Оңтүстік өңірлер көктемгі егіс жұмыстарына кірісіп кетсе, қалған аймақтарда науқан жуық арада басталады. Алайда фермердің төрт құбыласы түгел деп айту қиындау. Әр жыл сайын шаруаның көбі шаужайына жармасатын жанармайдың қымбаттығы, техниканың тозуы, сондай-ақ өнім өткізу проблемасымен бетпе-бет келеді.
Фермерлер үнемі жеңілдікпен бөлінген дизель отынының қымбаттығына шағымданады. Ұлттық агроқозғалыс төрағасы Алмасбек Садырбайдың айтуынша, шаруа үшін жанармай құны өте маңызды, өйткені астықтың өзіндік құнында отын 25-тен 30%-ды алады. Қазірдің өзінде шаруалар дизель отынын нарықтық бағамен алып жатыр деуге болады.
Мәселен, Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы «Земляне» ШҚ басшысы Николай Шульга арзандатылған отынның құны жоғары екендігін айтады. «200 гектарға бидай, астық, арпа, сұлы егеміз. Ал 1 гектарға кез келген техникаға орта есеппен 10 литр дизель отыны қажет. Жанармайдың құны жоғары. Егер жанармай құю бекеттерінде дизель отыны 230 теңгеден сатылса, арзандатылған отын бізге литріне 217 теңгемен беріледі. Яғни айтарлықтай айырмашылық жоқ және шаруаға бұдан келетін көмек аз», дейді ол.
Ұлттық агроқозғалыс өкілдерінің пікірінше, көктемгі дала жұмыстары кезінде дизель отынына акциздің төмендетілуі мәселені шешуі мүмкін. Мысалы, өткен жылдан бастап акциздер тоннасына 9300 теңгеден 35726 теңгеге дейін қымбаттаған. Сондықтан дизель отынының бағасы мемлекет тарапынан реттелуі керек.
Сол секілді шаруаларды толғандырып отырған тағы бір жайт ‒ алған өнімдерін өткізетін нарықтың болмауы. Соның салдарынан диқандар баптап күткен бидайын қайда сатарын білмей дал. Ақмола облысының Шортанды ауылындағы «Аян» ЖШС басшысы Бауыржан Мұхамедьяев жыл сайын бидайдан жақсы өнім алатынын, бірақ өнімді өткізу әр кез қиындық тудыратынын айтады. Оған қоса Ресейден келетін сұр экспорт та шаруалардың қадамына тұсау болып отыр. «Былтыр біз Ресей бидайынан қатты қысым көрдік. 2-3 жылдан кейін ғана мемлекет көлікпен әкелінетін сұр импортты жабу жағын ойластыра бастады. Бірақ әлі де мәселені шешудің толыққанды тетігі жоқ. Бұл да – біз үшін үлкен проблема», дейді серіктестік басшысы.
Сондай-ақ фермерлерге ұзақмерзімді қаржыландыру жетіспейді. Мәселен, Аграрлық несие корпорациясы мен Азық-түлік корпорациясынан түсетін қаржыны олар қаңтар-наурыз айларында алып, қазан айында қайтаруы керек. Ауыртпалық түсіріп отырған тағы бір мәселе – кепілдің болмауы. АНК кепілдікке қоятын шаруаның үйін небәрі 200 теңгеге бағалайды. Ал олардың кепілге ұсынатын жарытымды мүлкі жоқ.
Ұлттық агроқозғалыс жетекшісі шағын фермерлерге жыл сайын мемлекет тарапынан көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін қаражат мөлшері аз деп есептейді. «Биыл көктемгі дала жұмыстарына 140 млрд теңге бөлінді. Қаражаттың негізгі көлемі ірі агрохолдингтерге кепілмен қамтамасыз етілуіне байланысты кетеді. Сондықтан шағын фермерлер үшін несие алу кезінде талаптарды қайта қарау және жеңілдету қажет. Мысалы, өндірістің бесжылдық тарихын ескере отырып, шағын фермерлерге кепілдікпен несие беруді ұсынамыз», дейді агросарапшы.
Проблемалар қатарында фермерлер ауылшаруашылық техникасының тозуын және тым қымбаттығын айтады. Салдарынан шаруалар ескірген жабдықтармен жұмыс істеп, ауылшаруашылық техникасын жөндеуге қосымша қаражат жұмсауға мәжбүр. Оған қоса агротехникаға кәдеге жарату алымы тағы бар. Қозғалыс басшысының айтуынша, мұның бәрі өнімділікке, аграрлық саланың дамуына теріс әсер етеді.