыр өңірдегі жергі­лікті маңызы бар автокөлік жолдарын жөндеуге шамамен 35 мың тонна битум жұмсалыпты. Павлодар облы­сының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы биылғы жоспар бойынша жолдарды реттеуге 40 мың тонна битум қажет болатынын хабарлады. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ орталық аппаратымен бірлесе битумды іріктеу бойынша іс-шаралар жоспары әзірленген. Осыған байланысты битум тапшылығы болмайды деп болжанып отыр.

Ал «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Алексей Логвиненконың сөзіне құлақ түрсек, бұл ұйымның қажеттілігі үшін биыл небәрі 4 860 тонна битум қажет. Оған шамамен республикалық тас жолдардың 123 шақырымы ағымдағы жөндеуден өткізіледі. Мердігер компаниялар өнімді өз беттерімен сатып алатыны себепті, олардың жалпы қажеттілігі бойынша ақпарат жоқ.

Тағы бір мәселе отандық битумның сапасына қатысты. Саятай Әліпбаев кәсіпорыннан тиелетін жол битумы еуропалық сапа талаптарына жауап береді, МЕМСТ 33133-2014 мемлекетаралық стандартына сәйкес келеді дегенімен, павлодарлық зауыттан шығатын битумның нормативтері былтыр көңіл көншітпеді. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорын мамандары Павлодар облысы бойынша жолға төселген битумнан 31 сынама алып, оның 18-і талап етілген нормативтерге сәйкес болмай шыққан.

«Жол битумын елімізде қолданыс тауып жүрген нормалар бойынша сынақтан өткіземіз. Стандарт бойынша жолға төселген битумнан сынама алынып, оның қызуға төзімділігі тексеріледі. Ұлттық орталықтың зертханаларында өзге де сапа көрсеткіштері талданады. Көбіне алынған материал цельсий бойынша 25 градус ыстықта созылу қасиетінен айырылатынын байқатады. Жолға төселген битумның тозуға қарсы қабілеті жоғары болуы керек. Егер бұл көрсеткіші анағұрлым жоғары болса, оның асфальт-бетонды қоспаны байланыстыратын бастапқы сапасы ұзақ жылдар бойы өз қасиетін жоғалтпайды», дейді орталықтың тәжірибелі қызметкері Олег Левченко.

 

Павлодар облысы