Петр Чайковскийдің «Иоланта» операсының концерттік қойылымын көрермен назарына «Астана опера» халықаралық опера академиясының солистері ұсынды. Махаббаттың алапат күші жайлы хикая көрерменге таңсық емес. Жас таланттардың өнерімен өрілген әйгілі шығарма бұл жолы жаңа форматта шықты. Қоюшы дирижер Руслан Баймурзиннің шебер екпінімен музыканы театрдың Симфониялық оркестрі мен хоры нақышына келтіріп орындады.
«Астана опера» халықаралық опера академиясының алғашқы шығарылымы дарынды жас әншілерді жинады. Олар ұстаздары берген білім мен тәжірибені асқан қызығушылықпен қабылдап жүр. Мұндағы дәріс берушілер де өз ісінің майталмандары, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров. – Жастар шебер орындап шыққан «Иоланта» операсының концерттік қойылымы – олардың мансабындағы маңызды емтихан, шығармашылық жетілудің жаңа кезеңі. Театрымыздың көрермендері жас дауыстарға ерекше ілтипатпен қарап, академистерді қолдайды. Жақын арада олардың өз әлеуеттерін ашуға жаңа мүмкіндіктері пайда болады деген үміттеміз. Академия түлектерінің Қазақстанда ғана емес, шетелде де өнер көрсететіндеріне сенеміз».
«Иоланта» операсы нәзік лирикасымен, жасампаз, позитивті ойлауымен, терең әрі таза мәнісімен ерекшеленеді. Шығарманың желісі есіңізде болар, көзі көрмейтін һәм онысын өзі білмейтін Иоланта бірде қатты ғашық болады. Ұлы махаббатының әсерінен жанары ашылып сала береді. Бұл бір таңғажайып оқиға дерсіз. Қойылымның басты идеясын жүзеге асыру үшін режиссер Еренбақ Тойкенов операның мазмұнына екпін жасап, оған қарапайым декорациялар қосты, яғни театр сахнасының заманауи технологиялық мүмкіндіктерін пайдаланды. Бұл тәсіл көрерменнің назарын музыка мен солистердің дауыстарына аудартуға мүмкіндік берді.
Бейтаныс адамдардың келуі бейқам өмірін түбегейлі өзгерткен зағип қыз Иолантаның басты партиясын Ұлпан Әубәкірова мен Әйгерім Аманжолова орындады. Басты ерлер партиялары Водемон мен Робертті Саян Исин мен Ораз Мұхамедьяр, Расул Жармағамбетов пен Азат Мәлік сомдады. Басты кейіпкердің әкесі – Рене патшаның рөлінде Валерий Селиванов пен Шыңғыс Расылхан өнер көрсетті. Ал Бригиттаның рөлін Назым Сағынтай мен Гүлдана Алдадосова орындаса, сондай-ақ Лаураны таныстырған Әсем Әубәкірова мен Дариға Мұсаева көпшілікті дауыстарымен баурап алды. Мавританиялық дәрігер Эбн-Хакияны Дінмұхамед Көшкінбаев пен Ержан Саипов, Альмерикті Нұрқанат Тапиев пен Талғат Аллабиринов, қарауылшы Бертранды Жандарбек Еркінбаев шебер сомдады. Ал басты кейіпкердің күтушісі Мартаны «Астана Операның» жетекші солисі Татьяна Вицинская таныстырды.
Айта кетейік, жас орындаушыларға өнер көрсетуге дайындалуға халықаралық коучтер – Үлкен театрдың жастар опера бағдарламасының көркемдік жетекшісі Дмитрий Вдовин мен Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян көмек көрсетті.
«Аңызға айналған Иолантаның партиясын орындау мен үшін үлкен мәртебе. Өйткені онымен үздік әлемдік сопранолар сахнаға шыққан болатын. Сондықтан өз рөліме барынша жауапкершілікпен келдім. Дайындық вокалдық-техникалық тұрғыдан ерекше қиындықтар туғызған жоқ. Кейіпкердің уайымын, эмоциясын, мінезін, оны толыққанды адам етіп көрсететін басқа да қасиеттерін беру оңай болған жоқ. Иоланта өзі мүлдем бейхабар болған сырқатына қарамастан өмірді сүйді. Ұзақ ойланып-толғанып, сәйкес келетін бейнені іздедім. Менің Иолантам күтушісіне, құрбыларына, әкесіне және айналасындағы барлық жанға мейірімді, кішіпейіл, нәзік, жайдары да сезімтал», дейді академия солисі Ұлпан Әубәкірова.
Операға келген көрермен Раушан Құрманбаева «Иолантаны» алғаш рет тамашалағанын айтты.
«Опера академиясы солистерінің өнер көрсетулеріне бірінші рет келіп отырған жоқпын, әр келген сайын осынау жас әншілерге тамсанамын, қуат аламын. Әсіресе тұрақты келетін көрермен осы кәсіби өсуді байқайды. Басты рөлді орындаған Ұлпан Әубәкірованы ерекше атап өткім келеді, оның әуеде қалықтаған дауысын тапжылмастан тыңдадым. Ол Иолантаның сезімдерін дәл жеткізе білді», деді ол.
Еске салсақ, «Астана опера» халықаралық опера академиясы Қазақстанның опера өнерін жетілдіру және әлемдік театр алаңдарында еліміздің дәрежесін арттыру мақсатында шығармашыл дарынды жастарды шетелдік коучтармен кәсіби даярлау үшін елорда театры жанынан 2019 жылы құрылған еді.