«Масс-медиа туралы заңға» қатысты қоғамдық талқылау нәтижесінде құжаттың бірқатар бөліміне өзгеріс енгізілді. Мәселен, заң жобасынан «төтенше жағдай кезінде журналистер өкілетті тұлғалардан рұқсат сұрауы керек» деген нұсқа алынып тасталды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Жасұлан Өмірәлиев хабарлады.
Онлайн форматта өткен талқылауда журналист мәртебесін күшейтетін баспасөз картасын берер кезде комиссия құрамында министрлік өкілі болмайтыны да мәлім болды. Ал баспасөз картасына ие болған журналист мемлекеттік органдар ұйымдастырған іс-шараларға аккредитациясыз өте алатыны айтылды.
– Талқылау кезінде «ерекше жағдайларға» қатысты пікір айтушылар көп болды. Жұмыс тобымен бұл мәселені талқылағаннан кейін заң жобасынан «ерекше жағдайлар» нормасы алынды. Сонымен қатар заңды талқылағанда баспасөз карталары бойынша да пікірлер айтылды. Мысалы, «баспасөз картасын беретін комиссия уәкілетті органның жанында болмауы керек», «этика мәселесі заңда болмауы керек» және т.б. Осындай комментарилерді ескере отырып, заң жобасына өзгертулер енгіздік. Баспасөз картасы туралы 29-бапта уәкілетті органның жанындағы комиссияны және этика мәселесін де алып тастадық, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры.
Сондай-ақ жиын барысында телеарналар мен сайттар жасаған контенттің сатылуы туралы сөз қозғалды. Яғни заң жобасына грантты қаржыландыру шеңберінде өндірілген өнімге айрықша авторлық және сабақтас құқықтар БАҚ-қа тиесілі деген тетік енгізілмекші.
– Гранттарға қатысты ұсыныстарды зерделеп, бәрін жазып бердік. Оның екі түрі болады. Қысқа және ұзақмерзімді грант беру. Ұзақмерзімді гранттар отандық телесериалдарға арналған. Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселе заңда уәкілетті орган ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнамаға сәйкес БАҚ үшін гранттар беру және өткізу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді делінген. Мемлекеттік тапсырысқа қарағанда біздің грант беру тетігіміз ашық болады. Оны заңда нақты жазып қойдық. Грант аясында арнайы тәуелсіз сараптама болады, – деді Жасұлан Өмірәлиев.
Жиын соңында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры БАҚ-қа негізделген заңмен жұмыстың мақсаты әлі толық орындалмай жатқанын тілге тиек етті.
– Ережелерге сәйкес «Масс-медиа туралы» заң жобасының нұсқасын ашық порталға енгізіп, талқылау жүргіздік. Оның ішінде көптеген ескерту болды. Соның аясында Мемлекет басшысының атына арыз да жазылған еді. Оны да қарап, пысықтадық. Нәтижесінде, жаңа нұсқасы дайындалды. Ескертулер аясында өзгертілген нұсқаны ашық порталға тағы да енгіземіз. Әрі қарай регламент бойынша жұмыстар жалғасады. Мемлекеттік органдармен келісіп, сараптамалар жасалып жатыр. Содан кейін заң жобасы Үкіметке жолданады, – деді ол.