• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 30 Наурыз, 2023

«Жасыл» энергетиканың күрделі кезеңі

268 рет
көрсетілді

Күрделі геосаяси ахуал аясында көптеген ел баламалы қуат көздерін іздестіруге мәжбүр. Әлем қазба отынға тәуелділіктен арылуға тырысып, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің табиғи жолына түсе бастады.

2022 жылдың соңында Халық­ара­лық энергетика агенттігі баламалы энергетика саласының дамуына қатысты болжамын жаңартты. ХЭА мәлі­м­деуінше, әлемдегі жаңар­тыл­ған энергия көздерінің қуа­ты ал­дыңғы жылы болжанған көлем­нен 30 пайызға артады. Болжам бо­йынша 2022-2027 жылдары әлем­де жаңартылатын энергия көзде­рі­нің (ЖЭК) қуаты 75%-ға немесе 2400 ГВт-қа артады. Агенттік мәлі­ме­тін­ше, жалпы электр энергиясын өндіруде жаңартылатын энергия ны­сан­дарының үлесі 2021 жылғы 25%-дан 2027 жылы 38%-ға дейін өседі. Сөйтіп, алдағы бес жылда бұл нысандардың қуаты кейінгі 20 жылдағы көрсеткішінен асып түседі.

Bp.com мәліметі бойынша 2021 жылы әлемде жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергия­сы 3,7 триллион кВт/сағатқа жеткен. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 16,2%-ға артық. Салыстырар бол­сақ, 2020 жылы бұл көрсеткіш 3,1 трлн кВт/сағ құраған. Жалпы, жаңар­ты­ла­тын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, 2021 жыл­дың көрсеткіштері 2016 жылмен салыс­тырғанда 50,6%, 2011 жылдан – 4 есе, 2001 жылдан – 15,8 есе, 1991 жылдан – 28,8 есе, 1981 жылдан – 68,4 есе, 1971 жылдан бері 131,1 есе өсті.

Баламалы көздерден өндірілген энергияның ең көбі Азия-Тынық мұхиты аймағының үлесінде. Ондағы көрсеткіш 1,7 триллион кВт/сағ, бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 27,7%-ға артық. Яғни бұл әлемдегі «таза» электр энергиясының 46,2%-ы. Одан кейінгі орында Еуропа (946,5 млрд кВт/сағ) мен Солтүстік Америка (714,1 млрд кВт/сағ) тұр. Жалпы, осы үш негізгі макроөңір ЖЭК өндіретін бар­лық электр энергиясының 91,6%-ын қамтамасыз еткен. Оң­түс­тік және Орталық Америкада жа­ңар­тылатын энер­гия көздерінен электр энергия­сын өндіру жыл сайын 15,2%-ға ‒ 229,3 млрд кВт/сағ, Африкада 7,8% ‒ 49 млрд кВт/сағ, Таяу Шығыста 18,3 % ‒ 18,5 млрд кВт/сағатқа дейін өскен. Ал ТМД-да ЖЭК өндіру көле­мі небәрі 9,6 млрд кВт/сағатты құ­ра­ды.

Жел электр стансаларынан өн­діріл­ген энергия 1,9 триллион кВт/сағ құрады, бұл алдыңғы жылмен са­лыс­тырғанда 16,6%-ға көп. Мұндай қондырғылардың үлесі әлемдегі жа­ңар­­тылатын энергия объектілері өнді­­ретін көлемнің 50,9%-ын құра­ды. Ал күннен алынған энергия көлемі 1 трил­лион кВт/сағ, бұл алдың­ғы жыл­мен салыстырғанда 22%-ға жоға­ры. Азия-Тынық мұхиты айма­ғының күн электр­ стансалары әлемдегі жа­ңартылатын энергия нысан­дары өндіретін жалпы электр энер­гиясының 15,9%-ын қамтамасыз етті.

Соңғы 5 жылдағы ЖЭК-тің 85%-ға өсуі екі фактордың нәтижесі бо­лып табылады. Біріншіден, жа­һан­­дық энергетика дағдарысы нәтиже­сінде қазба отындары мен электр энер­гиясының қатты қым­бат­тауы энер­гия технологияларын эко­но­ми­калық қауіпсіздік тұр­ғы­сынан әлде­қай­да тартымды етті. Екіншіден, Ре­сей­дің Украинаға басып кіруі қазба отын импорттаушыларының, әсіресе Еуропа елдерінің энергетикалық қа­уіп­сіздік тұрғысынан «таза» энергия көздерін бағалай түсуіне әкелді. Осылайша, қазіргі энергетикалық дағ­дарыс жаңартылатын энергия ны­сан­дарының ықпалын арттырды.

Жалпы, адам дамуының тізбегі жаңартылатын энергия көздерінен электр қуатын өндіруге бірқалыпты көшуге бейімделген. Алайда өткен жылдың 24 ақпанынан кейін бұл үдеріс үдей түсті. Текетіресте қаз­ба отындары қақтығыс құралы ре­тін­де қолданылатыны ежелден белгілі. Сарапшылар Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстар энергия ресурстарының әртүрімен байланысты болғанын және нәтижесінде әлем басымдықтарды отынның басқа түрінің пайдасына өзгертетінін айтады. Мәселен, бірінші дүниежүзілік соғыс көмірден мұнайға көшуді талап етсе, Екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан атом энергетикасы пайда болды. Ал қазіргі «газ бопсалау» жағ­дайында Украинадағы соғыс жаңар­тылатын энергия көздеріне кө­шуге мықты түрткі болуы мүмкін. Сонымен бірге жаңартылатын қуат Украи­наның энергетикалық секторын соғыстан кейінгі қалпына кел­ті­руде басымдыққа ие болуы керек. Әзірге Украина соғыс жағ­да­йын­­да «жасыл» сектордың дамуы­на жағдай жасай алмайды, сондық­тан ЖЭК-ке инвестициялар ағынын елестету әлі қиын. Өйткені Ресейдің басып кіруіне байланысты елде жел электр стансаларының 90%-ы және күн электр стансаларының 30%-ы істен шыққан. Бұл аймақтың жалпы жел қуатының шамамен төрттен біріне және күн қуатының бес­тен бір бөлігіне әсер етті. Ша­буыл­дың мұндай ауқымы Украи­на­ның соң­ғы жылдардағы инвестиция мен жаңар­ты­латын энергияны енгізу бойынша аймақтағы жетекші орнымен, сон­­дай-ақ генераторлардың геогра­фия­лық орналасуымен түсін­ді­рі­леді.

Өз кезегінде Еуропа соңғы оқиға­лардан кейін көміртегіне тәуел­ді­лік­тен тезірек құтылуға асық. Егер бұрын Еуроодақтың ЖЭК-ті дамыту стратегиясы бірқалыпты болса, соғыстың басталуымен бұл мәселе ЕО үшін ғана емес, Орталық Азия елдері үшін де үлкен маңызға ие болып, белсенді сипат алды. 2020 жылға қарай Еуропа жүйелі түрде энергия қоспасындағы жаңартылатын энергия үлесінің 20 пайызына жет­кен болатын. ЖЭК-ке көшуді тың қарқынмен жылдамдатудың нәти­же­сінде өткен жылы жел мен күн ЕО-да электр энергиясының рекорд­тық үлесін өндіріп, бірінші рет газды басып озды. Ember сараптама орталығының есептеуінше, олар 2022 жылы өндірілген электр энер­гиясының төрттен бір бөлігін құра­ды. Отын жағу шамамен 20%-ға тең болды. Соның нәтижесінде өңір газды сатып алудан миллиардтаған доллар үнемдеді. Сондай-ақ «жасыл» энергияны Германия көбірек өндірді. Мұндай технологияларды жиі қолдана бастаған елдердің қатарында Швеция, Дания, Венгрия бар. «Жасыл» энергетикаға көшу ресей­лік газ жеткізудің күрт қысқа­руына әсер еткен. Бір жылдан аз уақыт ішінде Германия көмір энергиясына ішінара оралу және атом электр стансалары консервациясынан бас тарту есебінен ресейлік газға тәуелділігін толығымен жеңе алды.

Сонымен қатар Еуропалық ко­миссия азаматтарды бағаның кенет­тен шарықтауынан қорғау, жаңар­ты­ла­тын энергия көздерін пайдалануды жеделдету және ЕО-ны энергиядан тәуелсіз ету үшін электр энергиясы нары­ғын реформалауды мақұлдады. Мәлім­делгендей, 20 жылдан астам уақыт бойы электр энергиясы нары­ғы­ның құрылымы еуропалық компаниялар мен тұтынушыларға жақсы қызмет етіп, оларға біртұтас на­рық­тың артықшылықтарын пай­далануға мүмкіндік берді. Алайда Ре­сейдің Украинаға шабуылынан туын­даған энергетикалық дағдарыс электр энергиясының бірқатар осал тұс­тарын көрсетті. Еурокомиссия жос­пары Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты бағаның тұрақсыздығынан кейін электр энер­гиясын өндіруде газды пайдалану­ды кезең-кезеңімен тоқтатуға бағыт­тал­ған.

Ресейдің газ шантажы Еуропаны жаңартылатын энергия көздерін да­мы­тумен белсенді айналысуға итермеледі. Газ бағасы тым жоғары болғандықтан Еуропа арзан энергия көздерін іздейтіні заңдылық. Ал Орталық Азияның кең аймағында жел мен күн энергиясын алу үшін дүние жүзіндегі табиғи қуаттардың шамамен 5%-ы бар, бұл жаңартылатын энергия секторын дамытуға мол мүм­кіндіктер береді. Қазақстанда жел энергиясын өндіру күн энергия­сын өндіруден үштен біріне асады, ал 2035 жылға қарай айырмашылық жеті есеге артуы тиіс. Бұл үшін жел энергиясының ресурсы жеткілікті. Республика аумағының шамамен жартысында желдің жылдамдығы 30 метр биіктікте секундына 4-5 метрді құрайды. Ең жоғары жел әлеуеті Каспий теңізі ауданында – Атырау мен Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ солтүстік пен оңтүстік аймақтарда. Қазақстанның отын-энергетикалық кешенін дамы­тудың 2030 жылға дейінгі тұжы­рым­дамасында Қазақстанның жел әлеуеті жылына 1 трлн 820 млрд киловатт-сағаттан асатыны айтылған. Алайда гидроэнергетикадан басқа, Оралық Азия өңіріндегі барлық елдерде ұлт­тық энергетикалық баланс­тар­дағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесі өте аз. Көптеген қаржылық, тех­никалық және әлеуметтік кедер­гілерге байланысты өңірдің жаңар­ты­латын энергия көздерінің елеулі әлеуеті толық пайдаланылмайды. Қазақ­станда тіпті жылдар бойы иге­рілмей жатқан бос жерлер көп. Ал көмірсутегімен қош айтысу Еуро­па­н­ың жатса да тұрса да ойынан шықпайтын тілегі. ЖЭК негізіндегі стансалар неғұрлым көп салынса, оның газға, демек Ресейге тәуелділігі де соғұрлым азаяды.

Сондықтан да болар, былтыр қазан айының соңында елімізге са­пар­лаған Германия сыртқы саяси ведом­ствосының басшысы Анналена Бербок Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерін өндіру үшін зор әлеуетке ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұрынғы кеңестік республика ретінде күрделі географиялық жағдайына қарамастан, Ресейдің Украинаға шабуылына қатысты өз ұс­танымынан таймаған Қазақстан құрметке лайық. Сонымен бірге кез­десуде елордада сутегі дипло­ма­тиясы кеңсесі ашылатыны мә­лім­делді. Қазақстандық тарап неміс бастамасын құп алып, оны бар­лық жағынан қолдауға дайын екендігін жеткізді. Халықаралық кеңсе екі ел үкіметінің, сарапшылық ортаның арасында жаңартылатын энергия көздері саласындағы өзара іс-әре­кет­терді нығайтуға үлкен үлес қо­са­тынына сенім білдірілді. Оның алдында Svevind неміс-швед кон­цер­нінің Hyrasia One еншілес компаниясы мен Қазақстан үкіметі арасында инвестициялық келісімге қол қойылды. Сөйтіп, аталған ке­лісім шеңберінде Еуропа мен Азия­ның энергетикалық және ши­кізат қорларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда таза әрі экологиялық тиімді жасыл сутегін өндіру жөніндегі әлемдегі ірі кәсіпорындардың бірін салу жос­парланды. Инвестор Svevind Group компаниясы Маңғыстау облы­сында қуаты жылына 2 миллион тонна болатын жасыл сутегі өндірісін қолға алатын болды. Жоба бойынша тәулігіне қуаты 255 мың текше метр су тұшытатын қондырғы, 40 ГВт жаңартылатын, яғни күн, жел энергия стансасын және не­гі­зінен экспортқа немесе ішкі на­рықта тұтынуға арналған 20 ГВт су электролизі өндірісін салу әрі пайдалану көзделген. Svevind өз қаражаты есебінен құны 50 миллиард долларды құрайтын жоба бойынша жұмысты бастады. Жобаны жүзеге асыру ЕО елдеріне электр энергиясын экспорттауға мүмкіндік береді деп болжануда.

Бүгінгі таңда елімізде жиынтық қуаты шамамен 2955 МВт құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 130 нысаны жұмыс істейді. Биыл қуаты 257 МВт 15 жаңа жоба іске асырылмақ. 2022 жылдың соңында Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың орна­тыл­ған қуаты 2,4 мың МВт-қа жетті, бұл бір жыл бұрынғыдан 18,8%-ға артық. Орнатылған қуаттылықтың басым бөлігі күн электр стансаларына тиесілі: 1,1 мың МВт, бір жылда 10,6% көбейді. Одан кейін жел электр стансалары: 958 МВт, 40,1% көбейді. Шағын ГЭС қуаты 280 МВт, биоэлектр стансаларының қуаты 1,8 МВт болды. Осы мерзімде ЖЭК нысандары өндірген электр энергиясы 5,1 млрд кВт/сағ құрап, бір жыл бұрынғымен салыстырғанда бірден 21,1%-ға өсті. Бұл ретте жалпы электр энергиясы өндірісіндегі ЖЭК ны­сандарында өндірілген электр энергиясының үлесі әзірге небәрі 4,5% ғана.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің Transition report 2022-23 есебінде Қазақстанға коммуналдық қызметтерге тарифтерді уақыт өте келе шығындарды өтеу деңгейіне жақындату керектігі жөнінде кеңес берілген. ЕҚДБ өкілдерінің айтуынша, бұл ресурсты үнемдейтін мінез-құлық үлгісін, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері мен энергия үнемдейтін технологияларға жеке инвестицияларды ынталандыру үшін қажет.

Өзгермелі геосаяси жағдайда Қазақстанның энергетика саласының алдында жаңа сын-қатерлер тұр. ЕО елдері, АҚШ және Ұлыбритания ре­сей­лік энергетикалық ресурс­тардан бас тартты және әлемдік нарықтардағы энергия бағасының бұрын-соңды болмаған өсуі жаңар­ты­латын энергияны кеңірек пайдалану қажеттілігін тудырды. Қазірде жа­қындап келе жатқан электр қуа­ты­ның тапшылығы, апаттарға әке­летін инфрақұрылымның тозуы, қалалардағы адам төзгісіз түтін се­кілді өткір проблемалар келеше­гі­міз­ге кірбің түсіретіні анық. Саладағы аянышты жағдай «жасыл» энергетиканы тұрақты дамытуға мүмкіндік бермейді. Сарапшылардың айтуынша, алдағы 10-15 жылда кө­мір пайдаланудан бас тарту қиын. Ал ЖЭК қалыптастырудың маңызы Қазақ­стан­ның көміртегі бейтарап­ты­ғына қол жеткізу бағдарламалары аясында да тереңдей түседі. Бұл ретте еліміздің декарбонизация бойынша халықаралық міндеттемелері тағы бар.