• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 13 Сәуір, 2023

Елмира – Азия чемпионы!

323 рет
көрсетілді

Астанада күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпио­натының үшінші жарыс күні бозкілемге бұрым­дылар шықты. Қазақ­стан­ның әйелдер құрама командасы сапында өнер көрсеткен бес балуанның арасынан Елмира Сыз­дықованың шоқтығы биік болды. 76 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған ол барлық қарсыласын сы­пыра ұтып, алтыннан алқа тақты.

31 жастағы Солтүстік Қа­зақстан облысының тумасы бұған дейін де өз жанкүйерлерін талай рет қуантқан еді. Елмира 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауы тұтанған Олимпия ойындарында қола медальді мойнын­да жарқыратты. 2018 жылы Жа­картадағы Азия ойындарында да дәл сол межеден көрінді. 2014-2021 жылдар аралығында өт­кен құрлық чемпионаттарында 1 алтын, 2 күміс және 3 қоланы қоржынға салды. Ол басқа да көптеген халықаралық турнирде топ жарды.

Астанадағы жарыс­та Сыз­дықова Жақсылық Үшкемпі­ров атындағы жекпе-жек сара­йына жиналған жұртты тең­дессіз өнерімен тамсандырды. Алғашында өзбекстандық Озода Зарипбоеваны айқын басымдықпен жеңсе, іле-шала қытайлық Жуан Ванды оңай еңсерді. Финалда оның жолы Айпері Медетқызымен қиысты. Қырғыз қызы қандасымыздан алты жас кіші. Оның үстіне, Медетқызы соңғы кездері халықаралық аренада толағай табыстарға қол жеткізіп жүр. Атап айтсақ, Жакартадағы Азия ойындарында, Белградтағы Әлем кубогінде және Ослодағы әлем чемпионатында үшінші тұғырға көтерілді. Соңғы үш құрлық біріншілігінде жүлде алды. Мәселен, 2020 жылы Нью-Делиде, 2021 жылы Алматыда күміспен күптелсе, 2022 жылы Ұланбатырда алдына жан салмады.

Көршілес екі елдің белді ба­луандары ұзақ уақыт тіресті. Екеуі қанша тырысса да, бір-бірін ала алмады. Бәсеке бел ортадан ауған тұста қарсыласының сәл босаңсыған сәтін сәтті пай­да­ланған Елмира оны жерге алып ұрды да, үстіне қона кет­ті. Айпері қауіпті жағдайдан құты­лудың барлық амалын жасады. Бірақ ол қазақ балуанының темір құрсауынан шыға алмады. Сөйтіп, Елмира Сыздықова Азия чемпионы атанды.

55 кило салмақтағы Марина Седнева жартылай финалда моңғолиялық Отгонтуя Шин­болдтан ұтылғанымен, қола медаль үшін тартыста шеберлік­тің шынайы үлгісін көрсетті. Төреші белгі берген бетте бір­ден шабуылдаған ол бірнеше ұпай еншіледі. Вьетнамдық Ти Мю Транг Нгуен де осал емес екен. ­Ол да лезде лайықты жауап қай­тар­­ды. Бәсекенің басталғанына небәрі ­­­30 секунд өткенде таблодағы ­есеп 9:6-ға жетті. Сол мезетте ­Марина оңтайлы тәсілін жүзеге асы­рып, қарсыласының аяғын көктен келтірді. Нәтижесі – таза жеңіс және қола медаль.

Жанкүйерлер 68 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Елена Шалыгинаның бозкілемге шыққан сәтін тағатсыздана күтті. 36 жастағы ардагер спортшы кезінде Олимпия ойындары мен үш бірдей әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген. Азия чемпионаттарында 2 алтын, 2 күміс және 1 қоланы еншілеген.

Шалыгина Астанадағы жарысты жеңіспен бастады. Бірақ ширек финалда өзінен 15 жас кіші, жалындап тұрған жас жапониялық Ами Ишийге әлі жетпеді. Шыны керек, үшінші орын үшін тартыста да біз жер­лесіміз жеңілетін шығар деп ойладық. Өйткені бұл межеде оның жолы Токио Олимпиадасы мен Азиаданың қола жүлдегері, әлем чем­пионы, Әлем кубогінің иегері, құрлық чемпионы Мейі­рім Жұманазаровамен қиысты. Осы атақтың барлығына қыр­ғыз қызы 23 жасқа толмай-ақ қол жеткізді. Бірақ Мейірім­нің жарақат алуына байланысты бәсеке мерзімінен бұрын тоқтатылып, жеңіс Елена Ша­лыгинаға берілді.

Осылайша, әйелдер күресі­нен өткен жарыстың алғаш­қы күнін Қазақстан құрамасы 1 алтын және 2 қола медальмен қорытындылады. Біздің ба­луандар арасынан Эллада Махяд­динова (50 кило) мен Диана Каюмова (59 кило) ел сенімін ақтай алмады.