Оқырман үшін сүйікті жазушысының өміріндегі барлық дерек қызық. Автордың шығармашылығынан бөлек тағдыры, жеке өмірі, күн режімі, қызығушылығы, мінезі, әдеті, киім киісі – бәрі-бәрі. Сөз өнерінде жүрген қауымның ләззаты да, азабы да жазу дейміз. Сол жақсы жазу талант пен шеберлікке ғана байланысты екені шындық. Дегенмен ақын-жазушылардың күнделікті қоңыр тіршілігі, болмысы мен өмір сүру тәртібі қаламына әсер етпей қоймайтыны тағы анық.
«Стендаль синдромы»
Француз жазушысы Стендаль бірде саяхаттап жүріп, өзінің бір «ауруын» анықтайды. Ол 1817 жылы Флоренцияға барғаннан кейін: «Мен Қасиетті Крест шіркеуінен шыққан кезде жүрегім дүрсілдеп, өмірдің жарығы таусылып, жерге құлап кетердей сезіндім», деп жазады. Қаламгерді ерекше толғандыратын өнер туындылары басқа адамдарға да осылай әсер етуі мүмкін. Жүрек жиі соғып, бас айналады. Ғалымдар зерттей келе бұл күйді – психосоматикалық бұзылысты «Стендаль синдромы» деп атады. Онымен «ауырған» адам сурет кеңістігіне еніп кеткендей сол картинадан ерекше күш алады. Бұл синдром өнерден бөлек, тұмса табиғат, сұлулық әсерінен де пайда болады. Сол үшін музей аралағанда немесе киелі орындарға саяхат кезінде «Стендаль синдромынан» абай болу керек.
Бір әңгіме
Бір әдеби басқосуда мажарстандық жас прозашының қасына қарапайым киінген әйел келіп жайғасыпты. Жаc автор оны танымаған соң «қатардағы бір жазушы шығар» деп ойлайды. Менсінбеген емеурінде:
– Бикеш, кәсіби жазушысыз ба? – деп сұрайды.
– Иә, мырза.
– Қанша шығарма жарияладыңыз? Бірер шығармаңызды оқып көрсем бола ма?
– Тек әңгіме жазамын, көлемді шығармам жоқ.
– Мен де әңгіме жазамын. Мәселен, 339 әңгіме жариялап үлгердім. Сізде қанша әңгіме бар?
– Бір әңгіме ғана.
– Біреу ғана ма?.. Қандай тақырыпта?
– «Жел айдағандар» (немесе «Толқу»).
Мұны естіген жас автор аңырып тұрып қалды. Ол әйел – есімі елге жайылған жазушы Маргарет Митчелл еді.
Қызыл сөзден құтылу
Сергей Довлатов шығармашылығының соңғы он жылында бір әріптен басталатын сөйлемдерді саналы түрде қолданбауға тырысқан. Бұл ғадет оған көпсөзділік пен бос әңгімеден арылуға көмектесіпті. Довлатовтың осы көзқарастағы шығармаларына «Шабадан» («Чемодан»), «Қорық» («Заповедник»), «Филиал», т.б. жатады. Үйренетін үрдіс пе, қалай?
Нобель алған қарындаш
Ғабит Мүсірепов әйгілі «Қыз Жібек» фильмінің сценарийін қарындашпен жазып шыққаны әмбеге аян. Қадыр ақын да өлеңдерін қарындашпен жазғанын білеміз. «Өйткені өте ыңғайлы, тұрып та, отырып та, жатып та жаза беремін», дейтін өзі. Сол сияқты Джон Стейнбек те шығармаларының алғашқы нұсқасын қарындашпен жазатын. Жұмыс істер алдында ол ондаған жақсы ұшталған қарындашын сайлап қояды. Автор қарындаш таңдауда да мұқият болды: ол тек Blackwing өнімін қолданатын. Осылайша, таңдалып, талғанып алынған қаламнан туған жазулар авторға Нобель, Пулитцер сыйлықтарын алып берді.
Қалам демекші, Шерхан Мұртаза кәдімгі шарлы қаламмен жазған. Түні бойы қолмен жаза отырып, бір жазғанын еш өзгертусіз машинкаға жіберуге тырысқан. Ал Тынымбай Нұрмағамбетов үйренген автоқаламын сынғанша қолынан тастамай, ішін ғана ауыстырып отырады. «Мен тек автоқаламмен жазамын. Жазуды бастағалы бері автоқаламымды екі-ақ рет, асып кетсе, үш рет ауыстырыппын. Қырық жылға жуық уақыт ішінде ұстағаным – үш-ақ қалам. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы. Ырым. Сенім», дейді өзі.
Жазушы даңғылы
Өмірінің соңғы жылдарында Виктор Гюго Париж көшелерінің біріндегі жекежайда тұрды. Ол көше көзінің тірісінде-ақ көпшілік арасында «Виктор Гюго даңғылы» деп аталған. Мәселен, жазушы хаттарындағы мекенжайға тек «Месье Виктор Гюгоның Париждегі даңғылынан» деп көрсеткен.
Әгәрәки, жол түсіп, Парижге бара қалсаңыз, жүргізушіге «Виктор Гюго даңғылына!» деп айтарсыз.
Ең қысқа хат
Сол даңғылда тұратын жазушы Гюго 1862 жылы демалыста жүріп, жаңа шыққан «Аласталғандар» («Отверженные») романына ел-жұрттың пікірін білейін деп баспагеріне «?» деп жеделхат жолдайды. Ал баспагер жеделхатқа «!» деп жауап береді. Бір символдан тұратын бұл жазба тарихта жазылған ең қысқа хат шығар.
Дайындаған
Маржан ӘБІШ,
«Egemen Qazaqstan»