Сыртқы істер министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясы елімізде аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері үшін алдағы Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауына арналған бірлескен брифинг өткізді.
Дәстүрлі брифингті алғысөзімен ашқан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау еліміздің қазіргі тарихындағы ең өзгермелі кезеңдердің бірін белгілейтін маңызды оқиға екенін атап өтті. «Алдағы сайлау демократия жолында тағы бір қадам болатыны сөзсіз. Елімізде өткен жылы болған сайлау мен реформалардың санына сүйене отырып, Қазақстан, шын мәнінде, жаңа мемлекетке айналды», деді ол.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі және сыртқы сын-қатерлерге қарамастан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына адал екендігінің айқын көрінісі болып табылатын реформаларды іске асырып келеді. Осылайша, Президент үздіксіз прогресс пен оң өзгерістерді қамтамасыз етуге ниетті, оған оның өткен жылы басталған реформалардың бүкіл кешені дәлел бола алады», деді дипломат.
Брифингте Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлауға дайындық барысына кеңінен тоқталып, негізгі рәсімдік аспектілер туралы айтып берді.
«Бұл сайлау науқаны соңғы 10 айда төртінші саяси дода болып саналады. Біз Конституцияға, Қазақстан Президентін, сондай-ақ Парламент Сенатының депутаттарын сайлауға толықтырулар мен өзгерістер енгізу бойынша жалпыұлттық референдум өткіздік. Орталық сайлау комиссиясының барлық күш-жігері елімізде әділ, шынайы және еркін сайлау өткізуге бағытталған», деп атап өтті Ортсайлауком басшысы Нұрлан Әбдіров.
Комиссия төрағасы 19 қаңтарға тағайындалған Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы ресми түрде кезектен тыс болғанымен, Мемлекет басшысының 2022 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ұсынған сайлау науқандарының кестесіне сәйкес өткізілетінін атап өтті.
Ол сондай-ақ осы сайлау науқаны жаңа сайлау ережелері мен нормалары бойынша жүргізіліп жатқанын атап, дипкорпусты сайлау заңнамасындағы елеулі өзгерістер туралы хабардар етті. Оның ішінде Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде жаңа пропорционалдық-мажоритарлық модельге көшкенімізді, Парламент Мәжілісінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасының жойылғанын, сондай-ақ аумақтық сайлау комиссияларының жұмысы кәсіби негізге ауыстырылғанын атап өтті.
«Қазақстан тұрақты сайлау дәуіріне еніп жатыр. Осыған орай аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсібиленуі сияқты жаңашылдықтың маңызы зор екеніне ерекше тоқталғым келеді. Сол себепті де сайлау комиссияларының мүшелерін және сайлау үдерісінің барлық қатысушысын оқыту мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Осы мақсатта ОСК өңірлерде оқыту семинарларын ұйымдастырды. Аумақтық, округтік және учаскелік комиссиялардан басқа, саяси партиялардың, БАҚ, ҮЕҰ, жастар, мүгедектігі бар адамдар мен Cаll-орталықтар қызметкерлерінің өкілдері де оқытудан өтеді», деп мәлімдеді Н.Әбдіров.
Ортсайлауком төрағасының хабарлауынша, ОСК 18 ақпанда сағат 18.00-де еліміздегі барлық 7 саяси партияның Парламент Мәжілісіне кандидаттарының партиялық тізімдерін тіркеген. Оған 281 кандидат енгізіліп отыр. Оның ішінде 107-сі әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар, олар заңнамаға сәйкес кемінде 30 пайызды құрауға тиіс.
Нұрлан Әбдіров бірмандаттық округтер бойынша Парламент Мәжілісіне 13 наурыздағы жағдай бойынша 385 кандидат тіркелгенін хабарлай отырып, кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы дипломаттарды хабардар етті. Ең үлкен бәсекелестік Астана және Алматы сайлау округтерінде байқалды. Бұл аймақтарда бір мандатқа 38 және 40, сондай-ақ 30, 28 және 27 кандидат тіркелген. Тіркеу қорытындысы бойынша ең аз бәсекелестік Түркістан облысының №25 округінде – мұнда бір мандатқа 4 кандидат.
ОСК төрағасы сайлау алдындағы үгіт өткізуге де тоқталды. «Сайлау алдындағы үгіт 18 наурызда сағат 00.00-ге дейін жалғасады. Кандидаттар мен саяси партияларға үгіт жүргізу мақсатында БАҚ-қа қол жеткізудің тең шарттары және бағдарламалармен сөз сөйлеуге қаражат тең бөлінген. 1 және 10 наурызда саяси партиялар ұйымдастырған «Qazaqstan» және КТК телеарналарының тікелей эфирінде сайлау алдындағы пікірсайыстар өтті. 16 наурызда Ортсайлауком ұйымдастырған сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыс «Хабар» телеарнасының эфирінде өтеді», деді ол.
Орталық сайлау комиссиясы ашық режімде жұмыс істейді, сайлау тағайындалған сәттен бастап барлық отырыстар жариялылық және қолжетімділік жағдайында өтеді, бұқаралық ақпарат құралдары қатысады, сурдоаудармасы бар интернет-ресурстарда тікелей трансляциялау арқылы отырысқа қатысу мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Барлық отырысқа халықаралық байқаушылар шақырылады. Әрбір отырыстың қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының қабылданған шешімдерін түсіндіру мақсатында брифингтер өткізіледі. Орталық сайлау комиссиясының сайтында телеграмм-арна және сайлау жөніндегі арнайы бөлім жұмыс істейді. Сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.
Халықаралық ынтымақтастық аясында Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясы халықаралық институттар, үкіметтік емес ұйымдар және сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастық үшін ашық екенін атап өтті.
Ол ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын байқау бойынша аралық есеп дайындалғанын да хабарлады. Сондай-ақ 11 наурызда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан байқаушылар Миссиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының дайындалуын байқау барысы туралы аралық есебі жарияланды. Ал халықаралық байқаушыларды аккредиттеу 13 наурызда аяқталды.
Орталық сайлау комиссиясы 793 байқаушыны, оның ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, ЕҚЫҰ ПА, ТМД ПА, ТМД ПАА, ҰҚШҰ ПА, Түркі мемлекеттері ұйымдары, ТүркПА, ШЫҰ, АӨСШК, ИЫҰ, Жерорта теңізі Парламенттік Ассамблеясы, сондай-ақ 41 шет мемлекеттен байқаушылар Миссиясының өкілдерін аккредиттеді.
«Екіжақты ынтымақтастық желісі бойынша сайлауды байқауға 16 елдің Орталық сайлау комиссияларының өкілдері, оның ішінде Әзербайжан, Молдова, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан Орталық сайлау комиссияларының төрағалары келеді», деп хабарлады ОСК төрағасы.
Қазақстан Парламенті Мәжілісіне кезектен тыс сайлауды байқауға қатысу ниеті үшін дипкорпусқа алғысын білдірген Нұрлан Әбдіров: «ОСК сайлау үдерісін өткізу рәсімдерінің барынша ашықтығы мен демократиялығын қамтамасыз етеді», деп атап өтті.
Брифинг барысында шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшылары Орталық сайлау комиссиясының алдағы дауыс беруді ұйымдастыруға және сайлауды байқау үдерісіне қатысты сұрақтарына жауап алды.