• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 06 Наурыз, 2023

Құрақ – құр шүберек емес

539 рет
көрсетілді

Құрақты шүберектің қиқымынан келістіріп құрай беретін шығар десек, әрбір элементінде пәлсапалық терең мән жатыр екен ғой. Ол туралы құрақ құрап, «ақылды» жастық тігіп жүрген ісмер Айжан Үмбетовамен әңгімелескенде білдік.

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің физика және технологиялар кафедрасы өндірістік оқыту шебері Айжан Төлеу­ханқызы заманауи эко-ұлттық бұйым­дарды дайындау жобасын қолға алған. Мамандығы технологияға жақын болғанымен, жаны қолөнерді қалайды. Ол құрақ құрап ғана қоймай, тарихына дейін індете зерттеп жүр.

«Шүберектің қиқымын жабыстыра бермеймін. Мәнін, мағынасын зерттеп барып, тігінге отырамын. Қараңыз, бір қарағанда, әп-әдемі. Бірақ қаншама ой жатыр? Бұл ши құрақ ұзатылып бара жатқан қызға арналған. Түсіне дейін ойластырылған. Мағынасына келер болсақ, құрақта шаңырағы берік болсын дегендей тілек айтылған. Бұрыштама құрағындағы ақшыл және қою түстер «өмірдің ағы мен қарасы қатар жүреді, тек ғана мойымай алға жүр» дегенді меңзесе керек. Ал бұл құдық құрақ. Яғни келінді нәр беретіндей мөлдір суға теңеген. «Барған жеріңе пайдаңды тигіз» деген ұғым болса керек. Төрт тырна құрақ күн ретінде тігіледі. «Жан-жағыңа күнде шуағыңды шаш» дегендері ғой. Көрпешеге әдемілік беріп тұрған құрақтың бірі – жебе құрақ. «Өмірдің қандай қиындығы болса да, жебедей алға ұмтыл» деген сипатта», деп құрақ­тың бірқатар түрімен таныстырып өтті А.Үмбетова.

Сол секілді жол құрақ, амандасу құрағы, қарама-қарсы, жүрегім сынды құрақ түрлері бар. Әрқайсысы зерттелмеген философия. Зерттеу үшін Айжан Төлеуханқызы құрақ сырын біледі-ау деген көнекөз қариялармен әңгі­мелесіп, керегін қағазға түртіп алып жүр. Айтуынша, ою-өрнек танушылар көп болғанымен, құраққа қызыққандар некен-саяқ. Сонда кейіпкеріміздің құрақ­қа, оның тарихына қызығушылығы қай­дан ауып жүр дейміз ғой. Сөйтсек, апасы Дақия құрақшы болған кісі екен. Туған жерлері Зайсан ауданы. Айжанның бала­лық шағы Біржан ауылында өтіпті. Апа­сына құрақ түстерін үйлестіруге, инесін сабақтауға көмектесіп жүріп бой жеткен. Апасы сырмақ сырып, құрақ құраудың, ши тоқудың нағыз шебері екен. Ал нағашы апасы Әуезхан эскиз сызбай-ақ, әдемі гүлдер мен өрнекті кес­телеп жіберер еді. Әке-шешесі Төлеу­хан Әбілмәжінов пен Ғайнигүл Зағиол­дақызы да Айжанға қазақы тәрбие бе­ріп өсірді. Бүгінде ол ибалы келін, ақжау­лықты ана.

«Өнеріме отбасым үлкен қолдау көрсетіп отыр. Түс таңдауда, ши құрақ­тардың таспаларын реттеуде ұлым мен қызым қасымнан табылады. Қызымның да қолөнерге қызығушылығы бар. Мен де 10 жасыма дейін екі ағамның соңынан еріп, атқа мініп жүрген қыз едім. 5 сыныпта Қанипа Әбусағитова апайымның үйірмесіне қатысып, бос уақытымның барлығын қолөнерге арнайтын болдым. 15 жасымда ғой деймін, саусағымды ине зақымдаса да, мойымай үлкен текеметті кестелеп шыққаным бар», дейді шебер.

Университет қабырғасындағы шеберханадан ұлттық нақыштан бөлек, балаларды білімге шақыратындай көрпе­шелер де көпшілікті қызықтырады. «Ақыл­ды» жастықтар деп отырғаны сол, бастауыш сынып оқушыларына қажет-ақ екен. Мысалы, бір жастықтың бетіне алфавитті түсірсе, енді бірінде көбейту кестесі бар. Демек оқу ойын баласының көз алдында жатады. Бұл да білім берудің бір әдісі. Шебер жаңа жастық тікпес бұрын, сурет таңдайды. Оның маңыздылығына мән береді. Содан кейін сол суреттің ішіндегі түстерге сәйкес келетін ши құрақты іріктейді. Ши құрақты әзірлеудің өзі зергерлік жұмыстан кем түспейтіндей.

«Студенттердің қолөнерді үйренуіне университетіміздің ректоры Мұхтар Әділбекұлы қажетті жағдай жасап, үнемі қолдап келеді. Жоғары мектептің деканы Салтанат Сайларбекқызы мен кафедра меңгерушісі Римма Ерболатқызы да көп қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда «Кәсіп­тік оқыту, көркем еңбек және графика» мамандығы бойынша өзім де оқып жүрмін», дейді шебер.

А.Үмбетова бұған дейін құрақпен ғана шектелген жоқ. Тоқыманың түр-түрін тоқыды. Саусақ театрына кейіп­керлер тіккен кездері де болған. Бірнеше жыл көлемінде үйге киетін мәсі тоқып, нәпақа тапқаны да бар. Соның ішінде арнайы тапсырыспен жасалған екі аяқ киімі Италия еліне сатылған. Алайда бір мәсінің өзін әзірлеу әуре секілді. Сол үшін де шығар, тоқыма тоқуды тоқтатып, тігінге көшкен.

Қолөнер шебері құрақ тіккенде ерекше түстер үйлескен әдеміліктің әлеміне еніп, қанша уақыт отырғанын өзі де сезбей қалады. Өзге істі ысырып қойып, зырылдаған уақытқа да қарамайды. Тек бастаған бұйымын аяқтап, көруге асығады.

«Құрақ тігу деген – мен үшін ғажа­йып әлем. Әрбір жастығымды үлкен махаб­батпен тігемін. Сол үшін де жастық­тарымды өзгелер сөзсіз ұнатады. Кез келген маман өз ісін шын жақсы көріп істесе, теңдесі жоқ ерекше дүние шығар еді», деп өнерге деген сезімін жеткізгісі келді.

Иә, өнер әлемін біреу түсінер, біреу түсінбес. Ең бастысы, қандай өнер болмасын, қадіріне жете білсек болғаны. Айжанның көз майын тауысып тіккен дүниелері біреудің төрінде тұрса, ісмер үшін содан асқан бақыт жоқ шығар, сірә. Әйтпесе, бұл деген өнердің – өнері екені рас.

 

ӨСКЕМЕН