• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Наурыз, 2023

Өтел алымды төмендетудің нәтижесі

303 рет
көрсетілді

Қазақстанның автомобиль саласы үшін өткен жылғы елеулі оқиғалардың бірі – өтел (утиль) алым мөлшерінің өзгеруі. 2022 жылдың 14 мамырында алым мөлшерлемелері қайта қаралып, екі есе азайту жөніндегі бұйрық күшіне енген болатын.

Әлемдегі қандай да бір жолмен келген алым-салықтың мәні ‒ бір жағынан экологиялық қа­уіп­­сіздікті қорғау болса, екін­ші жағынан жергілікті өнді­ріс­ті қолдау. Бүгінде нарық­қа ав­то­көліктің негізгі жет­кі­зі­лім­де­рін қамтамасыз ете­тін отан­дық автомобиль өндіру­ші­лерді қолдау автопаркті дамы­ту­дың маңызды тұсы болып саналады. Сонымен бірге автоөндіріс – республикадағы машина жасау мен нақты сектордың драйвері саналады.

Жалпы алғанда, автопаркті жа­ңартуға, сондай-ақ халықтың жаңа автокөлік сатып алу мүм­кіндігіне мемлекеттен жеңіл­де­тілген автокредит беру жү­йе­сі оң ықпалын тигізуде. Өтел алымын (автокөлікті тір­­кеу­ге қа­тысты, сондай-ақ бас­қа да алым­дар) төмендету ав­то­­­парк­тің жаңаруына ықпал ет­пей­ді, керісінше, ішкі нарыққа көршілес елдерден, жалпы шетелден автоқоқыстардың ағылуына әкеледі.

Егер заңнамаға өзгерістер енгізілгенге дейінгі және одан кейінгі динамикаға назар аударатын болсақ, онда қазақстандық автомобильдердің нарықтағы үле­сінің өзгермегені, шамамен 61% деңгейінде қалғаны аңға­ры­ла­ды. Ал өндірістің өсуі жеделдей түсіп, 2022 жылғы қаңтар-сәуірдің қорытындысы бойынша бір жыл бұрынғы кезеңге қарағанда 19,2%-ға теңелді, ма­мыр-желтоқсан айларының қо­­ры­тындысы бойынша бірден 31,6%-ға жетті. Импорт керісін­ше, кәдеге жарату алымы төмен­де­генге дейін де, одан кейін де аза­йып отыр.

Еnergyprom.kz мониторингтік компаниясы ұсынған мәліметтер бо­йынша, өткен жылы Қазақ­стан­ның ішкі нарығында 159,8 мың жаңа жеңіл автокөлік сатылды, бұл алдыңғы жылмен са­лыстырғанда 8,4%-ға артық. Бұл ретте экспортқа 10,2 мың кө­лік жіберілді. Қолда бар ре­сурс­тардың 60,8%-ын (бір жыл бұрынғы 50,9%-ға қарсы) отандық өндірушілер қамтамасыз етті. Бұл 103,3 мың автокөлік, яғни бір жыл бұрынғыға қарағанда 20,8%-ға артық. Импорт 14,6%-ға, 66,6 мың автокөлікке дейін қысқарды (ресурстардың тек 39,2%-ы, өткен жылдың жартысына жуығы).

Еліміздегі тіркелген жеңіл ав­то­көліктер қанша дегенге келсек, Ұлттық статистикалық бюросы өткен жылдың ақпанынан бастап мәліметті беру жүйесін өз­герткендіктен, ақпаратты сол­ сәттен бастап салыстырған жөн. Егер көктемнің басынан ма­­мырға дейін кәдеге жарату алымы қыс­қар­тылған кезде автопарктің н­е­гізгі өзгерісі жаңа автомобиль­дер санының (үш жылға дейін қолданылған) 22,2 мыңға ұлғаюы есебінен орын алса, осыдан ке­йін мамыр мен желтоқсан ара­лығында автопарк 86 мың авто­көлікке ұлғайды. Алайда олар­дың ішін­дегі жаңаларының саны – не­бәрі 28,2 мың, тағы 33,7 мыңы жүрілгенінен он жылдан асқан автомобильдерді құрады, оның ішінде 22,8 мыңы – жиырма жылдық ескі машиналар.

Өтел алымның төмендетілуі қалай әсер етсе де, республика автоөнеркәсібі оң қарқында дамып келеді. Мысалы, 2022 жылғы қаңтар-мамыр ара­лы­ғын­да шы­ға­рыл­ған авто­көлік құрал­да­рының жалпы саны бір жыл бұрынғы 26 мыңға (плюс 18%) қарсы 30,7 мың бірлікті, ал тікелей же­ңіл автомобильдер бір жыл бұ­рынғы 22,9 мыңға қарсы (плюс 19,2%) 27,3 мыңды құрады. Ма­мыр-желтоқсан айларының ара­лы­ғында автокөлік құрал­да­ры­ның өндірісі, жалпы алғанда 83,2 мың бірлікке, жеңіл машиналар 76 мың бірлікке жетті.

Ел жолдарындағы апаттарға назар аударсақ, өткен жылдың қаңтар-сәуір айларында апат саны жылдық өсімді 2,9%-ға көр­сет­се, онда мамырдан жел­тоқ­сан­ға дейінгі аралықта бір жыл бұрынғы ұқсас кезеңге қарағанда бірден 7,7%-ға көбейген. Нәти­жесінде, 2022 жылдың қоры­тын­дысы бойынша жол-көлік оқи­ға­ларының саны 6,4%-ға өсті, бұл соңғы жылдардағы ең үлкен өсім. Динамика осы апаттан зардап шеккендердің санымен де бай­қалады.

Осылайша, «ӨКМ Опера­то­рының» таратылуы және өтел алымдарын басқарудың «Жа­сыл даму» мемлекеттік компа­ния­сына берілуі бұл жүйеге ашық­­тықты қосатын шара болса, қал­ған мәселелер – мысалы, алым­дардың өзгеруі салдарынан еліміздің жолдарында авто­қо­қыстың көбеюі, экология мен халықтың қауіпсіздігі мәселесі өзекті болып қалып отыр.