Біз – ішкі миграцияның реттелуіне мүдделі елміз. Бұл мәселені шешуге тәуелсіздік алғалы бері атқарушы биліктің тісі батпай келе жатқаны белгілі. Осы бағыттағы әлсіз қадамдар, егжей-тегжейлі ойластырылып қабылданбаған солқылдақ бағдарламалар ұзаққа апармады.
Көршілес елдермен шекара маңында сауда-экономикалық балансты ұстау үлкен стратегиялық маңызға ие. Сондықтан солтүстік аймақтарды саяси-экономикалық, рухани-мәдени тұрғыдан жандандыру көп күттірмей күн тәртібіне шығарылуға тиіс. Бұл қадам, ең алдымен, қазіргі ұлтымыздың уайымын басады, болашаққа деген сенімді нығайтады. Дәл қазір қазақ халқына ең керегі де осы
Жабайы урбанизация зардабы
Жүйесіз, жабайы урбанизация еліміздің ілгерілеуіне аз кедергі келтіріп отырған жоқ. Бұл жағымсыз үдерістің салдарынан туындаған әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың салмағын ешкім «өлшеп» бере алмайды. Бұдан бөлек, оның елдің мәдени-рухани өміріне тигізген зардабы да оңай болмай тұр.
Әрине, еліміздегі жүйесіз урбанизацияның неден бастау алғанын бәріміз білеміз. Білгендіктен оған түсіністікпен қараймыз... Бәріне кінәлі – КСРО-дан қалған мұра, бұрынғы тіршілік ырғағының бірден нарыққа бейімделе алмауы, өтпелі кезеңдегі экономикалық, әлеуметтік мәселелер. Жарайды делік. Бірақ одан бері аспаны ашық, күні бейбіт, қалтасы қалың дербес мемлекет ретінде отыз жылдан астам уақыт өткердік емес пе? Мемлекет өмірінде бұл уақыт аз болып көрінгенмен, жекелеген мәселелерді шешу үшін көп уақыт...
Ішкі көші-қон, урбанизация саласындағы қалыптасқан ахуалдың қоғамды алаңдатып отырғаны Үкіметті нақты шаралар қабылдауға итермелеуге тиіс. Өйткені аталған мәселе ұлттық қауіпсіздікке, елдің әлеуметтік дамуына, халық тұрмысының жақсаруына, мәдени-рухани өміріне тікелей теріс әсер етеді. Бұл кері әсердің салдар-кесірі уақыт өте ұлғая түссе, одан пайда болған қиындықтарды тезге салу тым қымбатқа түседі, тіпті мемлекеттің ұзаққа созылар «бас ауруына» айналады.
Баршаға белгілі, ауыл халқының қалаларға, әсіресе ірі мегаполистерге көшу үдерісі үздіксіз жалғасып келеді. Осыдан келіп қала тұрғындарының саны ауылдағылардан едәуір артып барады. Мемлекет тарапынан қандайда бір ауқымды шаралар қабылданбаса, бұл айырмашылық алдағы 20-25 жылда күрт өсіп кетуі мүмкін. Өйткені ауылдардағы қарашаңырақтарды, өскен орта мен туған маңды қимайтын елжірек аға буын, сол ата-аналарын тастап кете алмай жүрген жастар ғана ауыл халқының басым бөлігін құрап отыр. Уақыты келе табиғи жолмен қазіргі аға буын селдірегенде қалаға құмар жастар ауылына қолын бір сілтеп кете барады. Міне, осы жайт қала халқының санын күрт өсіріп жібереді деп ойлаймыз.
Қала халқының саны табиғи жолмен емес, ауылдықтар есебінен өсуі экономикаға, қоғамдық көңіл күйге оңай тимейді. Бұл айналып келгенде, бірінші кезекте әлеуметтік қайшылықтардың, қылмыстық оқиғалардың көбеюіне әкеледі, тіпті саяси тұрақсыздықтың туындауына жол ашады. Еліміздегі ең үлкен урбанизация орталығы саналатын Алматы қаласындағы бұған дейін болған жағдаяттарды еске түсірейік. «Шаңырақ», «Бақай» оқиғалары, «Қалқамандағы» жер дауы бізге ой салуға тиіс. Тек Алматы шаһары емес, Астана, Шымкент, Тараз, Түркістан және басқа да қалалардың шеткі аудандарындағы немесе ауылдан келушілер есебінен ұлғая түскен, қаламен ұласып жатқан елді мекендердің мәселелері, ондағы инфрақұрылымның нашарлығы немесе жоқтығы жергілікті биліктің әрекетсіздігінің көрінісі тәрізді. Мұның барлығы – қоғамдық көңіл күйді бұзатын, атқарушы билікке деген сенімді азайтып, өкпе-ренішті арттыратын дүниелер. Бұған қоса қалаларға өзге өңірлерден көшіп келгендерді баспанамен, жұмыспен қамту міндетін ешкім мойнына алған емес. Тек әр азамат өз қотырын өзі қасып, өз арбасын өзі сүйреп, жүріп жатыр. Бір күні қотыры асқынып, сүйреп жүрген арбасы сынса, шарасыздық оны көшеге алып шығады. Ол жалғыз емес, әрине. Міне, саяси тұрақсыздықтың «көзі» осылай ашылады.
Рас, ауыл тұрғындарының көбі қалаға тәуекелге бел байлап келеді. Олардың барлығын, әрине, қалада нағашысы күтіп отырмағаны белгілі. Олар табылған жұмыстың мардымсыз жалақысына тәуелділікпен өмір сүреді. Кейбірі ұсақ-түйек саудамен шұғылданса, енді бірі қызмет көрсету салаларында, өндіріс орындарында еңбек етеді. Бұлайша нәпақа табуды қолай көрмеген немесе тиянақты жұмыс таппаған тағы біреулер қылмыстық жолмен жан бағуға көшеді, енді бірі жұмыссыздар армиясының қатарын толтырады...
Жалпы, біздің бұл жерде ауыл тұрғындарының қалаға көшіп келу құқығын шектеу керек деген ойымыз жоқ. Тек бәрі ретімен болуы қажеттігін айтқымыз келеді. Осы жерде ширек ғасырдан астам уақыт ішінде елімізді «еркін кезген», «білгенін істеген» жабайы урбанизацияның жалпы картинасына тоқтала кетейік.
Белгілі себеппен кеңшарлар мен ұжымшарлар тарап, ауылдағылардың басым бөлігі жұмыссыз қалды. Ауылдардағы тұрақты түрде жалақы төлейтін жалғыз мекеме – мектеп қана болды. Құлаған кеңестік шаруашылықтардың орнын басқан қожалықтар мен кооперативтердің, бірлестіктердің еңбек өнімділігі мен тұрғындарды жұмыспен қамту әлеуеті мардымсыз болды, тіпті, көбісі ұзаққа бармай жабылып қалды. Бос сенделіп қалған ауылдағылардың көбісі амалсыздан қалаларға жол тартып, мұнда қара базардан нәпақа іздеді, кейбірі кәсіп ашты, қызмет көрсету саласына жүгінді. Осылайша, басталған ретсіз урбанизациядан шаһарлардың, әсіресе ірі қалалардың, облыс орталықтарының халқы тез көбейді.
Ауыл ахуалының төмендеуі қала халқының санын арттырып жіберді. Мұндағы базарлар, жалақы төлейтін өндіріс орындары, құрылыс компаниялары, қызмет көрсету саласы ауылдан келгендерді аямай «жұта» берді. Қала мен ауыл арасындағы сабылыс үдей түсті. Ауылдар жұтаң тартса, ал қалаларға түскен салмақ та оңай болмады. Екі тарап та жетіспеді. Атқарушы билік тек салдармен күресуден аспады, мәселенің себебін білсе де оған көңіл аудармады. Барлық күш қалалардағы мәселелерді шешуге, ондағы халықтың әлеуметтік өкпе-ренішін басуға жұмсалды. Ал осының барлығының себеп-бастауында тұрған ауыл мәселесі қаперге алынбады. Соның кесірінен ауыл шаруашылығының тірегі саналатын ауылдар әлсіреді, бәрінен де шекара маңындағы аймақтар халқынан ажырап, жалаңаштанып қалды. Бұл жағдаят басқасын айтпағанда, қазір ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп отыр. Мұны егжей-тегжейлі айтып жатудың өзі артық.
Қалаларға жұтылу – даланы иесіз ету
Ауылдарға көңіл бөлмеу қалалардың «сорғыштық» рөлін арттыра бермек. Осы арада мына жайтты айтпай кетуге болмас. Астана негізі әкімшілік орталық қана болуға тиіс еді. Бірақ жаңа елорданың мәртебесін, имиджін көтеру басты ұранға айналып, оның халықты өзіне тарту мүмкіндігін шамадан тыс арттырып жібердік. Соның салдарынан Астана оңтүстік өңірлердегі халықты айтпағанда, солтүстік облыстардың онсыз да аз халқының біраз бөлігін өзіне «жұтып» алды. Соның салдарынан солтүстік облыстардағы көптеген ауыл қаңырап қалды. Оның үстіне облыс орталықтары да түрлі жобалары арқылы ауыл халқын «жұтумен» келеді. Бұл үрдіс әлі де жалғасып отыр.
Тағы бір мысал, бұрынғы шағын Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы мұнда құрылыс жұмыстары жанданып, шаһар аумағын ұлғайту, көркейту жұмыстарына ақша аямай жұмсалды. Әрине, қасиетті Түркістанның көркейгеніне, үлкейгеніне қарсылығымыз жоқ, бірақ бәрі өз ретімен, өз қисынымен болуы керек еді. Біз олай істемедік. Қаланы кеңейтуге, көркейтуге Әзірет Сұлтанның сүйегі жатқан қасиетті шаһарға деген ықыласы ерекше халқымыздың қарсы болмасын пайдаланған, ал қарсылық білдіргенге пысқырып та қарамас атқарушы биліктің жұрттың іші білетін себеппен іске асырылған Түркістанды түлету жобасы да соңғы отыз жылда әупірімдеп жүріп, оңтүстіктен солтүстік өңірлердің ауылдарына жеткен аз жамағаттың біраз бөлігін тендерге қызықтырып, мөлшері қомақты жалақыға еліктіріп жүріп қайтадан «барымталап» алып кеткенін білеміз. Аталған жоба солтүстік өңірге көшкісі келіп ниеттеніп отырған талайларға «етекбасты» болды, райынан қайтарып тастады.
«Дипломмен – ауылға!», «Серпін» бағдарламалары жер ашпады. Осы бағдарламалардың қаржысын басқарып, иелік ететіндер көп те, ал оның нәтижесіне жауап беретін ешкім жоқ. Бұл – бос әурешілік, биліктің жай алдаусыратуы, «жұмыс істеп жатырмыз» деп күпініп көрінуі ғана.
Біз жоғарыда айтылған жағдаяттар мен мысалдардан алдағы уақытта сабақ алып, сондай жағымсыз үрдістерге бой алдырмауға тиіспіз. Бүгінде ауылдағылардың қалаға көшуін күштеп емес, табиғи, қисынды жолмен тоқтату немесе азайту амалдарына басымдық беру аса маңызды. Әйтпесе алдағы санаулы жылда халқымыздың 80-90 пайызға жуығы қалаларға көшуі мүмкін. Аграрлы еліміздің дамуына бұл мүлде қарама-қайшы жағдай. Бұл ішкі өнімі мен өндіріс көзінің бір бөлігі ауыл шаруашылығы саласына тиесілі елімізде жұмыс күшінің бір жерге шоғырлануы сияқты келеңсіз көріністерді көбейтіп, еңбек нарығындағы теңсіздік ұлғайып кетеді. Сондай-ақ әлеуметтік үйлесімсіздік орын алады. Ауылдар қаңырап, әсіресе шекара маңындағы аймақтарда ел қалмау қаупін асқындырады. Сондықтан ретсіз урбанизацияны тізгіндеу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болуға тиіс.
Әйгілі сұрақ: не істеу керек?
Мәселе айтылды. Түйткіл бар. Енді оны қалай шешу керек?
Негізінен, ауылдардан қалаларға нәпақа іздеп келушілердің көшін солтүстік өңірлерге бұру басты мақсат болуы қажет. Алдымен осы негізгі мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекет экономикасы аталған бағытқа барынша қолдау көрсетуге бейімделе отырып, мынадай мәселелерді қолға алған жөн.
Алдымен аталған бағытта Президенттің және азаматтық қоғамның тікелей бірлескен бақылауында болатын мемлекеттік ірі бір жоба қолға алынуға тиіс.
Осы жоба аясында, біріншіден, солтүстік өңірлердегі бос жатқан және иесі бар бірақ ұзақ жылдар игерілмей келген жерлерді ғарыштық мониторинг жүргізу арқылы түгелдеп, оларды мемлекет меншігіне қайтарып, сол аймақтарды ұзақ жылдарға жалға беру құқымен отандық бәсекеге қабілетті фермерлерге, құрылымдарға беру қажет. Бұл жерде «мұндай фермерлер мен құрылымдар көктен түспесе қайдан табылады?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұған жауап беру қиын емес. Алдымен мемлекеттің барынша қолдауымен жергілікті фермерлерді, қожалықтарды тірек құрылымдарға айналдырып, бұған қосымша оңтүстік өңірлерден ауыл шаруашылығы саласындағы ірісі бар, шағыны бар жұмыс істеуге мүмкіндігі мол құрылымдарды мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсете отырып тарту қажет. Осындай жолдармен солтүстік өңірлерде мал, егін шаруашылығына қатысты ірі ауылшаруашылық корпорацияларының пайда болуын, олардың көбеюін қамтамасыз ету маңызды.
Бұл құрылымдарға мемлекет тарапынан мынадай нақты көмектер көрсетілуі керек:
– үкімет импортқа қолдау көрсетуден тыйылып, экспортқа оң көзқарас қалыптастыра отырып, солтүстік өңірлердегі отандық барлық шаруалардың өнімін лайықты бағаға өткізу үшін ішкі және сыртқы нарықтық алаң дайындап беру немесе өнімдерді өткізуде маңызды міндеттемелерді мойнына алу;
– салықтың ең аз мөлшерін белгілеу;
– мемлекеттің инвестициялық саясатын аталған бағытқа бұру;
– жоба шеңберінде атқарылатын барлық жұмыстарды материалдық тұрғыда қамтамасыз етуде тек қана отандық өндірушілердің әлеуетін толық әрі тиімді пайдаланып, олардың шығарған өнімдерін (әсіресе, ауыл шаруашылығы техникалары, құрылыс материалдары, т.б.) пайдалануға басымдық беру;
– жанар-жағар май, техникаларға қажетті бөлшектерге жұмсалатын қаржының 60-70 пайызын республикалық және жергілікті бюджет есебінен төлеп беру;
– аталған құрылымдарда жұмыс істейтін еңбеккерлерге мұнай, басқа да қазба байлық өндіру саласында еңбек ететін азаматтардың жалақысымен салыстырғанда едәуір жоғары ақы төлеу, оның 50-60 пайызын республикалық және жергілікті бюджет есебінен өтеу;
– өңірде тірек шаруашылықтар орналасқан маңнан лайықты орындар белгіленіп, еңбек етуге барған жұмысшылар мен олардың отбасы мүшелері үшін сол жерлерге заманауи инфрақұрылым құрылып, сапалы біліммен, сапалы дәрігерлік көмекпен, тұрғындар санына қарай әлеуметтік нысандармен, интернетпен, сондай-ақ орталықтандырылған су, жарық, жылу жүйелерімен қамтылған елді мекендердің қазығын қағу;
– жергілікті халықтың өзге өңірлермен қатынас қажеттігін өтеу үшін құрылық және әуе жолдарымен қамтамасыз ету қажет.
Бұл қадамдар жерасты байлығына әбден сеніп қалған мемлекетімізде болашақта экономикамыздың негізгі драйвері ауыл шаруашылығы болуына жол ашады. Бұл жұмыстардың барлығы мемлекетіміздің ғасырлық жобасы ретінде қарастырылып, кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Сонда солтүстік өңірлерді уақыт талабына сай игеру, оны тәуелсіз еліміздің игілігіне айналдыру әрі ұлт қауіпсіздігін қорғау бағытында нақты, өзін-өзі ақтайтын қадам болар еді.
Иә, солтүстік өңірлерді осылайша игеру көп шығынды талап етеді деушілер табылар. Оларға айтарымыз, егер біз атаған бағыттарда мемлекет жүйелі жұмыстар жүргізсе, кеткен шығын аз ғана уақыттың ішінде өтеледі. Оның үстіне ел экономикасы сауығып, отандық өндірушілер шынайы қолдау көреді. Кейбір елдер дағдарыстың өзінен пайда тауып, ысылып, серпін алып шығып жататыны сияқты, аталған жоба Қазақстанды жерасты қазба байлықтарына тәуелділіктен құтқарады.
Екіншіден, солтүстік өңірлерді, әсіресе шекара маңы аймақтарын елге толтыру, оны экономикалық тұрғыда игеру, оған барша қазақстандықтарды тарту ісіне ақпараттық қолдау жұмыстарына маңыз беру қажет.
Үшіншіден, жобаға қатысуға шетелдегі қандастарымызды арнайы жеңілдік пен тиімді шарттар ұсына отырып тартуға, сондай-ақ өзге елге жұмыс іздеп кеткен отандастарымызды шақыруға баса назар аудару керек.
Төртіншіден, аталған жобаға рейдерлік, бюрократиялық, коррупциялық кедергілерді түбегейлі жолатпау, барлық жұмыстың барысы туралы деректердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету аса маңызды.
Бесіншіден, солтүстік өңірлерге тек қана ауыл шаруашылығына қатысты ғана емес, руханият, ғылым, заманауи технологиялар және тағы басқа да салалар бойынша ірі жобаларды жүзеге асыру өзекті. Өйткені мұндағы халық, олардың ұрпағы тек ауыл шаруашылығымен ғана емес, өмірдің басқа салаларында да қызмет етуге құқығы бар. Олар бұл құқығын жергілікті жерлерде пайдалана алуға тиіс.
Алтыншыдан, қазба байлыққа телміріп, жердің астына көз сүзе бермей, жердің үстіндегі байлықты ықтияттап алуға ұмтылдыратын мемлекеттік ішкі және сыртқы саясат тұжырымдамасы жасалуы керек. Бұл саясат Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға аталған салада тәжірибесі мол, ұлтымызға демографиялық қауіп төндіре алмайтын Батыс Еуропа елдерінің компанияларын тиімді шарттармен тартуға да мүмкіндік беруі қажет.
Өнбес іс өрістемейді
Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде солтүстік өңірлердің кейбір тұрғындары тарапынан өзге аймақтардағы ағайынды шақырған бейне-үндеулерді көптеп кездестіреміз. Олардың бастамасына болысып жүрген азаматтар да баршылық. Әлгілердің үндеулерінің қысқаша мазмұны былай: тегін үй, пәлен бас мал береміз, жұмыспен қамтимыз. Қояр шарты: мамандығың пәлен деген пәннен мұғалім болу, мектеп жасындағы кем дегенде екі-үш балаңның болуы. Әрине, оларды да түсінуге болады... Тарайын деп тұрған мектепке бала қосылса, жұмысын жалғайды, әлгі үндеу иелеріне ең басты керегі – сол. Оның ауылында мектеп жабылса бітті, ол жерде тіршілік сүреңсізденіп жүре береді. Өйткені тұрғындар балаларын басқа ауылға оқытуға мәжбүрленеді, біреулер үшін мектеп табыс көзі.
Бұл амал-тәсіл жай ғана жандалбасалау. Шарасыздықтан туған іс-әрекет. Мұндай митың жүріспен солтүстікке ел қондыру мүмкін емес. Әурешілік. Солтүстіктегі кейбір ауыл басшылары, қарапайым азаматтар өзге жақтағы ағайынды тегін үй және тегін мал береміз деп қызықтырып көшіріп әкелмек. Бұған баладан басқа алдана қоятындар өте аз.
Тегін берілген малды қыстан алып шығу үшін жем-шөп керек. Ол қыруар қаржы. Сондай-ақ қақаған қыста малдың астын тазалап, күтіп ұстау, тонналап көмір түсіріп, оны кем дегенде 7 ай пешке жағып, күлін шығарып зыр жүгіру қала көрген, жылы суға қолын малып үйреніп қалған ағайынға ауыр бейнет. Мына дамыған ХХІ ғасырда алты ай қыста қақаған суықпен алысып өмір сүру үшін лайықты әлеуметтік-тұрмыстық жақсы жағдайдың, бейнетіне қарай жалақы төлеудің талап етілуі заңдылық. Оны көп көріп, сынауға болмайды. Сондықтан да біз жоғарыда солтүстік өңірдегі халықтың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөлу қажеттігіне баса назар аудардық. Өйткені елдің барша халқы әлеуметтік-экономикалық игіліктерді көріп, қолайлы өмір сүруге бірдей құқылы.
Ел экономикасы өз әлеуетіне сүйеніп ірі жобаны жүзеге асырғанда ғана серпін алады. Халық та мұндай жобаларды қолдайтыны сөзсіз. Ең бастысы, халықтың атқарушы билікке деген сенімі осы іспеттес ірі жобаларды лайықты іске асырғанда ғана артады. Бос сөзден нақты іске көшкен жерде береке дариды.
Солтүстік өңірлерге ел толтыру, тіршілік қазанын қыж-қыж қайнату, осынау атырапты экономикамыздың драйверіне айналдыру, түптеп келгенде, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру болар еді. Өйткені бұл ата-бабаларымыз қол жеткізе алмай кеткен ұлы іс болатын.
Көршілес елдермен шекара маңында сауда-экономикалық балансты ұстау үлкен стратегиялық маңызға ие. Сондықтан солтүстік аймақтарды саяси-экономикалық, рухани-мәдени тұрғыдан жандандыру көп күттірмей күн тәртібіне шығарылуға тиіс. Бұл қадам, ең алдымен, қазіргі ұлтымыздың уайымын басады, болашаққа деген сенімді нығайтады. Дәл қазір қазақ халқына ең керегі де осы.