Шымкент қаласында 5 индустриалды аймақ бар. Атап айтқанда, олар – «Оңтүстік», «Сауда-логистикалық орталығы», «Тассай», «Ордабасы» және «Оңтүстік» АЭА. Олардың жалпы жер көлемі – 886 гектарға тең. Бүгінге дейін бұл өндіріс алаңдарында құны 200 млрд теңгені құрайтын 180 жоба іске асырылды. Бұдан бөлек, қосымша тағы 750 гектар аумақты алып жатқан 4 индустриалды аймақ іске қосылмақ. Соның ішінде «Стандарт» жеке өндіріс алаңы жұмысын бастап кетсе, «Жұлдыз» ИА мен «Бозарық» агроиндустриалды аймағы биыл пайдалануға беріледі. Келесі кезекте 886 гектар аумақта орналасқан жылыжай кешендерінің аймағы тұр.
Мегаполистің өндіріс саласын өркендету Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтылған тапсырмалары негізінде жүзеге асып жатыр. Президент әрбір Жолдауында өңірлердің дамуына, ұлттық экономиканың өсімі арқылы табысты арттыруға ерекше көңіл бөледі. 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында да бірінші кезекте экономика мен өндіріс мәселесіне тоқталды.
«Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады. Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар. Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан тың тәсілдер қажет екені сөзсіз. Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру», деген болатын Президент.
Осы ретте республиканың үшінші мегаполисінде инновациялық жобалар қолға алынып, жоғарыда аталған индустриалды аймақтар шеңберінде және одан тыс көптеген кәсіпорын жаңадан жұмысын бастап келеді. Солардың бірсыпырасына тоқталсақ. Шымкент қаласында жаңадан ашылған шыны табақтардан түрлі бұйымдар жасайтын және өңдейтін «Завод Авангард» ЖШС кәсіпорны өте маңызды жоба. Аталған зауытта жылына 800 мың шаршы метр шыны табақтардан өнім шығарылатын болады. Жобаның жалпы құны 5,8 млрд теңгені құрайды. Осы кәсіпорын арқылы 260 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.
«Завод Авангард» кәсіпорны жобаны іске қосуға қажетті қаражатты «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы тапқан. Сонымен бірге жобаны жүзеге асыруда инвестордың жеке қаржысының да үлесі бар. Шығарылған өнімдердің 70 пайызы еліміздің ішкі нарығына сатылса, қалған 30 пайызы көршілес мемлекеттерге экспортталмақ. 3,2 гектар аумақта орналасқан зауыт құрылысы 2021 жылы басталып, 2023 жылдың басында аяқталды.
Қала іргесіндегі «Сауда-логистикалық орталығы» Орталық Азия елдері арасындағы көлік-логистикалық хабқа айналады деген жоспар бар. Сондықтан оның жалпы ел экономикасының дамуына тигізер әсері күшті. Ендігі жерде орталықтың аумағын 136 гектарға ұлғайту туралы шешім қабылданып отыр. Сол арқылы жергілікті әкімдік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырып, маусым кезінде ішкі нарықтағы бағалардың күрт өсіп кетпеуін көздейді.
Қорғасын зауытының қалдықтарын өңдеп түсті металл концентратын алатын «Standard Steel KZ» компаниясы – ерекше жобалардың бірі. Қорғасын қалдықтарын кәдеге жаратқан жобаны «Саутс Ойл» ЖШС 13,3 млрд теңгеге жүзеге асырып жатыр. Жобаның бірінші кезеңінде жылына 4 608 тонна мыс-күміс концентратын алатын зауыт салынды. Екінші кезеңде жылына 20 900 тонна мырыш оксидін өндіретін кәсіпорын бой көтереді.
Үшінші мегаполисті әлеуметтік-экономикалық және басқа да салалар бойынша дамыту тікелей Президент тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Өңдеуші кәсіпорындар санын арттыру бағытындағы Мемлекет басшысы тапсырмаларының нақты орындалып жатқанын «Standard Steel KZ» секілді өндіріс орындарының мысалынан білуге болады. Жалпы, өндірісті дамытуға арналған Ұлттық жобалар мегаполисте қарқынды жүзеге асып келеді.
Мәселен, Santo Member of Polpharma Group сауда белгісімен дәрі-дәрмек өндіруші «Химфарм» АҚ кәсіпорны 2023 жылы ғылыми-зерттеу орталығын дамытуға және оны жаңғыртуға қосымша 8,4 млн доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев фармацевтика өнеркәсібіндегі отандық өндірістің үлесін 2025 жылға қарай 50%-ға дейін ұлғайту туралы тапсырма берген болатын. Соған байланысты Үкімет республикалық фармацевтикалық кластерді дамыту, ынталандыру үшін қолдаудың жекелеген тетіктерін қайта қарастырмақ. Бұл келешекте импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтып, ұлттық дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Ал мегаполистегі «Петро Қазақстан Ойл Продактс» мұнай өңдеуші зауыты стратегиялық маңызды кәсіпорын саналады. Аталған компанияның президенті Ерболат Қожабаев жаңғыртудан өткен өндіріс нысанының бүгінгі жұмысы туралы айта келе, зауыттың жобалық қуаты жылына 6 миллион тоннаны құрайтынын жеткізді. Мәселен 2022 жылы осы зауытта 6,2 млн тонна мұнай өңделген. Ал өндіріс ошағында тер төгіп жүрген 1 780 жұмысшының 1 723-і – жергілікті жердің азаматтары. Мұнай өнімдеріне қажеттілік жылдан-жылға артып келеді. Осыған орай Үкімет тарапынан Шымкент мұнай өңдеу зауытының өнім көлемін 6-дан 9 млн тоннаға дейін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Мұндай ауқымды жоба ішкі нарықты сұйық отынмен толық қамтамасыз етіп қана қоймайды, сондай-ақ қала тұрғындарының қосымша жұмыс табуына мүмкіндік береді. Ресми дерек бойынша соңғы үш жылда зауытта бензин өндірісі – 2,1 миллион тоннаға, авиакеросин – 340 мың тоннаға, дизель отыны 1,9 миллион тоннаға артқан.
«Оңтүстік» индустриалды аймағына да ат басын бұрдың. Онда орналасқан «QazAlpack» зауытында бүгінгі таңда 145 адам еңбек етеді. Алюминий ыдыстары мен қақпақтар шығарылады. Жылына 500 млн дана осындай қаптама өнімдер өндіріледі. Жобаны жүзеге асыруға 23 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Оның бір бөлігін инвестор екінші деңгейлі банктен несие есебінде алған. Жылдық мөлшерлемесі 15 пайызды құрайтын несие сомасының 9 пайызын мемлекет өз есебінен субсидиялайды. 6 гектар аумақта орналасқан өндіріс орны былтыр күзде іске қосылып, содан бері өнім шығарып келеді.
Өз кезегінде жылдың басында мегаполиске іссапармен келген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жоғарыда аталған кәсіпорындарды аралап, мегаполисте индустриялық-инновациялық бағыттағы жұмыстардың атқарылу барысына көңіл толатынын жеткізген болатын.
«Өздеріңізге мәлім, Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Осыған байланысты мегаполисті көркейту, дамытуға қатысты міндеттер мен талаптар да өзгерді. Оның ең басты көрсеткіші – халықтың тұрмыстық әл-ауқатын өсіру. Ол үшін бірінші кезекте салықтық табысты ұлғайтудың мүмкіндігін арттыру қажет. Сонымен бірге осындай заманауи дайын өнімдер шығаратын кәсіпорындар санын көбейту арқылы экономиканы әртараптандыру керек. Өндіріс орындары көп болған сайын адамдарға да тұрақты жұмыс табуға мүмкіндік туады. Содан кейін салықтан түскен табыстар көлемі артса, ол өз кезегінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға немесе мегаполистің инфрақұрылым мәселесін шешуге жұмсалады. Көріп отырғанымыздай Шымкентте бүгінгі таңда 5 индустриалды аймақ бар. Жергілікті атқарушы биліктің жоспарында оларды тағы екі есе арттыру мақсаты тұр. Яғни қазіргі кезде 800-850 гектар аумақта индустриалды жобалар жүзеге асып жатса, алдағы уақытта тағы да 800 гектардан астам жерге жаңа кәсіпорындар жобаларын іске қосатын болады. Айта кету керек, өндіріс саласында мегаполисте дамудың жоғары динамикасы байқалады. Соның айғағы, өткен жылы да, биыл да заманауи инвестициялық жобалар қолға алынып жатыр. Жоспарға сәйкес экономикаға көбірек инвестиция тартып, жаңа бизнес жобаларды іске асыруға барынша қолдау білдіру қажет. Әлбетте, бұл жерде ең алдымен инфрақұрылым мәселесінде көмек керек. Сонымен бірге несиелендіру мен салық бойынша түрлі жеңілдіктер ұсынылуға тиіс. Осы аталған мәселелер әрдайым Үкіметтің назарында және күн тәртібінен түспейді. Сондықтан жаңа жұмыс орындарын құру мен индустриалды аймақтарды іске қосу қарқыны соңғы жылдары бәсеңдемеген, керісінше жылдан-жылға ұлғайып келеді. Кәсіпкерлер тарапынан да бүгінде көптеген ұсыныспен игі бастамаларды көруге болады. Өз кезегінде Үкімет әрқашан оларға қолұшын беруге, қолдау көрсетуге дайын», деген еді Премьер-министр Ә.Смайылов.