• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Сәуір, 2023

Наразылық неден шықты?

571 рет
көрсетілді

Әуелгіде «Өзенмұнайгаз» компаниясының мердігерлері арасындағы ауыс-түйістен шыққан шу ұлғая келе мұнай­шылардың ереуіліне ұласты. Маңғыстау облы­сын­дағы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы офисінің алдында басталған жұмысшылар наразылығы уақыт өте келе Астанада жалғасты.

Алайда наразылық акциясы бейбіт митинг өткі­зу талаптарына қайшы кел­гендіктен, ереуілшілерді елор­­далық полиция мен арнайы жасақ көлікке мінгізіп, қала аудандарындағы полиция басқармасының ғи­маратына апарған болатын. Ал бұл оқиғадан құлағдар болған маңғыстаулық мұнай­шылардың тағы бір тобы Астанаға келген әріптестерін қолдап, Жаңаөзен және Ақ­тау қалаларында қарсылық білдірді. Қуанышқа қарай, іс оңынан шешіліп, полиция бөлімшесіне жеткізілген ереуілшілерге түсіндіру жұ­мысы жүргізілгеннен кейін олардың негізі тобы кері қайтты. Ал еңбек дауын оң­тайлы шешу үшін комис­сия құрылып, оған мұнай­шылардың да өкілдері кір­ді. Бір қарағанда мұнай­шылардың кезекті дауы сияқ­ты көрінген бұл жағ­дайдың жиі қай­талануын жақсылыққа жоруға болмайды. Сондықтан да Үкімет мүшелері, депутаттар және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен мұнайшылардың өкілдерінен құралған комиссия бұл дауға нүкте қояды деген сенімдеміз.

Ал жаңаөзендік мұнай­шыларды ереуіл атқа мінгізіп, елордаға дейін жеткізген мә­селенің мәнісі мы­нада екен. «Берали Маңғыстау Company» серіктестігінде еңбек етіп жүр­ген жұмысшылар ком­панияның кезекті тапсырысқа қол жеткізе алмай қалуының кесірінен жұмыссыз қалу­ға мәжбүр болған. Енді атал­ған серіктестіктің ор­нына «Өзенмұнайгаз» ком­­па­ния­сының мердігері атан­ған «КезБи» серіктестігі өнді­ріс­тен қол үзіп қалған мұ­най­шыларды толық­қанды жұ­мыспен қамтуға қау­қарсыз болып шыққан. Осыдан кейін мұнайшылардың наразылығы күшейіп, олар Жаңаөзен қа­ласында ереуіл бастаған.

«Бұл дау мұнайшылардың әлеуметтік жағдайының ше­­шілмеуінен шықты. Біз өзі­міздің еңбегімізге лайықты ақы төлеуді ғана талап етіп отырмыз. Мәселенің байы­бына бару керек, мұнай саласында жұмыс істейтін компаниялардың жиі ауысуы мұнайшылардың кінәсінен емес, керісінше мердігердің өзгеруі бізге көптеген қиын­дық әкеледі. Рас, компания­лар бізге жұмыс орнын ұсынғанымен, ол көп жағ­дайда тұрақты болмайды. Мер­дігер ұтып алған тапсырысты 3 айдан 9 айға дейін орындап бітсе, қалған уақытта мұнайшылар жұмыссыз отырады. Біздің отбасымыз бар, заңды дема­лысқа шығып, балаларымызды қыдыртқымыз келеді, ал толық 1 жыл жұмыс істемеген адамға қандай ком­пания болсын демалыс ақысын төлемейді. Сондай-ақ мұнайшының жалақысына қатысты қоғамда алып-қаш­па сөз көп. Жергілікті мұ­найшылар 700 мың теңге жалақы алса, дәл осындай жұмыс жүктемесін істейтін шетелдік еңбек күшіне екі есе көп төленетіні белгілі. Тағы бір басын ашып алатын нәрсе, біздің айлығымыз жоғары болғанымен, оны жыл он екі ай бойы алмайтынымызды жоғарыда айттым. Демек, мұнайшылар қойып отырған талап әділетті деп санаймыз», дейді жаңаөзендік мұнайшы Есімжан Әбдірахымұлы.

Жалпы, мұнайшылардың мәселесі Парламент мінбе­рінен де тұрақты көтеріліп жүр. Осы оқиғаға орай Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин кеше Үкімет басшысының атына тағы да сауал жолдады.

«Күні кеше бір топ маң­ғыстаулық мұнайшылар өңірде өз мәселелері шешіл­мегеннен кейін Астанаға келді. Өткен жылы да осындай оқиға бас қаламызда орын алған болатын. Сонымен қатар кешегі сайлауалды үгіт-насихат ке­зінде бірнеше сервистік ком­паниялар «Самұрық-Қа­зына» әл-ауқат қорының ережелері талаптарының ес­кіргенін және қазіргі жағ­дайға сәйкес келмейтінін айтып шағымданды. Мы­салы, Маңғыстауда бір жа­уапкершілігі шектелген серік­тестік жұмыссыздық белең алған Жаңаөзен қаласында, Жетібай кентінде, Мұнайлы ауданында цехтар ашып, негізінен жергілікті әйел азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтып, мұнай компанияларына арнайы киім тігуді қолға алған-ды. Бірақ жыл сайын өтетін тендерлердің кесірінен келі­сімшарт ала алмай қалса немесе баға демпингісінен оның сомасы едәуір тө­мендесе 90 пайыз жұмысшылары жұмыссыз қалайын деп отыр», деді Е.Жаңбыршин.

Мәжіліс депутаты өз сө­зінде бұған дейін де жұмыс­сыздыққа және еңбек дауларына қатысты дабыл қаққанын айта келе, Үкімет, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» компаниясы және жергілікті атқарушы билік жүйелі жұмыс атқармағанын сынға алды.

«Маңғыстауда жарылайы­н деп тұрған «жара» көп. Олар­ды кешенді түрде «емдеумен» айналыспаса, дау-дамай әрі қарай жалғасып, ушыға береді. Үкімет комиссиясын құру жөнінде сізге хат та жолдадық. Оған әлі жауап бермедіңіз. Қашанғы көзді жұмып, құлақты бітеп, ауызды буып отыра бе­ре­сіздер?! Мәселені шеше­тін уақыт өтіп бара жатыр. Ер­тең «қолымызды мезгі­лі­нен кеш сермедік» деп жүр­меңіздер. Сервистік және басқа да мердігер компания­лар бюджетке салығын төлеп, өздеріне инвестиция құйып, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүдделі. Бірақ келесі факторлар: тен­дер­лердің әділетсіз өтуі, жем­­­қорлық, тарифтердің тө­мендігі, баға демпингісі және басқа да мәселелер оған мүм­кіндік бермей отыр. Бұл өз ке­зегінде компаниялардағы жалақы деңгейінің төмен­деуіне, әлеуметтік пакеттер­дің төленбеуіне, еңбек қауіп­сіз­дігінің сақталмауына, тех­никалардың жаңаланбауына себеп», деді ол.

Осы орайда Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Үкі­метке бірнеше ұсынысын жеткізді. Біріншіден, баға демпингіне шектеу қою керек. Екінші, сервистік компаниялармен көпжылдық келісім-шарттарға отыру мәселесі ше­шімін табуға тиіс. Яғни мер­­дігер компаниялардың жұ­мысы тұрақты қамтамасыз етілуі қажет. Үшіншіден, мем­лекеттік тапсырысқа шыға­рылатын жұмыстар мен қыз­меттердің қаржылық есе­бінде еңбекақы қоры және әлеу­меттік пакет бөлек көрсетіліп, оған бағаның құбылуы әсер етпейтін жағдай қарастыру керек. Ал депутаттың бұл ұсы­нысы Үкіметтен қанша­лықты қолдау табатынын уақыт көрсетеді.