Қазақ ғылымына өз үлесімізді қоссақ деп талпынып жүрген жастар аз емес. Шыны керек олардың білімін тереңдетіп, тәжірибесін жетілдіруге «Болашақ» бағдарламасының маңызы зор. Бағдарлама аясында қазақтың білім қуған ұл-қыздары әлемнің әр қиырындағы маңдайалды оқу орындарына түсіп, тәжірибе алмасып, қанаттарын қатайтты. Олардың арасында әлемдік деңгейдегі ғылым саласына үлес қосып жүрген жастар баршылық. Соның бірі – Арай Ильясова-Шенфельд. Ол «Болашақ» стипендиясының екі мәрте иегері. Кейіпкеріміз 2010 жылы Ұлыбританияның ең ірі және үздік оқу орны Ноттингем университетінде мемлекеттік басқару мамандығы бойынша магистратураны үздік дипломмен бітіріп, кейін 2017 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
«Еңбегі бардың өнбегі бар» демекші, биыл жас ғалымды Times Higher Education World University Rankings атты әлемнің үздік жоғары оқу орындарының беделін анықтайтын жаһандық зерттеуге ғалым және сарапшы ретінде қатысуға шақырды. Бұған екінің бірінің қолы жете бермейді. Нақтырақ айтсақ, университет жетістіктерінің деңгейі жаһандық сарапшылар сауалдамасының нәтижесі, статистикалық талдау негізінде бағаланады. Times Higher Education журналы төрт түрлі рейтингті әзірлейді: университеттердің жалпы әлемдік рейтингі, пәндік рейтинг, академиялық бедел рейтингі, сондай-ақ Азия, Латын Америкасы және BRICS елдеріне арналған өңірлік рейтинг. Енді қазақ ғалымы да әлемдік сарапшылардың қатарында 2023-2024 жылдарға арналған әлемдік рейтингті түзуге қатысады.
Times Higher Education (THE) жаһандық академиялық бедел сауалдамасын толтыру арқылы Times Higher Education World University Rankings зерттеуiне ғалым ретінде сарапшы болуға лайық деп танылған қазақ ғалымы бұған ғылыми жарияланымдары негізінде таңдалғаны сөзсіз. Times Higher Education – 2004 жылдан бастап студенттерге және олардың отбасыларына, ғалымдарға, университет басшыларына, үкіметтерге және өнеркәсіпке арналған университеттердің жетістіктері туралы деректерді жариялайтын ғылыми басылым. Сонымен бірге бұл журнал әлемдегі университет көрсеткіштерінің ең бай дерекқорларының біріне айналды. Сан түрлі деректер бойынша сарапшылар тобы әлемдік деңгейдегі университеттерді 13 жеке тиімділік көрсеткіші бойынша бағалайды. Олар үздік университет қызметінің маңызды бағыттарының толық спектрін қамтиды. Бұған оқыту, зерттеу, білім беру және халықаралық көзқарас жатады.
– Мені басылымдарымның негізінде әлемнің басқа да жетекші ғалымдарының ішінен таңдап алды. Сарапшылық сауалдамаға шақырумен ғана қатысады. Университеттер немесе ғалымдар сауалдамаға қатысу үшін өздерін ұсына алмайды. Мені шақырады деп ойламаппын, жарияланымдарым мен зерттеулеріме жоғары баға бергеніне қуаныштымын. Осындай беделді басылымнан шақыру алу, Times Higher Education баспасы тарапынан жоғары білім және мемлекеттік саясат саласындағы ғалым және сарапшы ретінде халықаралық мойындалу маған білдірілген үлкен сенім – дейді сан сынақтан сүрінбей өткен қазақ қызы.
2011 жылдан бастап Арай Nazarbayev University-не әкімші қызметкері ретінде қабылданды. 2017 жылдан бастап докторлық диссертациясын қорғағаннан кейін ғылыми және оқытушылық қызметпен айналыса бастады. Кейін университеттің Жоғары білім мектебінде оқытушы ассистенті, 2018-2020 жылдары Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде постдокторант-ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Магистранттарға «Мемлекеттік саясатқа кіріспе» негізгі курсын оқыды. Арай әлеуметтік саясатта пәнаралық теория ретінде саяси трансферт теориясын қолдану контекстінде жоғары білім беру саясатын, сондай-ақ мемлекеттік саясат үдерістерін, Болон үдерісі, жалпы Қазақстандағы білім беру реформалары және ғылым саясатын зерттеген.
– Қазақстанда білім мен ғылымды дамыту мәселесі барлық деңгейде талқыланып келеді. Ғылым саласындағы саясатты жетілдіру үшін көптеген жұмыс топтары, кеңестер құрылып, форумдар, семинарлар, ғылыми қауымдастық үшін кездесулер өткізіліп келеді. Биыл Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Кеңестің құрылуына бірнеше мақсат түрткі болды. Біріншіден, ұлттық ғылыми жүйені басқару ісін жетілдіру, екіншіден, ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты одан әрі дамыту, үшіншіден, басым бағыттарын айқындау және ұсынымдар әзірлеу. Бәрі де жақсы бастама. Бірақ мемлекеттік саясатты дамыту үшін ғылыми-зерттеулер жүргізу керек. Әр министрлікте аналитикалық орталықтар бар, олар – сол мекемелердің «миы». Білім беру, зейнетақы және ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау секілді салалардағы мәселелерді сапалы және сандық зерттеулерге сүйеніп шешу маңызды. Мемлекеттік проблемаларды зерттеу әдістерін жан-жақты қолдана алатын, саясат саласында ғылым докторлары мен заң ғылымдары осындай орталықтарда жұмыс істеуі қажет. Мұндай мәселелерге арналған аналитикалық орталықтар Сингапурда да бар. Сонда ғана барлық шешім ғылыми-зерттеуге сүйеніп шығарылады (evidence-based policy and decisions) және бұл мемлекеттік саясаттың негізін қалайды, – дейді Арай Қозықызы.
Ғалымның айтуынша, азаматтарды ғылымға тарту, оның ішінде ғылыми білімді танымал ету арқылы адамдарға жеке және кәсіби тұрғыдан саналы таңдау жасауға мүмкіндік беретін білім мен дағдыларды қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын негізгі күш – ғылым саласы. Өйткені ғылым – қоғамдық үдерістің ең қуатты қозғалтқышы және білімнің маңызды тетіктерінің бірі. Ғылымды қаржыландыру артса да, жүйелі мәселелер сақталып отырғанын, ғалымдардың жалақысының кешігуін, нормативтік-құқықтық актілердің жетілдірілмеуін атап өткен жөн.
– Қазақ ұлты ғылыми ұлтқа айналуы үшін не істеуі керек? Алдымен есеп беру дейтін ескі жүйеден арылсақ жақсы болар еді, бұл – кеңес одағының тәсілі. Шетелдік сарапшылармен сөйлескенімде, «Қазақстандағы ғылым саласы неліктен кеңестік стилде?» деп сұрады. Жиындарда сан мен көрсеткіштерге басымдық беріп, ғылым саласында озықпыз деп мақтанамыз. Сөйте тұра шетелдік мамандарды шақырып, кеңесіп, ұсыныстар сұраймыз. Бұл салада өнімді жұмыс істеу үшін академиялық ғылыми құндылықтарды жұмыс тәртібіне енгізу керек. Сингапурға барып, ол жақтағы ғылым саласы туралы зерттеу жасадым. Сингапур университеттері үнемі ғылым саласын жетілдіріп, Азиядағы және әлемдегі ең жақсы үрдістерді берік ұстанып келеді. Білім мен ғылым – мемлекеттің басты құндылығы. Үкіметтің ел бюджетінің жалпы көлемінің 20 пайызын осы салаға салуы Сингапур ғылымының атын әлемге шығарды, – дейді ғалым.
«Ана көрген тон пішер» демекші, Арайдың ғылым жолына түсіп, осыншама жетістіктерге жетуіне анасы, «Еңбегі сіңген өнертапқыш» атағын иеленген тұңғыш қазақ әйелі, химия ғылымдарының докторы, профессор Сұлукен Рахмадиеваның да үлесі зор екенін айтқымыз келеді. 250-ден астам ғылыми жұмыстың, 32 патенттің және түрлі авторлық куәліктердің иегері, марқұм Сұлукен апайымыз өнегелі ұрпақ тәрбиелеген ана ретінде қызының ғылым саласындағы жолына сәттілік тілеген екен.
Арай Ильясова-Шенфельд 2020 жылдан «Қоғамдық саясаттағы әйелдер» халықаралық желісінің, Жас ғалымдар альянсының негізін қалаушы ретінде де көпшілікке таныла бастады. «Посткоммунистік мемлекеттердегі халықаралық саясат трансферті: Қазақстандағы жағдай» атты зерттеуі туралы да ғалымдар жақсы баға берген. Аталған ғылыми жұмысында ғалым Қазақстандағы білім беру реформаларын зерделеу арқылы халықаралық саясат трансфертін (International Policy Transfer) зерттеуге күш салған. Қазір ол 17-ден астам ғылыми жұмыстың авторы, оның ішінде Q1-Q2 рейтингтік журналдарда жарияланған мақалалар бар. Ғалымның PhD диссертациясы автордың рұқсатымен Лондонда – Британ кітапханасында (The British Library) сақтаулы тұр.