• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Еңбек 12 Сәуір, 2023

Еңбекке тәрбиелеуді де ескерейік

334 рет
көрсетілді

Ертеректе ұлы балға, қызы ине ұстап көрмеген қалада өскен ұрпақты ақсаусақ деп әжуалаушы еді. Бүгін ауылда өскен бала да шаруаға қырсыз болып бара жатыр. Еңбекке тәрбиелеудің астарында ешкімге масыл болмай, өз күнін өзі көріп, қоғам байлығын еселеу жатыр.

Бір кезде оқушылар жазғы дема­лысқа шығып, арқа-басы кеңіген кезде өндірістік бригадаларда жұмыс істейтін. Адам айтқысыз тиімді болды. Біріншіден, жас ұрпақ құрбыларымен бірге еңбек әліппесін ашып, қара жұмыс істеп үйренді. Бұрынғылардың «үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің бізге жақсы» дейтіні осы жер.

– 1979 жылы Көкшетау аудандық атқару комитетінің қаулысымен КПСС ХХІV съезі атындағы кеңшардың Абай орта мектебі жанынан оқушылардың өндірістік бригадасы құрылды, – дейді сол кездегі кеңшар директоры Жеңіс Шүйкенов. – Біздің төңіректе картоп, көкөніс өсіретін осы тәрізді бригадалар Васильковка, Қонысбай ауылдарында бұрыннан бар еді. Мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып жатқан іс-шара болғандықтан, біз бұл шаруаға айрықша мән бердік. Алтыбай ауылын жанай өтетін Қылшақты өзенінің жағасында үш үй салдық. Алғашқы екеуі ер және қыз балаларға арналған жатақхана, ал үшінші үйде асхана, демалыс бөлмесі орналастырылды. Әдемі алаңқайға спорт алаңын жабдықтадық. Оқушылар бригадасына арнайы техника да бөлініп, білікті мамандар тәлімгер ретінде бекітілді. Кілең өздеріндей жасөспірімдер жүр­геннен кейін бригада басындағы уа­қыттары да мейлінше қызықты өтетін. Ол кездегі балалар еңбек десе жанып тұратын. Жастық жігермен кіріскеннен кейін жапырып жібереді емес пе? Күзде мол өнім жинайтын. Атқарған жұмыстарына орай еңбекақы да төледік. Жиналған өніммен мек­тептің асханасы қамтамасыз етілді. Артылғанын мемлекетке өткіздік. Бригада мүшелері – негізінен жоғары сыныптың оқушылары. Айтпақшы, ашылу салтанатына сол кездегі Қазақ КСР-інің Білім министрі Қажахмет Балахметов, облыс, аудан басшылары да қатысты. Дөңгілағаш, Васильковка, Қызыл Жұлдыз ауылдарының оқу­шыларынан құралған өндірістік бригада бірнеше жыл жұмыс істеді. Оқу­шылар мен мұғалімдерді тасымалдау үшін арнайы автобустар бөлдік. Бригаданың кейбір мүшелері күзгі уақытта әкелерімен бірге егін жинау науқанынан да қатысты. Осылайша, еңбек дәстүрі қалыптасты. Балалар бойкүйез болмай жұмысқа бейімделді. Сәтімен сабақталған істің арқасында еңбекке құмар, жұмысына тиянақты бір буын қалыптасты. Бүгінгі күні өкі­ніш­ке қарай, балалар еңбектің қадірін білмейді.

Ел ағасының есті әңгімесін көкіре­гімізге тоқып отырып, айтқан пікіріне қос қолымызды көтеріп қосыла­тындығымызды білдірдік. Шынында да қоғамда осы бір мәселеге жеткілікті мән берілмей жатыр. Бәлкім жаңадан ештеңе ойлап шығарудың да қажеті жоқ шығар. Бұрынғы сынақтан өткен, тиімділігі дәлелденген тәжірибені қайта жаңғыртсақ жетіп жатыр.

– Көкшетау аудандық білім бө­лі­міне басшылық жасап жүрген ке­зімде мектеп оқушыларын еңбекке тәр­биелеу мәселесіне көп көңіл бөлуші едік, – дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев. – Ауданда бірнеше оқушылардың өндірістік бригадалары жұмыс істеді. Бұл екі жаққа бірдей тиімді іс болатын. Біріншіден, мектеп оқушылары жұмыс істеп төселсе, екінші жағынан өздерінің білім ошақтарын қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ететін. Жалғыз өндірістік бригадалар ғана емес жас жеткіншектерді пайдалы еңбекке тәрбиелеудің тармақтары өте көп болды. Мәселен, білім ошақ­тарында еңбек ардагерлерімен кездесу өткізу, олардың портреттерін қаланың көрнекті жерлеріне іліп қою тәрізді өнегелі істер атқаратын. Әрбір еңбек ұжымдарында еңбек озаттарының есімдері мақтанышпен аталып, құрмет тақтасына қойылатын. Қоғамда қарапайым еңбек адамдары қаншалықты қадірленетінін көріп өскен кейінгі буын ұқсап бағуға тырысатын. Бүгінгі күні біз осы ұлағатты үрдістен айырылып қал­дық. Қазір кейбір ауылдарда мал бақ­пайтын, бақша екпейтін адамдар бар. Соның бар­лығы еңбекке дұрыс тәрбие­лен­бегендіктен. Әйтпесе, ауылда тұ­рып та бақуатты тұрмыс кешуге болады.

Алдыңғы буынның көңілге қо­нымды пікірлерін ақыл таразысына сала отырып, бұл тараптағы жауапты мекемелердің есіне тетігі босаған тәрбие жұмысын тағы бір сала кетсек, артықтығы болмас деп ойлаймыз. Тіпті қиын ештеңесі жоқ. Қазір ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары жетіп артылады. Солардың басшыларымен келісім жасаса болғаны. Жермен айналысатын агроқұрылымдар үшін оқушылардың өндірістік бригадасына жер бөлу, жатақхана салу, спорт алаңдарын жабдықтау айтарлықтай жүк болмаса керек. Облыстық білім басқармалары осындай оңды шаруа­ны қолға алса, еңбекке тәрбиелеу ескерілер еді.

 

Ақмола облысы