• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Кітапхана 28 Наурыз, 2023

Ғайша ханымға жазылған хаттар

318 рет
көрсетілді

Хаттар. Неше түрлі терең ой мен сан қилы көңіл күйді суреттейтін осы бір сырлы әлемде кімнің жүрек сөзі айтылмады дейсіз? Адамзат баласы технократтық заманға иек сүйемей тұрғанда қарым-қатынастың ең кереметі ақ қағаз бен қара сия болғаны шындық. Әсем ойларды, ақжарма тілектер мен ағыл-тегіл сезімдерді жердің мына бетінен ана шетіне жеткізетін хаттар легі кешегі күндердің куәгері екенін ұмытқан жоқпыз. Ұлы Толстой Чеховқа жазған бір хатында: «Бәрін ойлап табуға болады, тек психологизмді ойлап таба алмаймыз» деп жазғаны бар-ды. Осы бір салмақты сөзді, әрине, бір данышпан келесі бір талант иесіне хатпен жеткізді. Бұл да болса құсни хаттардың көкжиегінің кеңдігін, оның ойды тұсамай, еркін самғататынын білдірмек.

Ғылым ордасындағы орталық ғылыми кітап­­ханаға орналасқан «Сирек кездесетін кітап­тар, қолжазбалар және ұлттық әде­биет» бөліміне бас сұққанымызда, онда­ сақталған ұлтымыздың біртуар аза­маттарының өз қолымен жазған хат­тарының түпнұсқасына кездестік. Алды­мызда жатқан сарғайған парақтар кешегі Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқа­нов, Ғаббас Тоғжанов, Әнуар Әлім­жа­нов­тар­дың Ғайша есімді кісіге жазған хаттар легі­ еді. Бұл хаттарда не жазылды, нелер ай­тыл­ды екен деген сұрақ бізді әрі қарай жете­лей берді. Енді сол хаттарды парақтап көрелік.

Жазушы Сәбит Мұқанов Ғайшаға жазған бір хатында былай депті:

«Құрметті Ғайша ханым!

Ғұмар абзиға, сізге, балаларға Мариям екеуміз москвалық сансыз сәлем жолдаймыз.­ Бәріңіздің де денсау­лық­та­рыңызға, бақытты болуларыңызға тілек­теспіз. Біз осы Москваға августің 10-ы күні ұшып келдік. Одан бұрын мен Қытай­да­ болғанмын: 20-майда болғам да, 22-июльде­ Жар­кент арқылы Алматыға келгем, Одан мұнда – Москваға кеттім. Сіз екеуміз Қытай­ға ұшар алдында ғана Алматы көше­сінде жолықтық. Сіз маған соңғы жыл­дарда байланысымыз үзіліп кетуі туралы­ өкпе айттыңыз да, қайтадан табы­суға үйіңізге шақырдыңыз. Мен бару­ға уәде бердім. Сол күннің ертеңіне ойда­ жоқта Москвадан «Тез келіңіз, Қытай­ға барасыз» деген телеграмма алдым да, ұшып кеттім. Сондықтан үйіңізге бара алмағаныма мыңнан бір кешірім өтінем! Бұл хатты жазып отырған себебім, Алматыға мен октябрьдің басынсыз қайтпаймыз: Москвада, Ленинградта, Петропавл, Көкшетауда жұмыстарым бар, ал қазір сізбен сөйлесіп алайын, шығармашылық бір сөз бар.

Сіз бен біз, құрметті Ғайша ханым, әуел­ден творчестволық істе кездесіп, таныс­тық та, сол арқылы дос болып кеттік қой.­ Ол достықтан әлденендей «тағдыр» бізді­ соңғы жылдарда айырды. Сіздің қалай­ қабылдайтыныңызды білмеймін. Мен өзім тұрпайы сөз айтқанға кешірім өтінем, сволочь-тағдыр біздің арамыз­да­ әлі де күнелтіп жүргеніне, соңғы жыл­дарда көзім жетті. Бізді айырған сол­ «тағдырлар». Қазіргі сізге жазғалы отыр­ға­ным ол туралы емес, басқа. Қытайда мен­ 63 күн болдым. Бұл бір, бұрынғысы да, болашағы да ғажап ел екен. 63 күнде біз оның небір тамашасын көрдік. Мен көр­ген-білгеннің бәрін күнделігіме жазып жүр­дім. Енді сол «күнделікті» әдебиет түрі­не келтіруге тырыстым. Бұл шамасы, 15-20 баспа табақтық кітап болады. Осы­ кітапты «Дружба народов» басамыз­ деді. Редакторы – Лавренев, замы – Чагин маған дос адамдар. Бұл кітаптың аударушылығына, мен сізді шақырғым келеді. Ол ойымды редакцияға айттым да. Оларда қарсылық жоқ. «Ноябрьде берсеңіз – январьда, декабрьде берсеңіз – февральда басамыз, 18 баспа табақтай ала аламыз», дейді.

Сізден өтініш: осыны ойланыңыз да, риза­ болсаңыз маған телеграмма беріңіз. «Күн­делік»-тің басын сізге мен Москвадан жібе­рем де, аяғын октябрьде беріп болам. Сіз­ жіберген материалды аудара бересіз. Редак­ция қаламақыңызды аударып болған соң төлейді.

Ойланыңыз. Жауап күтем.

Жолдастық сәлеммен – Сәбит,

Москва, гостиница «Москва» 955, телефон, - К-2-29-55». Біз хаттың ішінде не жазылса, соны осында қағаз бетіне түсірдік. Қалай дегенмен, бұл сол кезде аты дүркіреп тұрған жазушының бір мезеттік көңіл күйі, жүрек сөзі.

Жазушы келесі бір хатында: «Қ. Ғайша! Сізге мына кітаптың екі главасын жіберем. Қалғанын кейін. Егер түсініксіз болса мәшінкеге бастыруға болады» деген өтінішін айтып, астына қолын қойыпты.

Тағы бір хат орыс тілінде жазылыпты. «Ш. Соңғы – VIII-тарауға үлгермедім. Мен оны Москвада жасаймын. Жіберуге уақытым болмаса, оны Москваға аударып беруіңізді сұраймын. Килл романды (оны повесть деп атауға болады) осында орыс тілінде шығарғысы келеді. Дәлелді аяқтаңыз. Стиль бірлігі үшін ... соңғы тарауды екінші рет аудару керек. Сіз мені Москваға ауыстырасыз деп үміттенемін. Май айында Москваға кеткенге дейін оны көрмейтінім тым өкінішті.

Сәбит. 11/II-37.

Аудармасы мен түпнұсқасын Лукашев жолдасқа беріңізші. Ол маған жібереді».

Сәбеңнің Ғайша ханымға жазған үшбу хаттары, міне, осылай сыр шертеді. Оқи келе хаттардан сол дәуірдің үнін, келбетін, зиялылардың бір-бірімен тығыз байланыс­та­ болғанын түсінеміз. Хаттар, хаттар...

Келесі хат иесі – Құлагер ақын Ілияс Жансүгіров.

Ілияс Жансүгіровтің алғашқы хаты былай басталады:

«Ғайша ханым!

…билет алу шатақ болып, мен кеше жыйлысқа бара алмадым. Екінші жағынан «На току»-дан кейінгі төрт бөлімді көшіріп беріп кетейін деп ойлап ем, оны да бітіре алмадым. Бүгін шығып барам. Марттың 20-25 шамасында Ғаббас Москваға келетін болды, «На току»-дың жалғасын содан жіберермін. Менің …туралы нендей мәліметтер керексінесіз соны айтып, маған бүгін-ертең хат жазыңыз, Ғаббас арқылы жіберейін. Әлманақ басқармасына жолығып, «На току»-дың аудармасына шарт жасаңыз. «Красный новь» жорналына да осы сіз аударатын бөлімі басылатын болды. Сізден аларсың деп осындағы Алтайский дегенге айтып кеттім.

Хат күтем. Алматыға барған соң да жазармын. Апрельдің аяқ кезінде тағы келем.

ІІ/12-36». Хатты оқи келе Ғайша ханымды әлдебір лауазымды кісі ме деген ойға қаласыз.

Келесі хатқа кезек берелік.

«Қадірлі Ғайша ханым!

Москваға тоқтамай өтіп кеттік. Үш кісі келдік. Бейімбет … пен қабарыз Қадыр қасымда. «Жолдастарды» алып келіп едім. Қайтқан соң қалдырамын. Мында 17/ІІ дейін боламыз. Москвада біз аз уақыт боламыз. Үйіңізге көп сәлем. Фатима көп-көп сәлем айтты.

Құрметпен: Ілияс

12/ІІ-1936».

Жансүгіров Ғайша Шәриповаға жазған келесі хатын орыс тілінде жазыпты.

«20 Наурыз, 1931 ж

Құрметті Ғайша!

Хатыңызға кеш жауап бергенім үшін кешірім сұраймын. Мен іссапарларда болдым. Гнепер сөзге жақынырақ: сіздің ұсынысыңыз, әсіресе мені қуантты. Сіз үлкен мәдени жұмыс істеп, ұлттық әдебиеттің байланысын жеделдетуге атсалысудасыз. Мен бұл мәселені тиісті ұйымдардың алдына қойып, FOSP аударма бюроларына, әсіресе сіздерге хабарласуды тапсырдым. Бірақ мен сіздерге қазақ әдебиетінен біраз кітаптар жібергім келді, бірақ осы жерден атын атайтын бірде-бір кітабын таппағаныма сеніңіз:

«Колхоз» – Майлиннің әңгімесі «Тулаған толқында» Мүсірепов (роман) «Жаңа жолда» (эссе) Жансүгіров «Таңбалылар» – Тілепбергенов

Бұл кітаптар Алматыда жоқ. Дүкенде Москвада (Кузнец. Мост) басылым жоқ­ деп есептеймін. Егер жоқ болса, ОГИЗ дүкеніне және «Қызыл-Орда таула­рын­да» деп жазуға болады. Мен бұл кітап­тарды кездестірсем, міндетті түрде сізге жі­бе­ре­мін. Оның үстіне бізде поэзия ерекше дамы­ды. Ең дұрысы..., мұны сіз арқылы жасау­ға бола ма, әлде досыңыз жасай ма? Жақ­сырақ ... пьесаларда, сіз оған қалай қарайсыз?

Сіз бұл маңызды тапсырманы тастамайсыз деп үміттенемін...

Аудармаңызды оқыдым – Баяминнің әңгімесі өте жақсы! Сіз бұл жұмысты жалғастырасыз. Біз бәріне дайынбыз...

Ілияс».

Ғаббас Тоғжановтың да Ғайшаға жазған хаттарының түпнұсқасы осы деректермен бірге аталған орталықта сақтаулы тұр. Біз оған да көз жүгіртіп көрдік.

«Құрметті Айша!

Біз сіздің пәтеріңізді басшыларымызбен келістік: сәуір айында олар мамандардың үйінен 3 бөлмелі пәтер беруге уәде берді (менікі сияқты), Андронников қазір жоқ, ол Мэттпен сөйлесті, күндердің бірінде ол кетіп қалады. Москва үшін ол жеке сөйлескісі келеді ...

Мен сізге хат жазамын, мүмкін сол уақытқа дейін Андронников келеді, содан кейін мен сіздің ойларыңыз туралы онымен келісемін.

Қазір онкүндікке дайындалып жатырмыз. Сондай күндердің бірінде орталық журналдарға материалдар жібереміз. Сізге Майлин туралы мақала жазу тапсырылды.

Майлин мен Жансүгіров қазір Мәскеуде болса керек – толық ақпаратты солардан алуға болады.

Сәуірдің бірінші жартысында Мәскеуге кетейін деп жатырмын, егер пәтер осы уақытқа дейін дайын болса, онда сіз келгенше бір жолдасымызды (бойдақты) уақытша орналастырамыз, ол бос емес – әйтпесе, біздің жағдайда , олар шешімсіз пәтер ала алады.

Сіздің келгеніңізде менің жеке пікірім мынау: егер сіз мен жоқта келсеңіз, бұл ыңғайсыз және он жылдан кейін (мамырдың аяғында) келгеніңіз дұрысырақ екені анық.

21/II-36.

21-4-36. Құрметпен, Тоғжанов».

Ғаббас Тоғжановтың қолжазбасындағы хаттың келесі бетінде мына сөздер бар.

«Сәлеметсіз бе, Ғайша ханым!

Сіздің мазмұны мен көлемі жағынан қыс­қа да нұсқа хатыңызға ашулануға хақым­ бар ма? Сізді көп сұрақпен көміп тас­тай­ ­аламын: онкүндік неліктен қарашаға ауыс­тырылды?.. Қазақ әдебиетшілері қонақ­тарды – майдангерлерді Қызыл Алаң­дағы Жеңіс шеруінен кейін шаршап-шал­­дыққан күйінде күтпеген жерден қарсы алуы мүмкін. Кімдер, қандай аудар­машылар жұмыссыз жүр? Мүмкін олар – шақырылғандар әдеттенбеген шығар?­ Бірақ Әуезов өзінің мақаласында («Ком­сомольская») құдіретті гүлдену тура­лы­ айтты ғой. Демек аудармашылар жұ­мыс­сыз­ отырмауы керек.

Неліктен альманах жылда шыға­рыл­майды?

(сөйлем түсініксіз)

Бастысы, өзіңіз қызықты бірдеңе жаза алдыңыз ба?

П.Кузнецов не істеп жүр?

Омардың халі қалай? Оған шын жүрек­тен сәлем айтыңыз. Әсияға сынақты сәт­ті­ тапсыруына тілектеспін. Надя мені­ ағылшын тіліне үйретуге дайындал­сын». Ақын Әбу Сәрсенбаевтың да Ғайша Шәриповаға жазған ізетті хатын оқыр­ман­ға ұсынайық.

«Құрметті Ғайша апай,

Сәлем сізге алыстан. Москвадағы жұмыс­­тарды бір ыңғайлап келіп, Пере­ле­ки­но­да жатырмын. Редактор да, өзімнің бір май­­дандас жолдасым да (жазушы) оқып шық­­ты. Пікірлері өте жақсы. Орта жастағы бала­­лар үшін ықшамдап шығармақ. Тіл жағы­­нан, анығырақ айтқанда, бір сөздің сол­ ақ абзацта әлденеше рет қайталануы жөнін­де ғана замечаниелері бар. Бұлар, әсіре­се алдыңғы бөлімдерінде. Мысалы, про­логтың екінші абзацында (1 бет) жолын­да алты рет қайта­ланған «носилки несли» дегендер бар­ екен. Олар редакция үстінде түзеледі ғой.­ Редактор іске кірісті. Бірақ ұзаққа созар­ түрі бар (Редактор сол рецензия жазатын Влекова), шартты редакциядан кейін жасамақ. Сізді шақырудың керегі жоқ деседі. Анау бір жарым главаның аударма­сын жіберген екенсіз. Апарып бердім.

Ғайша апай, сізден екі түрлі өтінішім бар. Бірі анау Сколковскаяның редакциясынан кейін қолжазбаны әбден бір мұқият оқып­ шығыңыз. Тәжірибесі жоқ, жас адам ғой, бүлдіріп жүрмесін.

Екінші, өңдей-өңдей жүріп енгізген өз­­ге­ріс­теріміз 25 пайыздан асып кеткен тәрізді.

Бүгін … шарт переиздание емес, жоңқа нәр­­­се ретінде қайтадан жасаңыз деген ті­лек­­­ білдірдім. Тоғыз тарауға үлкен-үлкен өз­­ге­­­рістер енгізіліп, бір тарауы тұтасымен қай­­тадан істелінді. Сіз де осыны талап етіңіз.

Қош болыңыз. Хат күтем.

Құрметпен Әбу.

Адресіңізді білмеген соң издат-во жолдадым».

Ендеше, біз сөз соңында қазақтың мар­­­­­қасқа тұлғалары бірінен соң бірі хат жаз­­­ған Ғайша ханымның кім болғанын оқыр­­­ман есіне сала кетейік. Ол 1901 жылы Қазан­ қаласында туған. Аудармашы. Қазан­ университетінде білім алған. Кейі­ні­­­­р­ек татар­ жұмысшылар театрының әртісі болған. Талантты Ғайша Мәскеуде Жо­­­­ғар­­­­­ғы­ сотта аудармашы болып қызмет істе­­ген.­ Осы уақыттан бастап татар, баш­­құрт, қа­зақ және қырғыз тілдерінен орыс­ тіліне ау­дармашы ретінде әдеби қыз­метін бас­тай­ды. Жоғарыдағы хаттар дә­лел­де­гендей Ғайша Шәрипова қазақ жазу­шы­ларының шы­­ғармаларын, оның ішін­де Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров сия­қ­ты қаламгерлердің туын­ды­­ларын ­ау­да­­руға қатысқан. Қалай десек те,­ Ғайша ханымға жазылған хаттар легі бізге сол кез­дегі уақыттың, сол қоғамның бейнесін көз алдымызға әкеледі. Хаттар толастамасын.