Әлемге әйгілі «Қызыл кітаптың» сипаты туралы қызықты деректер өте көп. Мұның қызыл түсі тыйым, тоқта, жойма, дабыл мен қауіп деген түсініктерді білдіреді және бұл адамдардың назарын аудару және әлемнің варварлық жойылуын тоқтату үшін жазылған. «Қызыл кітап» табиғатты қорғауға арналған ғалымдардың жануарлар мен өсімдіктер жөнінде жинаған фактілері болғанымен, бізде бұл құзыреті бар кітап болып саналады.
Бүгінде қызыл қасқыр, қара күзен, қабылан және кейбір тау арқарларын енді қазақ жерінен жолықтыра қоюымыз екіталай. Өйткені бұл жануарлардың Қазақстан жерінде кездескені жайлы жарты ғасырдан бері бірде-бір дерек жоқ. Түрлі экологиялық факторлар мен жүгенсіз кеткен браконьерлік шабуылдардың кесірінен аталған аңдардың орнын сипап қалдық.
Елімізде «Қызыл кітаптың» бесінші басылымы жеткілікті қаржыландыру болмауынан кешеуілдеп келеді. Он жылда бір басылып шығатын «Қызыл кiтапқа» өсімдіктер мен жануарлар түрлерін енгізу және одан шығару жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін ведомствоаралық ботаникалық-зоологиялық комиссия қарайды. Кең-байтақ Қазақстан аумағының табиғат жағдайына сәйкес өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесі де алуан түрлі болып келеді. Қазақстан фаунасының геноқоры кітабының (1989) мәліметінше, елімізде тек омыртқалы жануарлардың (балықтар, қосмекенділер, бауырымен жорғалаушылар, құстар, сүтқоректілер) 835 түрі есепке алынған. Ал омыртқасыз жәндіктердің тек жартысына жуығы ғана анықталған, яғни 50 мыңдай шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, өрмекші, кене, ұлу бар.
2006 жылы Үкімет қаулысымен бекітілген «Қызыл кітапқа» дөңгелекауыздылар мен балықтардың 18 түрі мен түршелері, қосмекенділердің 3 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 10 түрі, құстардың 57 түрі және сүтқоректілердің 40 түрі мен түршелері, барлығы омыртқалы жануарлардың 128 түрі (түршесі) енген. Олардың арасында, жоғарыда атап өткеніміздей, І санаттағы сүтқоректілердің төртеуі – қызыл қасқыр, қара күзен, қабылан, тау арқарларының Қызылқұм, Алтай және Қаратау түршелері, құстардан ақ ләйлек, қызғылт бірқазан, ителгі, лашын, бидайық түрлері Қазақстан жерінен біржола жоғалып кетсе, мәрмер шүрегейдің қоныстануы жайлы 20 жылдан аса уақыттан бері дерек жоқ.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің хабарлауынша, табиғат қорғау заңнамасын бұзу деректерінің жыл сайынғы динамикасы артпаса, азайып отырған жоқ. Салыстырмалы түрде қымбат бағаланатын мүйізіне бола қарақұйрық, елік браконьерлер қолынан жиі оққа ұшатын көрінеді. Мәселен, 2018 жылы 2 арқар, 19 қарақұйрықты заңсыз ату дерегі тіркелген. Жойылып бара жатқан түрге жататын ителгі мен сұңқар құстарын аулау да толастар емес. 2016 жылы 25 ителгі, 2018 жылы 23 сұңқар, 7 ителгі құсы заңсыз шетел асқан. Зоолог мамандардың айтуынша, өзен кәмшаты, қара кірпі, ала жертесер, аққұйрық, үлкен мықи, тұрымтай, жұмбақ шыбыншы, әсем шымшық түрлері популяциялары мөлшерден тыс көбейгендіктен, «Қызыл кітаптың» үшінші басылымына енгізілмей, тізімнен шығарылған екен.
Қазақстанның қазіргі жануарлар әлемі, сонымен қатар бұрынғы геологиялық дәуір фаунасы жайлы жаңа ғылыми мәліметтер алу, олардың эволюциясын зерттеу және қоршаған орта жағдайына байланысты популяция динамикасының заңдылығын анықтау – Зоология институтының міндеті. Аталған институт мамандары сирек жануарлардың таралуы мен саны жөніндегі мағлұматтардың аздығын, сәйкесінше сақтау шаралары жөнінде қандай да бір шешім қабылдау қиындық тудыратынын алға тартады.
«Еліміздің «Қызыл кітабы» тек қана сирек және құрып бара жатқан аң мен өсімдік және жәндіктердің тізімін жинақтап қана қоймайды, бұл кітап кәдімгідей құқықтық мәртебесі бар құжат саналады. Батыс Еуропа немесе басқа да елдермен салыстырғанда, біздің «Қызыл кітаптың» айырмасы – осында. Көптеген елде оны ғылыми институттар немесе қоғамдық ұйымдар шығара береді. Бізде және ТМД елдерінде «Қызыл кітаптың» заңдық мәртебесі бар, сондықтан оның жасақталуы – мемлекеттің бақылауында. Яғни Үкімет жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiн бекітеді. Соның негізінде әзірленген «Қызыл кітап» аң және өсімдік түрлері туралы толыққанды ақпаратты қамтиды. Онда аңның латынша, қазақша, орысша атауы, құрып кеткен немесе жойылып бара жатқан, қалпына келген түр бойынша мәртебесі көрсетіледі», дейді Зоология институтының бас директоры Роман Ященко.
Оның айтуынша, 1991 жылы шыққан Қазақстанның «Қызыл кітабының» екінші басылымы қаржы тапшылығына байланысты ротациялық көшірме арқылы бар-жоғы 500 данасы басылған. Қазір бұл кітап сирек кездеседі. Бұдан кейін 2003 жылы мемлекет қолдауымен Зоология институты мен «ТЕТИС» ғылыми қоғамы қолға алып, «Қызыл кітаптың» екінші бөлігін шығарды. Онда зиянкестердің 85 түрі, 2 өрмекші тәрізділер қамтылды. Оның бірі – Түркістан шаяны. Алайда басылымның омыртқалыларға арналған бөлігі шықпады. 2010 жылы баспадан шыққан «Қызыл кітаптың» таралымы алдыңғылардан анағұрлым өскен.
«Қызыл кітап» дегеніміз негізгі үш данадан тұрады. Біріншісі – Үкіметте, екінші данасы уәкілетті орган – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінде, үшіншісі әзірлеушіде қалады. Бұл – Зоология институты. Осыдан кейін барып ол кең таралымға шығады», дейді Зоология институтының мамандары.
Кітап қазақша, орысша және ағылшынша әзірленеді. Айта кетерлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінде Зоологиялық комиссия бар. Оның құрамына түрлі сарапшылар кіреді. Зоологиялық комиссия екі бөліктен тұрады, біреуі – балық түрлеріне арналған, екіншісі басқа барлық аң түріне жауапты. Зоология институтының мамандары соңғы комиссия құрамында бар.
«Қызыл кітапқа» жануар түрін енгізу немесе алып тастау – Зоологиялық комиссияның құзыретінде. Сондай-ақ ел Президенті осындай шешім қабылдай алады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылы Каспий итбалығы Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiне алынды.
Айта кетерлігі, биыл Жайықта кездесетін күтім (ойықтіс) деген балық жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiнен шығарылыпты. Керісінше, Зоологиялық комиссия шешімімен тізбеге жолбарыс қосылған.
«Біз Ресейден Амур жолбарысын Балқаш маңына Іле-Балқаш табиғи резерватына жерсіндірмекпіз. Қазір жолбарыс өмір сүре алу үшін жағдай жасалып жатыр. Ең алдымен, ландшафт өмір сүруге қолайлы болуы қажет. Ол немен қоректенеді, сол ескеріледі. Қазір экожүйені қалпына келтіру жүргізіліп жатыр. 2024-25 жылдары алғашқы жолбарысты беру жоспарланып отыр. Неге Уссури немесе Сібір жолбарысы таңдалды? Өйткені ол – жойылып кеткен Тұран жолбарысына генетика жағынан ең жақын түр. Қазір кейбір генетик ғалымдар осы екі жолбарысты Құрлықтық түршеге жатқызады. Қалпына келтірілетіндіктен, қазір жолбарыс сирек кездесетін құрып бара жатқан түр қатарына алынды», дейді институт басшысы.
Экобелсенді Сәкен Ділдахмет жолбарыс популяциясын қалпына келтіруге болатынын айтады. «Балқаш маңы – сулы батпақты-қамысты аймақ. Қазір резерватта жолбарысқа барлық жағдай жасалып жатыр. Азық-түлік базасы саны өсіріліп келеді. Олар – тоғай бұғысы, елік, қабан. Сондай-ақ тораңғы ағашын қайта отырғызу қолға алынған. Ең бастысы, халықпен үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр», дейді ол.
Бір қызығы, кейінгі жылдары ғана саны өсіп, қалпына келе бастаған киікті кейбір адамдар сиреп кеткен аңдар қатарына жатқызылады деп санайды. Алайда бұл қате түсінік екен.
«Киік Қазақстанның «Қызыл кітабына» енбеген. Көп адам осылай деп қателеседі. Бұл – елімізде ауланатын аң санатында. Алайда Халықаралық Қызыл тізімге жойылып бара жатқан жануар ретінде алынған. Киік Қазақстанда, сонымен қатар Батыс Қазақстанның Ресеймен шектесетін аудандарында кездеседі, сонымен қатар Моңғолияда бір түрі бар. Оның саны – 7-9 мыңдай ғана, өте аз. Осы киік түрінің басты қоры бізде, үш популяция – Бетпақдала, Үстірт және Батыс Қазақстан популяциясы. Бұл түр қысқа уақытта тез көбейе алатынымен ерекшеленеді. Біз қазір сондай көбейген кезеңін көріп отырмыз. Олардың саны өте жылдам азайып кетуі мүмкін», дейді Р.Ященко.