Парламент мен мәслихатқа жаңа депутаттар 7 партияның қатысуымен сайланып қана қоймай, олардың бір бөлігінің өзін-өзі ұсыну жолымен бәсекеге түсуі сындарлы қадам.
Бірақ сайлау барысында анықталған кейбір көзге түскен нәрсе – көптеген кандидаттың өз бағдарламаларын жеткілікті деңгейде насихаттай алмады. Ақпараттың сайлаушыларға толыққанды жетпегені, олар туралы мәліметтің аздығы кейбір үміткерлердің саяси рейтингін төмендетті деуге болады. Алматы қаласындағы сайлаушылар санының аздығы үгіт-насихат жұмысының толыққанды жүргізілмегенін көрсетеді.
Биыл ел аймақтары мен елді мекендеріндегі 10 мыңнан аса сайлау учаскесінде, 62 басқа елдердегі сайлау пункттерінде Қазақстан Парламенті пен мәслихаттарына депутаттарды сайлау жоғары деңгейде өтті деп нақты айта аламыз. Бұл сайлаудың тағы бір өзіндік ерекшелігі деп екі түрлі бағыттағы сайлаудың бір күнге біріктіріліп, бір уақытта өткізілуін атауға болады. Нәтижесінде, қазіргі әлеуметтік сипаты күрделі заманда осы әрекет еліміз үшін үлкен қаржылық және уақыттық тиімділігі бар қадам деп бағаланады. Жаңа тарихи кезеңде нұрлы ақылға, нақты нәтижелерге, әлеуметтік және тұлғалық жауапкершілікке сүйенген прагматизм заманы туды. Сол қисынмен алға қарай үйлесімді жылжыған орынды.
«Amanat» саяси кеңістікте басымдық танытатын партия екенін тағы да дәлелдеді, «Ауыл» партиясының екінші орынға шығып, жаңадан құрылған «Республика» партиясының үшінші орынға жайғасуы – биылғы сайлаудың өзіндік жаңалығы. Бірақ бұл жағдайды кездейсоқ нәтижелер деп те атауға болмайды. Демек, елімізде барлық деңгейде демократиялану үдерістері өзінің ерекше келбетін байқата бастады. Тек енді барлығымызға әділеттілік қағидатын партиялық және дара тұлғалық жауапкершілікпен тікелей астастырып отыру маңызды.
Серік НҰРМҰРАТОВ,
Философия, саясаттану және дінтану институты Философия орталығының директоры