Катонқарағай ауданында бұрын-соңды болмаған індет тарап, Жаңаүлгі, Шыңғыстай, Аққайнар ауылдары карантинге жабылған. Ауылдықтардың айтуынша, шешек ауруы сырттан жеткізілген қойдан шыққан көрінеді.
Ақпанда тараған індеттің беті әлі күнге дейін қайта қойған жоқ. Ауру белгілері байқала сала аудандағы ветеринарлық пункт меңгерушілері Е.Кітапбаев пен М.Құрманов қан сынамалары мен биологиялық материалдарды алып, «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК филиалына жолдаған. Сараптама актілеріне сәйкес жоғарыда аталған үш ауылдық округ тұрғындарына тиесілі ұсақ мүйізді малдың қан сарысуы вирусологиялық зерттеулері оң нәтиже берді. Сөйтіп, ұсақ мүйізді малдан шешек ауруы шығуына байланысты 13 наурыздан Аққайнар және Катонқарағай ауылдық округтері әкімдерінің шешімдерімен Шыңғыстай, Жаңаүлгі және Аққайнар ауылдарының аумағына карантин режімі енгізілген. Қазіргі уақытта үш ауылдың кіреберісіне блок-бекеттер қойылып, кірген-шыққан көліктер тексерістен өтеді. Яғни ауылдан қой-ешкі алып шығуға немесе кіргізуге болмайды.
– Ауылға кірген, шыққан әр көлікті тексереміз. Тексеріп қана қоймаймыз, көліктер дезинфекцияланып бір-ақ кіреді. Ол үшін шлагбаумның алдында арнайы сұйықтық құйылған төсеніш бар, – дейді блок-бекет кезекшісі Ермек Сатышев.
Иә, қорғаныс жан-жақты қарастырылған. Күн-түні кезекшілік жүргізіліп тұрады. Алайда аурудың алдын алу секілді шаралардың жүргізілмейтіні айдан анық. Оны айтып отырғанымыз, ветеринария мәселесін аз қаузағанымыз жоқ. Бір емес, бірнеше рет проблема көтердік. Атап айтсақ, ветеринария саласының материалдық базасы жұпыны, жалақысы мардымсыз, мамандар жоқ. Тиісті жағдай жасалмаған соң да ауру шығады.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағындықовтың айтуынша, қазіргі уақытта ұсақ мүйізді мал арасында өлім мен жаңадан ауырғандар байқалмайды. Катонқарағай ауданындағы эпизоотиялық жағдай – ветеринарлық қызметтің бақылауында. 11 маман, 6 техника, 8 мыңнан аса малға вакцина егілді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы