Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені бұрынғы, яғни 16,75 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Ақша-кредит саясаты комитеті бұл шешімді кейбір елдерде баяулауына қарамастан жаһандық инфляция қысымының әлі де жоғары болып тұруымен түсіндіреді. Иә, инфляция наурызда аздап төмендеді. Бірақ инфляцияның орнықты және тұрақты төмендеу тренді туралы айтуға әлі ерте дейді ҰБ өкілдері.
Жақын арада инфляция төмендейді дегенге халықтың да сенімі аз, оның үстіне мемлекеттік шығыстардың ұлғаюы, жанар-жағармай және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық нарығында уақыты келген реформалар түріндегі проинфляциялық факторлар сақталып және іске асырыла бастады. Бұл да қысымды күшейтеді.
«Инфляцияның орнықты бөлігі де баяулауды көрсеткенімен, проинфляциялық ортаның сақталуын дәлелдеп, әлі де жоғары қалпында қалып отыр. Қаңтар-ақпан айларында инфляциялық күтулер төмендегеннен кейін қайтадан жеделдеді. Наурызда бір жылдан кейін күтілетін инфляция респонденттер тарапынан 16,5% деңгейінде бағаланды (ақпанда – 14,2%). Инфляциялық күтулердің факторларына азық-түлік бағасының өзгеруі, сыртқы оқиғалар, теңге бағамының өзгеруі, сондай-ақ жалақы мен зейнетақының өсуі жатады. Сыртқы инфляция баяулағанына қарамастан жоғары қалпында қалып отыр. Азық-түліктің әлемдік бағасы үздіксіз төмендеп келеді, бірақ әлі де соңғы бес жылдағы орташа мәндерден жоғары қалыптасады», деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Еуропа орталық банктері инфляция әлі ұзақ уақыт бойы жоғары қалпын сақтап қалады деп күтеді делінеді хабарламада.
«Проинфляциялық тәуекелдер сақталып, ішінара жүзеге аса бастады. Құбылмалы инфляциялық күтулер елдегі проинфляциялық ортаның жоғарылағанын көрсетеді. Реттелетін тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі салдарынан инфляцияның ықтимал жеделдеу тәуекелі сақталып, ішінара жүзеге аса бастады. Сонымен бірге республикалық бюджет шығыстарын елеулі түрде қайта қарау және бюджеттік қағиданы пайдалануды уақытша тоқтату белгісіздікті туындатып, тәуекелдер балансын проинфляциялық жағына ығыстырады», деп хабарлайды.
Осының барлығын ескере отырып Ұлттық банк бірінші жарты жылдықта базалық мөлшерлемені қазіргі мәнде сақтап қалуды орынды көрген. Бұл еліміздегі инфляциялық үдерістердің біршама бәсеңдей түсуіне қолдау көрсетіп, бюджет шығыстарының өсуін реттеуге және инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде тұрақталуына жол бермейді деген сенім бар.
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, негізгі міндет – инфляцияның тұрақты төмендеу траекториясына қол жеткізу.
«Оңтүстік өңірлердегі өнімнің шығынға ұшырауы мен үсік салдарынан жеміс-жидек пен көкөніс бағасының көтерілуі, сондай-ақ сұраныстың жоғары болуынан көлік қызметі құнының өсуі инфляцияның төмендеуін тежеді. Биылғы наурызда азық-түлік инфляциясы айтарлықтай баяулап, 20,5%-ды құрағанымен, жалпы инфляцияға көптеп үлес қосуын жалғастырып келеді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 18,1%-ға, қызметтер бағасының өсуі 14,4%-ға дейін баяулады. Ақпан айындағы айлық инфляцияның біршама жеделдеуі бағалардың төмендеу трендін бұзған болатын. Алайда кейін айлық инфляция 0,9%-ға дейін баяулады. Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешім жаңа деректердің, соның ішінде біздің 2023 жылғы мамыр айында болжамды жаңарту кезіндегі ескеретін реформа параметрлерінің шығуына тәуелді болады. Біз жанар-жағармай бағасының өсуінен болатын инфляцияға тікелей әсерге қатысты іс-шара қолдануды жоспарламаймыз. Сонымен қатар монетарлық саясат бойынша шешім қабылдау кезінде біз қосымша әсерлерді, соның ішінде байланысты тауарлар бағасының өзгеруін, инфляциялық күтулерді мұқият қадағалап, талдайтын боламыз», деді Ғ.Пірматов.
Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім кезекті болжамды раундтың қорытындысына сай белгіленеді және 2023 жылы 26 мамырда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 12:00-де жарияланады.