Премьер-министр Әлихан Смайылов Алматы қаласында жұмыс сапарымен болып, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың тыныс-тіршілігін бақылады. Бірқатар әлеуметтік нысанның жұмысын және құрылысын тексеріп, шағын өнеркәсіп парктері мен қаладағы индустриялық аймақ резиденттерімен кездесті. Сонымен қатар Үкімет басшысы Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Көлік құрастыру экономиканы көркейтеді
Соңғы жылдары Алматының автокөлік жасау кластері жоғары қарқынмен дамып келеді. Өткен жылы өңдеу өнеркәсібінің 70%-ы осы автокөлік жасау есебінен қамтамасыз етілген. Әлихан Смайылов Оңтүстік Кореяның «Hyundai Motor Company» компаниясымен ынтымақтастық меморандумы аясында іске қосылған жолаушылар, жүк және мамандандырылған техника шығаратын «Hyundai Trans Almaty» зауытына барды. Бұл кәсіпорын республиканың жекеменшік компанияларына, коммуналдық ұйымдарына және мемлекеттік органдарына «Hyundai», «Golden Dragon» және «Foton» көлік құралдарының кең желісін жеткізеді. Алдағы бірнеше жылда кәсіпорын басшылығы өндірісті кеңейтуді, жаңа жұмыс орындарын ашып, экспортты ұлғайтуды және жергілікті өндіріс үлесін арттыруды жоспарлап отыр.
Бұл орайда өнім экспорты, Қытайдан Қазақстанға жүк тасымалдау және өндірушілерге кәдеге жарату алымы бойынша берешекті төлеу секілді бірқатар проблемалық мәселе қозғалды. Үкімет басшысы көтерілген мәселелердің шешімін табуға жәрдемдесетінін айтты.
Әлихан Смайылов айтып өткендей, Үкімет ел экономикасын одан әрі әртараптандыруды қолдайды және бұл зауыт осы жұмыстың бір мысалы.
«12 жыл ішінде кәсіпорын нарықтағы өз позициясын едәуір нығайтты. Біз компанияның өнім желісіне инвестиция салу және оны кеңейту жоспарларын құптаймыз. Мемлекет басшысы қала әкімдігінің алдына халықтың жүріп-тұруына ыңғайлы көлікпен қамтамасыз етіп, экологияға тигізетін зардаптарды азайту міндетін қойды. Сондықтан бұл өндіріс тек қала үшін ғана емес, бүкіл республика үшін де зор маңызға ие», деді Премьер-министр.
Қазіргі уақытта Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерінің тапсырысы бойынша «Hyundai Trans Almaty» зауытында «Golden Dragon» маркасының мектеп автобустары және «Hyundai» (H350) шағын автобусы базасында жедел жәрдем көліктері құрастырылып жатыр. «Мектеп автобусы» қанатқақты жобасы аясында Алматы әкімдігі мектепке оқушыларды тасымалдау үшін 100 жаңа техника сатып алуды жоспарлап отыр.
Премьер-министр білім беру сапасын арттырудың басты факторларының бірі әрбір оқушының қажеттіліктеріне бағдарланған және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жайлы мектеп ортасы екенін атап өтті. Сондықтан «Мектеп автобусы» қанатқақты жобасы – осындай ірі мегаполистегі мәселенің дұрыс және уақтылы шешімі болмақ.
Импорт көлемі азаяды
Үкімет басшысы одан соң «Valtherm» ЖШС жоғары қысыммен құю әдісін қолданатын Қазақстандағы алғашқы алюминий және биметалл жылу радиаторларын шығаратын зауыт құрылысын барып көрді. Жалпы көлемі 15 млрд теңге инвестиция салынған бірегей зауыт өнімі беріктігі мен жылу беру бойынша Қытайда шығарылып, Қазақстанға әкелінетін баламалы радиаторлардан 40-50%-ға асып түседі деп күтілуде. Компания 430 жаңа жұмыс орнын ашуды, отандық құрылыс компанияларының сұранысын ішінара қамтамасыз етуді және көрші елдерге тасымалдауды жолға қоюды жоспарлап отыр.
Әлихан Смайылов қала әкімдігі қайта өңдеу деңгейі жоғары осындай импортты алмастыратын өндірістерді дамытуға ерекше назар аударуы қажет екенін атап өтті. Зауытты іске қосу Қазақстанның басқа елдерден радиаторлар жеткізуге тәуелділігін төмендетуге елеулі үлес қосады. Үкімет басшысы осы бағытты қолдау үшін елден алюминий сынықтарын бақылаусыз шығарудың жолын кесу және сумен жылыту құралдарына міндетті сертификаттауды енгізу жөніндегі шаралар пысықталатынын айтты.
Үкімет басшысының айтуынша, Алматының индустриялық аймағы отандық және шетелдік инвесторлар үшін тартымды саналады. Осыған байланысты мемлекет оның дамуына белсенді түрде жәрдем көрсетуді жалғастырмақ. Бүгінгі таңда қала әкімдігі оның аумағын 194 гектарға кеңейтуде.
«Өткен жылы республика бойынша біз 150-ден астам индустриялық жобаны іске асырдық, бұл 2 млрд долларға импортты алмастыруға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Биыл мұндай жобалардың санын 170-ке дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл 2,9 млрд долларға импорттың орнын ауыстыруға мүмкіндік береді», деді Әлихан Смайылов.
Шаһарда орнықты даму қарқыны бар
Жұмыс сапары барысында Премьер-министр шағын өнеркәсіп парктері мен қаланың индустриялық аймағы резиденттерімен кездесті. Онда Үкімет басшысына бөлмеаралық есіктер шығаратын зауыттың жұмысы, заманауи ғылыми-өндірістік жылыжай кешенінің құрылысы, сондай-ақ тамшылатып суару жүйелерін құру, кондитерлік өнімдер мен қағаз қаптамаларын шығару жөніндегі жобалар туралы айтылды.
Премьер-министр Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығы мен Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығы құрылысының барысымен танысып, «Champion» жаңа спорт кешенінде болды. Әлихан Смайылов мұндай әлеуметтік жобаларға жеке инвестицияларды тарту аса маңызды екенін атап өтті, өйткені бұл Алматыны саламатты өмір салтын ұстанатын қала ретінде нығайтуға үлес қосады.
Ағымдағы ахуал, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, медицина жүйесі, білім беру және тағы басқа салаларды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар мен жоспарлар қаланы одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте қозғалды. Бұл бағыттағы жұмыстар жайын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев баяндады.
Премьер-министр жалақының өсу қарқыны бойынша Алматы соңғы 10 жылда республикалық орташа деңгейден төмен болып келгенін, осыған байланысты бұл тенденцияны өзгерту керек екенін атап көрсетті.
«Алматылықтардың нақты ақшалай кірістерінің жыл сайынғы өсуін қамтамасыз ету қажет. Бұл – кешенді жұмыс. Ең алдымен, жалақысы жоғары жаңа жұмыс орындарын құруға және инвестициялар тартудың жоғары қарқынын сақтап қалуға көңіл бөлу керек», деді Әлихан Смайылов.
Басты міндет – халыққа жағдай жасау
Үкімет басшысы халықтың табысын арттыру жұмыстары инфляцияны тежеу шараларын жүзеге асырумен тікелей байланысты екендігіне тоқталды. Сондықтан жергілікті алып-сатарлардың әрекеті тек қалада емес, бүкіл республика бойынша азық-түлік пен басқа да тауарлардың құнына әсер ететіндіктен, базарлардағы, оның ішінде «Алтын Ордадағы» баға белгілеуді жіті қадағалау қажет. Сонымен қатар бәсекелестікті дамыту үшін Алматы агломерациясының шығыс және солтүстік бөліктерінде қосымша сауда алаңдарын құру мәселесін пысықтау, сондай-ақ делдалдық схемаларды анықтау бойынша өңірлік комиссияның тиімді жұмысын қамтамасыз ету аса маңызды.
Үкімет басшысы инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне тоқтала келіп, су құбырлары – 56%, кәріз – 57%, электр желілері – 60% тозығы жеткенін атап көрсетті. Оның айтуынша, мұны азайту үшін жыл сайын 100 км-ден астам су құбыры, 70 км-ден астам кәріз және 120 км-ге жуық электр желілерін жаңарту керек. Бұл ретте қалаға қосылған аумақтарда жаңа су көздерін салудың қажеттілігі туындап тұр.
Әлихан Смайылов білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін дамыту мәселелерін де қозғады. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 37 мың оқушыға арналған 22 мектеп салу жоспарлануда, бұл мектептердегі орын жетіспеушілігін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әкімдікке салынып жатқан нысандардың уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз ету және Қаржы министрлігімен бюджеттен тыс қаржы көздерінен, сыбайлас жемқорлардан өндірілген қаражат есебінен қосымша оқу орындарын салуды пысықтау тапсырылды.
Әлихан Смайылов медициналық жүйе бөлігінде қаланың амбулаториялық-емханалық ұйымдарына шамамен 2,2 млн адам бекітілгеніне, бұл оларға елеулі жүктеме беретініне назар аударды. Осыған байланысты алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту Алматы агломерациясы үшін басым бағыттардың бірі болуға тиіс екенін айтты. Денсаулық сақтау министрлігіне озық тәжірибені ескере отырып, I тоқсанда осы саладағы стандарттарды өзектендіру ісін аяқтау тапсырылды.
Қауіпсіздік бәрінен қымбат
Премьер-министр сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше тоқталып, Түркия мен Сирияда болған табиғи апат біздің еліміз, әсіресе, Алматы үшін үлкен сабақ болу керектігін ескертті.
Ол соңғы рет қаладағы нысандарды паспорттау 2017 және 2018 жылдары жүргізілгенін атап айтты. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі мен қала әкімдігі бірлесіп, қысқа мерзімде аудит жүргізіп, сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі пәрменді іс-шараларды іске асыруға тиіс.
«Бұл мәселелерде әлемдік тәжірибені тек Алматыда ғана емес, еліміздің жер сілкінісіне ұшырауы ықтимал басқа да өңірлерінде пайдалану қажет. Уәкілетті мемлекеттік органдар бұған дейін алынып тасталған жобалау, құрылыс және бақылау үдерістерін заңнамалық тұрғыда қатаңдату мәселесін шұғыл түрде қарастыруы керек», деді.
Үкімет басшысы шаһардағы қала құрылысы саясатын жақсарту қажеттігіне, бұл әсіресе Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарының жобасын талқылау және келісу аясында өзекті екеніне назар аударды.
«Әкімдік қала құрылысы кезінде әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жіберілген қателіктерді ескеруі керек. Сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтай отырып, құрылыс нысандарының биіктігі мен тығыздығына ерекше назар аудару қажет», деді ол.
Сапар соңында Үкімет басшысы қаланың экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі шараларды кешенді іске асырудың және Алматы агломерациясын дамыту жоспарын жедел пысықтаудың маңыздылығын атап көрсетті.