«Астана Операда» каникул күндері, яғни 18-26 наурыз аралығында елордадағы мектептер мен университеттердің білім алушылары үшін бірқатар театрлық саяхат өтеді. Балалар сахна сыртындағы тыныс-тіршілікпен танысып, спектакльдердің қойылу барысына куә болады. Сондай-ақ костюмерлік, аяқкиім, реквизит және бутафор цехтарын да аралайды.
– Біз балалар мен жасөспірімдер аудиториясымен әрдайым зор құлшыныспен жұмыс істейміз. Оларға ұшы-қиыры жоқ театр өнері әлемін ашу – біз үшін үлкен қуаныш, себебі біз олардың шынайы қызығушылығын көреміз, балалар көптеген сұрақ қояды. Бұл өте зерек аудитория. Олар өздері үшін жаңа білімді игеруге тез кірісіп кетеді. Театрда мұндай саяхаттар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Сонда да оқушылар демалыс уақытын пайдалы әрі қызықты өткізуі үшін интенсив блогын ұйымдастырдық, – дейді «Астана Опера» театрының директорының орынбасары Айжан Құрманғалиева.
Спектакль туралы дәрістер мен «Театр сабағы» тәрізді қазақ және орыс тілдерінде өтетін театрлық саяхат та танымал. Бұл – «Астана Опера» жүзеге асыратын тағы бір маңызды жоба. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылы оған мыңнан астам елордалық оқушы қатысқан. Сонымен бірге театрға Ақмол, Шортанды кенттерінен, Бозайғыр, Қараөткел, Қорғалжын, Жібек жолы ауылдарынан, Ақкөл қаласы мен басқа да көптеген өңірден білім алушылар келеді.
Айта кетейік, бұл жобалар балалардың ғана емес, ересектердің де назарын аудартады. Жасы үлкен азаматтар әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, театр әкімшілігіне ересектерге арналған театр сабақтарын өткізу жөнінде ұсыныс айтқан. Осы ретте дирекция әлеуметтік желі оқырмандары көтерген бұл бастаманы құп алды. Өткен айда «Астана Операның» экскурсия жетекшілері осы аудиторияға арнап «Театр сабақтарын» өткізді. «Сабақ» қатысушылары әртістердің дайындық залдарын, музей мен театр цехтарын көрді.
Көпшілік «театрды спектакльден бөлек қалай көруге болады?» деген сауалды жиі қойып жатады. Ол үшін сейсенбі мен жексенбі аралығында кез келген күні кассадан билет алып келуге болады (билеттің құны ересектер үшін 2 мың теңгені, балалар, студенттер мен зейнеткерлер үшін 1 мың теңгені құрайды).
– Оқушылар мен студенттер үшін театр ауқымды білім беру қызметін атқарып, жаңа білімге ұмтылуға ынталандырады. Театрлық қойылымдардың ғажайып әлемі жасөспірімдердің шығармашылыққа деген көзқарасын өзгерте алады. Міне, сондықтан тәрбие беру ісінде оларға мән бермеуге болмайды, – деді Айжан Құрманғалиева.