• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сенат 17 Сәуір, 2023

Ынтымақтастықты нығайтатын ұсыныс

256 рет
көрсетілді

Санкт-Петербург қала­сында ТМД Парла­мент­ара­лық Ассамблеясы Кеңе­сінің 55-пленарлық оты­рысы өтті. Алқалы жиын­ға Достастыққа мүше мем­ле­кет­тердің Парламент Пала­таларының басшылары қатысты. Аталған жоға­ры парламентаралық алаң­ға Қазақстан делегация­сын Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастап барды.

Отырысқа қатысушыларды құттықтай отырып, М.Әшім­баев парламентаралық ынты­мақтастықты одан әрі дамы­ту перспективалары жөнін­де өз пікірін білдірді. Пала­та спикері бұл жұмыстың нақты ба­ғыттарын атап өтті. Ең ал­ды­мен, М.Әшімбаев ха­лықара­лық ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін ТМД ел­дері­нің тілдерін ондағы жоға­ры оқу орындарында оқыту­ды күшейте түскен маңызды екенін айтты.

«Халықаралық ынтымақтас­тықты дамытуда тілдерді білу маңызды рөл атқаратыны бар­шаға белгілі. Өкінішке қа­рай, біз ТМД елдерінің тіл­дерін оқытуға көп көңіл бөле бермейміз. Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде ТМД және жақын шетелдердің тілдері мен мәдениеттерінің кафедрасы бар. Сол жерде Достастық ел­дерінің тілдері оқытылады. Біз өз тарапымыздан осы бірегей кафе­драға қазақ тілін оқыту бойын­ша қажетті көмек көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ басқа мамандандырылған жоғары оқу орындарында да осындай кафедраларды ашу туралы мәсе­ле­ні қарастыруға болады», деді М.Әшімбаев.

Осыған орай Сенат төрағасы ТМД ПАА-ның қамқорлығы­мен жоғары оқу орындарында ТМД елдерінің тілдерін оқыту­ды күшейтуге арналған тәжіри­белік қадамдарды айқындау қажет­тігін айтып, оған ғалым­дарды, сарапшыларды және мемле­кет­тік органдардың өкіл­дерін жұмылдырып, конферен­ция өткізуді ұсынды. М.Әшімбаев көтерген бастама­лардың тағы бірі – Ассамблея аясында өңір елдерінің шығар­ма­шылық пен ғылымда жүрген зия­лылары­ның қатысуымен фо­рум өткізу. Мұндай тәсіл ел­дер ара­сындағы мәдени-гумани­тар­лық байланыс­тарды сақтауға және дамытуға ықпал етері сөзсіз.

Жиында ТМД елдерінің өзара іс-қимылын арттыру ісінде төтенше жағдайлардың бірлесіп алдын алу мәселесі де сөз болды. Оның ішінде сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы төтенше жағдайлардың алдын алу, дәлірек болжау және тәуекелін азайту үшін ынтымақтастықты нығайту мәселесі талқыланды.

«ТМД елдерінің аумағында сейс­ми­калық тұрғыдан қауіпті аймақтар аз емес. Сол себепті біздің елдеріміздің бұл сала­дағы ғылыми әлеуеті зор. Бүгінде сейс­мологиялық, геофизи­калық және басқа да деректерге мониторинг жүргізіліп келеді. Сондықтан ТМД Парла­мент­аралық Ассамблеясы елдері­міздің сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылын жандандыру және жер сілкіністерінің алдын алу үшін бірлескен зерттеулер жүргізу барысында маңызды рөл атқара алады», деді М.Әшімбаев.

ТМД елдерінің Парламент депутаттары Ассамблеяның жалпы отырысында экология, экономика салаларын цифрландыру, салық салу, қаржы және басқа да бағыттардағы модельдік заңдар топтамасын қарады. Отырыс кезінде айтылғандай, модельдік заңдарда қамтылған құқықтық нормаларды депутаттар заң шығаруда қолданады. Өзара тәжірибе алмасудың бұл форматы жалпы мәселелерді шешудің келісілген тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте заң жобаларының сапасын арттыруға және заңнамалық органдар жанындағы ғылыми-зерттеу құрылымдары арасын­дағы ынтымақтастықты нығай­туға ерекше мән беріледі.

Сондай-ақ Сенат төрағасы өз сөзінде Қазақстанның ТМД-ға төрағалық кезеңін қоры­тындылап, 2023 жылы ТМД-ға төр­ағалық ететін Қырғыз Респуб­ликасын құттықтады.

Сонымен қатар сессия аясында М.Әшімбаев бір­қатар екіжақты кездесу өт­кізді. Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нұр­ланбек Шакиевпен келіссөз бары­сында М.Әшімбаев өңір­аралық өзара іс-қимылды одан әрі күшейту перспектива­лары­на жан-жақты тоқталды. Тараптар бірлескен жобалардың тиімділігіне назар аударып, елдер арасындағы саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыруға мүдделі екендерін білдірді.

Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің төрағасы Сахиба Гафаровамен болған кездесуде Сенат спикері ба­уырлас халықтар арасындағы стратегиялық серіктестік пен қарым-қатынастың жан-жақты сипа­тын жоғары бағалады. М.Әшімбаев екі елдің жо­ғары деңгейдегі осындай ынтымақ­тастығы Астанада өткен Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері кездесуінің оң нәтижесі екенін айтты. Сұхбаттасушылар мем­лекет басшыларының келіссөздері екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін бергенін де атап өтті.

Одан бөлек, М.Әшім­баев ТМД ПАА алаңында Ар­мения Республикасы Ұлт­тық Жиналысының төраға­сы Ален Симонянмен кездесті. Кездесу барысында тараптар дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішінде мем­лекета­ралық байланыс қалып­тасқан барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келе жат­қа­нын айтты. Бұдан басқа сұхбат­тасу­шы­лар көпжақты ынтымақ­тас­тық мәселелерін талқыла­ды, бірлескен жобалар жоспарын айқындады және заңнамалық саладағы жаңғыртулар бойынша ұсыныстарын ортаға салды.