Көкшетау полиция басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары алаяқтық жасағаны және пара беруге итермелегені үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 наурызда Көкшетау қалалық соты айыптау үкімін жариялады.
«Көкшетау қаласының полиция басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары, полиция майоры кәсіпкердің 49 700 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденгені және оны басқа орган тергеп жатқан қылмыстық істі тоқтату үшін пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танылды», деп хабарлады ведомстводан.
Сотталушы 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол өз жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді.
Ол сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығы мен «полиция майоры» арнайы атағынан айырылды.