Қазақстан Даму банкі «KEGOC» АҚ электр желілерін басқару компаниясына облигациялық қарыз бөлді. Жалпы сомасы 10 млрд теңгені құрайтын қаражатты қарыз алушы еліміздің бірыңғай энергожүйесінің батыс аймағының жоғары вольтты желілерін реконструкциялауға және электр желісін нығайтуға бағыттамақ.
Жоба тұтынушыға электр энергиясын үздіксіз және қауіпсіз жеткізу, қоршаған ортаға ластағыш заттар мен техникалық шығарындыларды азайту, сондай-ақ электр энергиясын тұтынуды жылына 4,392 млн киловатт-сағатқа қысқарту сынды маңызды әлеуметтік әсер береді. Сонымен қатар құрылыс кезеңінде жергілікті мамандар үшін 450-ден астам жұмыс орны құрылады. Әуелік электр жеткізу желілерін реконструкциялау электр желілерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
«Жоба республикамыздың батыс өңірінде тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың өткізгіштігі мен беріктігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ желі шығындарын азайтуға көмектесіп, тұтастай энергия жүйесінің тиімділігін арттырады», дейді «Қазақстан Даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров.
Бұл жұмысты қаржыландыру үшін банк жақында KASE биржасында дебюттік «жасыл» облигацияларды орналастырудан тартылған қаражатты пайдаланады. ҚДБ KASE-де 30 наурызда өткен сауда-саттықта KEGOC-тың «жасыл» облигацияларын сатып алды. Осылайша, облигациялар мен оларды орналастырудан түскен қаражат жобаны қаржыландыруға тікелей жұмсалатын болды. Бұл – облигациялық қарыз түрінде құрылымдалған ҚДБ-ның алғашқы мәмілесі.
«KEGOC» АҚ «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) сауда алаңында жылына 19,51% өтеуге орташа алынған кірістілікпен жалпы көлемі 16,9 млрд теңге болатын «жасыл» облигацияларын сәтті орналастырды. Бағалы қағаздарды өтеу мерзімі 2037 жылға дейінгі «KEGOC» АҚ облигацияларының екінші шығарылымы шеңберінде орналастырылды. Сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы – 84,8%, бұл инвесторлардың «KEGOC» АҚ-ның «жасыл» облигацияларына деген қызығушылығының артқанын көрсетеді. «Жасыл» облигацияларды шығару шеңберінде еліміздің Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің операторы Жасыл қаржы орталығынан (AIFC Green Finance Centre) ICMA жасыл облигациялар қағидаттарына сәйкестік туралы сыртқы бағасын (Second Party Opinion) алды.
ҚДБ-ден басқа, жобаға бірлескен инвестор ретінде Еуропа қайта құру және даму банкі қатысады. Бұл бірлескен жоба отандық инфрақұрылымды дамытуға шетелдік инвестицияларды тарту әлеуетін көрсетеді. ҚДБ квазимемлекеттік сектордың жобаларын басқа кредиторлармен бірлесіп, тек қана синдикатталған немесе бірлескен қаржыландыру шарттарымен, жобалар ESG қағидаттарына сәйкес келген жағдайда қаржыландырады.
«KEGOC» АҚ Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) активтеріне иелік етіп, басқарады. Қызметтің негізгі түрлері табиғи монополиялар саласына жатады. Компанияның балансында ҰЭТ-ты құрайтын ұзындығы шамамен 27 000 км болатын, кернеуі 220-1150 кВ электр жеткізу желілері және трансформаторларының белгіленген қуаты 38,99 ГВА болатын 82 қосалқы электр стансасы бар. Жуырда компания өткен жылдың нәтижелерін талқылап, биылға арналған негізгі міндеттерін белгіледі. Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің операторы өндірістік межені орындау, инвестициялық жобаларды мерзімінде іске асыру, қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, әл-ауқатты арттыру бағытындағы белгіленген барлық жоспарын ойдағыдай іске асырды. KEGOC «Түркістан қаласын сыртқы электрмен жабдықтау схемасын күшейту» жобасы шеңберінде кернеуі 220 кВ «Орталық» қосалқы стансасының құрылысын аяқтады; Халықаралық қайта құру және Даму банкіне 46,3 млн теңге көлеміндегі қарыз мерзімінен бұрын қайтарылды; Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін «жасыл» облигациялар сәтті орналастырылды. Энергетика министрлігі өкілдерінің, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының HSE саласындағы басшылары мен сарапшыларының, сондай-ақ ТМД елдері компанияларының қатысуымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі бірінші форумы өткізілді. Компания өз қызметкерлерінің денсаулығын ерікті медициналық сақтандыру бағдарламасын, сондай-ақ жеңілдетілген пайыздық мөлшерлеме бойынша банктік қарыз беру арқылы жоғары білікті кадрларды тарту үшін жеңілдетілген несиемен баспана сатып алу бағдарламасын іске қосты.
Биыл «Қазақстан БЭЖ оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» және «Батыс Қазақстанның энергожүйесін Қазақстан БЭЖ-мен біріктіру» жобалары бойынша жұмыс жалғасады. Сонымен қатар компанияны қор нарығына (IPO) шығаруды қамтамасыз ету, ESG-рейтингін алу, сондай-ақ компания қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыру бойынша жоспарланған іс-шараларды жүзеге асырмақ.
Компанияның басқарма төрағасы Қаныш Молдабаевтың айтуынша, атқарылған іс-шаралар қызметкерлерді ынталандыруға, олардың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ компаниядағы корпоративтік мәдениет пен әлеуметтік тұрақтылықтың жоғары деңгейін қолдауға қосымша серпін берді. Үйлесімді жұмыстың арқасында «KEGOC» АҚ алдағы уақытта күрделі техникалық және технологиялық міндеттерді шешуге дайын екендігін жеткізіп отыр.