• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Дағдарыс 30 Наурыз, 2023

Дағдарыс тағы да қайталана ма?

304 рет
көрсетілді

Әлемдік қаржы сегментінің назары Америка Құрама Штаттарына ауып тұр: АҚШ-тың банк секторындағы проблемалар 10 наурызда 200 миллиард доллар активі бар Silicon Valley Bank жабылды. Ол­ Америкадағы он алтыншы ірі банктің бірі және IT және медицина саласындағы жаңа жобаларды қаржыландыратын бірден-бір институт болды. Санаулы күн ішінде инвесторлар салымдарын алып кетуінен мемлекеттік реттеуші банкті жабуға мәжбүр болды. Салдарынан JP Morgan және Wells Fargo секілді Американың төрт ірі банкі бір-ақ күнде 52 миллиард долларынан айырылды. Қор нарықтары да екі пайыздай құнын жоғалтты.

Сарапшылардың басым көпшілігі АҚШ-тың қаржы жүйесіндегі қазіргі жағ­дай АҚШ-тың тек ішкі мәселесі екеніне сенім­ді. 2008 жылғы қаржылық дағдарыс АҚШ-тың қаржы секторына төтенше жағдайларда қандай шешім мүмкіндігін әртараптандырды. Осыған байланысты жағдайдың басқа елдерге таралуына АҚШ-тың өзі мүдделі емес.

The Wall Street Journal басылымының жазуынша, JPMorgan және сондағы бірнеше ірі банктер Бірінші Республика Банкін (First Republic Bank) құтқару амалдарын талқылауды бастады. The Wall Street Journal-ға сілтеме жасаған ИнтерФакс-тың: «АҚШ-тың ірі банктері Silicon Valley Bank-тің жағдайына байланысты клиенттер қаражатының күрт кетуіне тап болған қар­жы институтын қолдау үшін Бірінші Рес­публика Банкіне капиталды бірлесіп құю мүмкіндіктерін қарастырып жатыр» деп ха­бар­лады.

Аталған газет дереккөздері бойынша, бірнеше қаржы институттары Бірінші Рес­публика Банкін құтқару нұсқаларын қарас­ты­р­ып жатыр. Банкті дағдарыстан құтқару жайлы бірлескен іс-қимыл жоспары алдағы бейсенбі күні жариялануы мүмкін.

Бұл АҚШ-тағы 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан кейінгі ең ірі банк сәтсіздігі болды. Барлық сақтандырылған депозит SVB-ден жеке құрылымға Deposit Insurance National Bank of Santa Clara банкке ауыстырылды.

Со­нымен қатар Signature Bank, Silvergate банк­тері де жабылатыны айтылып жатыр.

АҚШ-тағы жергілікті дағдарыстың Еуро­­ай­мақтағы банктерге әсер ету тәуе­кел­дері Швейцарияның Credit Suisse банктің акция құнын төмендетті. Швейцарияның орталық банкі нарықтағы сенімді қалпына келтіру үшін банкке шұғыл өтімділік беру туралы шешім қабылдады.

 

Сауықтыруға 2 триллион доллар қажет

Кейбір сарапшылардың сөзіне ден қойсақ, құрылымдық мәселені шешкенше тағы 50 банк банкротқа ұшырауы мүмкін.

Енді қаржы сарапшылары АҚШ-тың Федералды резерв жүйесіне қарап алаңдап отыр. «ФРЖ базалық мөлшерлемені бірден көтеріп жіберсе, бұл АҚШ долларына тәуелді елдердегі дағдарысты жеделдетеді. Ал ол қалыпты жағдайда өтсе, нарық оған дайындалуға мүмкіндік алады» деген болжам бар. Себебі ФРЖ-нің банк секторына деген қысымы алдағы онжылдықтарда әлсірей қоймайды.

Наурыздағы отырыстың қорытындысы бойынша АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі (ФРЖ) базалық пайыздық мөл­шер­ле­мені 25 базистік тармаққа – жылдық 4,75-5% деңгейіне дейін көтерді. Бұл туралы ФРЖ-нің баспасөз қызметі хабарлады. Сарапшылардың сөзіне сенсек, бұл – алдын ала болжанған жағдай. Сонымен қатар ФРЖ 2022 жылдың мамырында жарияланған жоспарға сәйкес балансындағы активтерді қысқартуды жалғастыратынын растады. Жоспарға сәйкес, қысқарту 1 маусымда басталды, алғашқы үш айда активтерді 47,5 миллиард долларға қысқарту жоспарланған болатын, оның 30 миллиарды – қазынашылық бағалы қағаздар, 17,5 миллиарды – ипотекалық бағалы қағаздар. Содан кейін қысқарту қарқыны екі есеге, айына 95 миллиард долларға дейін өседі деген болжам бар.

SVB, Signature Bank-тің күйреуі және АҚШ банк нарығындағы жалпы дағдарыс алдағы бірер айда шетелдік баспасөздің басты тақырыптарының бірі болып қала беретініне күмән жоқ. Бірақ 2008 жылғы қаржылық дағдарыс қайталанады деген пікірге ден қойып жатқандар аз. Ат­лан­ти­калық кеңестің геоэкономика орта­лығының аға директоры және Халық­аралық валюта қорының бұрынғы кеңесшісі Джош Липский 2008 жылдар мен қазіргі жағдайды салыс­тыру қате деп санайды. Осыдан 15 жылғы жағдайда қайтарылмаған ипотека несиесі мен АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігінің төмендегі себеп болса, қазір ипо­тека нарығы бақы­лау­да, ал облига­ция­лар­дың кірістілігі қалыпты дең­гейде.

Сарапшылардың сөзіне сенсек, әлемдік дағдарыс төніп қалды деп алаңдауға себеп жоқ. Jusan Invest сарапшылары әлем 2008-2018 жылдардағы дағдарыстан сабақ алғанын, ес жиғанын жазып жатыр. Сол кездегі дағдарыстан кейін енгізілген ережелер мен талаптардың нәтижесінде, капиталдың жеткіліктілігіне деген талап та буынын бекітіп алды. Одан бөлек сарапшылар төмендегі факторға назар аударуымыз қажет екенін айтады. Silicon Valley Bank-тің банкрот деп жариялағанға дейінгі қаржылық капиталы 16 млрд доллармен түйінделіп тұрды.

Демек аймақтық деңгейдегі ірі ойыншы болғанмен, Bank of America, JP Morgan Chase тәрізді қаржы институттарымен бәсекеге түсе алмайтыны жыл басында белгілі болып қалған еді. «АҚШ-тың орталық банктерінде төтенше жағдайлардың ықпалына әсер ететін тетіктердің барлығына үміттенеміз», деп отыр Jusan Invest.

Finam инвестициялық компаниясының сарапшысы Игорь Додонов та АҚШ билігінің қаржы секторындағы мәселелерді шешудегі «бай тәжірибесіне» сенімді. Басқа сарапшылар сияқты ол 2008 жылмен салыстыруға болатын салдарды күтпейді.

Сарапшы айтып өткендей, екі банктің салымшылары 20 наурыздан бастап өз депозиттерін кері қайтарып алды. ФРЖ несиелік мекемелерді уақытша қар­жы­лан­ды­рудың жаңа бағдарламасын іске қосты. Орталық банктер 25 мил­лиард долларды құрайтын жаңа бағдарлама бойынша Қаржы министрлігінен қар­жы­лық кепілдіктер алды. Мұның бәрі қаржы дағдарысына қатысты алып-қаш­па әрекеттердің алдын алып, екі банк­тің бойынан табылған «дағдарыс вирусының» өзге банктердің ағзасына таралып кетуіне мүмкіндік бермейді. АҚШ қаржы министрлігі VB банкротқа ұшырағанына қарамастан елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығын мәлімдесе, министр Джанет Йеллен реттеушілердің жағдаймен күресу үшін тиімді құралдары бар екенін айтты. АҚШ-тың қаржы жүйесі 2008 жылғы дағдарыстан кейін өзгергені де айтылып жатыр. Ақ үйдің мәлімдемесі де осы бағытта айтылды.

АҚШ-тағы реттеушілер мен саясат­кер­лердің алаңдауға еш себеп жоқ екенін мәлімдегеніне қарамастан, бұл жағдай әлемдік экономиканың қаржы сегментін «толқытып жіберді».

 

Тоқсан түрлі пікір

Біздің Ұлттық банк әлемнің қаржы нарығында құбылмалылық өршіп, АҚШ пен Еуроаймақтағы банк секторына қатысты инвесторлардың алаңдаушылықтан туын­да­ған тәуекелге қызығушылығының тө­мен­дегені байқалып отырғанын хабарлады. «АҚШ-тағы жергілікті дағдарыстың Еуроаймақтағы банктерге әсер ету тәуе­кел­де­рі Credit Suisse атты Швейцария банкінің акция құнын төмендетті. Швейцарияның орталық банкі нарықтағы сенімді қалпына келтіру үшін банкке шұғыл өтімділік беру туралы шешім қабылдады», деді Ұлттық банк өкілдері.

Ұлттық банк соңғы күндері әлемде болып жатқан осы тектес оқиғалар ішкі валюта нарығына да әсер етіп отырғанын да жасырмады. «АҚШ доллары айтарлықтай құбылып, ұлттық валютаның әлсірей бастағаны сезілді. Бұл мұнай бағасының барреліне 73-74 доллар деңгейіне дейін төмендеуімен қиындай түсті. Әйтсе де АҚШ пен Еуроаймақ банктеріндегі жергілікті дағдарыстардың Қазақстанның қаржы нарығына ықпалы шектеулі. Сақталған профицитті ескергенде, банк жүйесіндегі өтімділік жеткілікті», деді банк өкілдері.

Сондай-ақ Ұлттық банк «валюта нары­ғын­дағы өтімділікті сақтау және айыр­бастау бағамының күрт ауытқуын реттеу үшін валюталық интервенциялар жүргізу құқығын сақтайтынын» мәлімдеді. «Бұл теңгенің ақылға қонымды құбылмалылығын шек­темей, бағам белгілеудегі нарық тетік­те­рін қолдайды дегенді білдіреді. Қажет болған жағдайда интервенциялар жүр­гізіледі және тиісті ақпарат бұқаралық ақ­парат құралдары арқылы жарияланады», делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада.

Сарапшылардың басым көпшілігі АҚШ-тың қаржы жүйесіндегі қазіргі жағ­дай АҚШ-тың тек ішкі мәселесі екеніне сенім­ді. 2008 жылғы қаржылық дағдарыс АҚШ-тың қаржы секторына төтенше жағдайларда қандай шешім мүмкіндігін әртараптандырды. Осыған байланысты жағдайдың басқа елдерге таралуына АҚШ-тың өзі мүдделі емес.

 Қаржы сарапшысы Ғалым Хұсайынов SVB және басқа да банктердің банкротқа ұшырауы 2008 жылғы жағдайдан өзгеше екенін атап өтті. «Егер 2008 жылы негізгі себеп несиелік тәуекел болса, биылғы жылы пайыздық тәуекел ФРЖ-ның пайыздық мөлшерлемелерді күрт көтеруіне байланыс­ты жұмыс істеді. Банкроттыққа банктің бағалы қағаздардағы активтердің үлкен көлемін ұстауы, кейіннен құнсызданғаны себеп болып отыр», деп жазды қаржыгер өзінің Telegram-арнасында.

Қаржыгер айтып өткендей, АҚШ-та банкроттық пен реттеуші әрекеттер бірнеше күн ішінде аяқталады. Бұл салымшыларға барлық жинағын жоғалтпауға мүмкіндік береді.

Біздің қаржы сегменті іштен де, сырттан да төніп тұрған қауіптің құрсауында екенін сарапшылар осыған дейін талай рет айтқан. Ең басты қауіп әлемдік тауар нарықтарына және олардың жағдайына тәуелділігіміз осыған дейін талай рет айтылған. Теңге бағамы, инфляция қарқыны, төлем балан­сы­ның жағдайы және республикалық бюджет, ең алдымен осы факторларға тә­уел­ді. Макроэкономикалық көрсет­кіш­тер­­дің мұнай бағасына тәуел­ділігін азайтуды Үкіметтің басты міндетіне айналуға тиіс. Экспорттық өнім ассортиментін әртараптандыруды жеделдету де маңызды рөл атқарады.

Әлем құбылмалылықты бастан кешіп жатқанын, оның жалғаса беруі заңдылық екенін сарапшылар ашық айтып отыр. 1998, 2008, 2018 жылдардағы дағдарыс Орталық Азия елдерінің арқасына қатты батқанын әлі ешкім ұмытқан жоқ. Сарапшылар 2008 жылғы дағдарысқа банктерде құнды қағаздардың жинақталып қалғаны себеп болғанын, оның құнын анықтау мүмкін болмағанын айтады.

Отандық сарапшы Мағбат Спанов ендігі жағдайдың нүктесі әлемдегі өзгеріс­тер­дің нәтижесіне байланысты қойылады деген пікірде.

 

Қосарланған қысым құшағында

2000 жылдары мұнайдан түскен табыс негізгі капиталды инвестициялауға емес, тұтыну нарығына жұмсалғаны біздің экономикамыздың қателігі болды.

Біздің тауарларымыз ЕАЭО, Дүние­жү­зілік сауда ұйымы алаңында бәсекеге қабілетті болмай шықты. Бұл – алғашқы қателігіміздің көлеңкесі. Себебі экономиканы әртараптандыруды тым кеш қолға алдық. Бағдарламаға бөлінген қаржыдан үлес алып қалғысы келетін адамдардың тәбетін тия алмағанымыздан 2008-2018 жылдардағы дағдарыстардан толыққанды айығып шыға алмадық. 2005 жылдан бас­тап мемлекеттің бизнестегі үлесінің өсіп кетуі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете­міз деген ұстаныммен түсіндірілді. Мұның өте қауіпті әрекет екенін баға саясатына ық­пал етіп отырған бірнеше монополист компания­лар пайда болғанда бір-ақ білдік.

М.Спановтың айтуынша, дәл қазір АҚШ-тың жекелеген банктерінің проблемалары Қазақстан экономикасы мен теңгеге әсер етпейді. Себебі бұл жолы дағдарыстың бүкіл банк жүйесіне таралып кетпеуіне тек АҚШ емес, әлем халқы мүдделі болып отыр. «Шикізат (мұнай, уран, металдар) экспорты бойынша бағаның төмендеуі теңгенің төмендеуіне әкеледі. Әзірге ең жағымсыз сценарий осы. Мемлекеттер импортты алмас­тыру, балама экономикалық одақтар құруға басымдық беруі керек», деді М.Спанов.

 

АЛМАТЫ